Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАЛАЛАР, ТОҚТАҢДАРШЫ... ӘЙГІЛІ "ЖУСАН ИІСІНДЕГІ" АЯН ӨМІРДЕН ОЗДЫ

Уақыты: 17.11.2021
Оқылды: 3067
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Балалар, тоқтаңдаршы. Мен сендерге кешегіден де қызықты ертегі айтып беремін», - дейтін Аян өз ертегісін айтуын біржолата тоқтатты. Бірі білсе, бірі білмес, Сайын МұратбековтІң «Жусан иісі» әңгімесінде аяғын сылти басып, балалардың соңынан еріп жүретін Аянның өмірдегі прототипі - Науқан ата өмірден озды.

Аянның аянышты тағдыры бүгінгі әдебиетсүйер қауымға және менің шәкірттеріме таңсық емес.«Жусан иісі» әңгімесін оқыған сайын, әуелі есімізге жусанның иісі оралады. Жусанның иісі ауылда дүниеге келіп, қара топырағын иіскеп өскен әр баланың есіне оралатыны анық. Міне, сол кейіпкер - Аян бала бүгінде 85 жасқа келіп, өмірінің соңғы күзінде тіршілікпен қоштасты. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, көзі тірісінде атамызды тікелей эфирге шақырмағанымыз өкінішті. Әрине, атамыз туралы біраз мәліметтер бар.

Мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде өз сабағымда 6-сынып оқушыларына Аянның қазіргі тағдырынан мәлімет беру мақсатында Ақын Сара ауылы Ш.Уәлиханов орта мектебінің мұғалімі Меруерт Байжановаға өтініш білдіріп, сауалымызды жолдаған едік.

Немересі мен атасы арасындағы сұхбатты түсіріп, сабағымда қолданып едім. «Жусан иісі» әңгімесін оқығанда, оқушыларды бала Аянның тағдыры, болашағы алаңдатқан еді. Сол сұрақтың жауабы ретінде сұхбатты тамашалаған болатынбыз. (Бұл бейнежазбаның нұсқасын менің рұқсатыммен интернет желісіне жүктеген еді.) Оқушылар разы болып, атамыз нағыз үлгі-өнегенің, еңбекқор, өмірге құштар, айналасына жақсылық нұрын төгетін мейірімді бала бейнесінің символы деп баға берген еді.

Биылғы жылдың 26 қазанында кездейсоқ Науқан (шығармадағы есімі Аян) атамыздың қызы Құралай Керімовамен кездесіп қалдым. Атамыздың көз жұмғанын естіп, біраз жүрегім қынжылып қалды. Өмірден кетер уақытында барлық балаларын жинап, жастарға өсиет айтыпты.

Әңгіме соңында оған көкесінің соғыстан енді оралмайтындығы жайында қаралы хат келіп, Аян балалар үйіне жіберіледі. Ол халықпен қоштасып: «Мен әлі бәріңе де хат жазып тұрамын» деп ант беріп кетеді. Сол ант бергеніндей соңғы хатын да жазып кеткен екен (суретте). «Енді мені іздемеңдер! 85 жасқа келіп, табан басқаныма ризамын!», «Тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтары қиыншылық көрмей өніп-өссін!» депті атамыз соңғы хатында. (Керімова Құралай Науқанқызының әңгімесінен).

Қандай асыл азамат еді?! Қандай әдемі қоштасу?! Тіпті, бейітінің тасына жай ғана есімін жазып қоймай, «Жазушы Сайын Мұратбековтың "Жусан иісіндегі" Аянға кейіпкер болған: Керімтегі Қалиұлы Науқан» деп қойыңдар деп соңғы аманатын да айтыпты.

Сол сұхбатында атамыз 15 баласы, 50 немересі, 18 шөбересі бар, бір немересінің есімін Аян деп те қойғанын айтып еді. Жастық шағында көрген тағдыр тауқыметінің өлшеуіндей артында салиқалы, атын өшірмес ұрпағы бары – үлкен бақыт.

Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» әңгімесіндегі бала Аян 2021 жылдың 15 қазан айында мәңгілік мекеніне қайтыпты. Қош бол, Аян! Қош болыңыз, Науқан ата! Иманыңыз жолдас болсын!

Ләззат ҚАЛИБЕКОВА,

М.Мәметова атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Ескелді ауданы

Алматы облысы