ТІЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТӨМЕНДЕП КЕТКЕН КӨРСЕТКІШТЕРГЕ ТОҚТАЛДЫ

Уақыты: 23.11.2021
Оқылды: 1185
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Jetіsý Medıa» ақпараттық алаңында «Тіл – халықтың байлығы» деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтті. Онда Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Болат Керімбек атқарылып жатқан жұмыстар барысын баяндады.

Биыл өңірде мемлекеттік тілді білетін тұрғындардың үлесі 92,5 пайызды, үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесі 18 пайызды, қазақтілді контенттің үлесі 73 пайызды құрады. Бұл қазақ тілінің қолданылу аясының кеңейіп, тілге деген қажеттіліктің артып келе жатқандығын көрсетеді. 

Басқарма тілдерді оқыту бағытында да жұмыс істейді. Биыл тіл оқыту орталығында 5170 тыңдаушы дәріс алды. Оның ішінде 4094 адам мемлекеттік тілді, 968 тыңдаушы ағылшын тілін, 105 адам орыс тілін оқыды.

Жыл басынан бері облыста 2718 іс-шара ұйымдастырылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстан халқы тілдері мерекесіне арналған «Тіл – тұғыр» атты фестиваль өтті. Тіл фестивалі аясында 820 шара қамтылды. Облыс студенттері арасында өткізілген дебатта жастардың сөз саптауы, ойын жеткізуі, көшбасшылық қасиеттері бұрынғы жылдармен салыстырғанда төмендеген. Жыл сайын «Батагөй» байқауы өтеді. «Бұл байқауға көбіне қариялар қатысатын. Биыл 35 жастан жоғарылар да қатыссын, ертең олар қария болады, бата беріп үйренсін деген мақсатты көздедік. Бірақ оған жастар қатысуға ниет білдірмеді, қариялар ғана қатысты. Қариялардың да бата беру деңгейі алдыңғы жылдармен салыстырғанда төмендеп кеткенін байқадық», – деді Б.Керімбек.

Шығарма жазу бойынша да байқау ұйымдастырылған. Онда «Тәуелсіздік бізге не берді? Осы жылдарда еліміз қандай жетістікке жетті? Кемшілігіміз неде? Қай бағытта дамуымыз керек?» деген сұраққа жауап ізделді. «Бұл байқауға 500-дей студент қатыса ма деп ойлағанбыз, бірақ олардың саны 45-тен аспады. Бұл жастардың шығарма жазу, талдау жасауға деген ниеттерінің, әрекеттерінің төмен екендігін көрсетеді. Байқауларда тек Алғыс хат берумен шектелмей, қаржылық жағынан да жастарды ынталандыру қарастырылды. Соның өзінде қатысушылар қатары аз болды», – деді басқарма басшысы. 

Спикер өңіріміздегі ономастикалық ахуал жайын баяндап, қазіргі таңда жер, көше, нысандарға атау беру және оларды қайта атау жұмыстары жандана бастағанын жеткізді. Баспасөз мәслихаты барысында журналистер сауалына да тұшымды жауап берілді.

Айта кетейік, брифингтің алдында Б.Керімбек Алматы облысының мәслихат отырысына қатысып, есеп берген болатын. Онда басқарма басшысы Қапшағай қаласы мен Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында ескірген көше атауларының көптігін, "Тіл" оқыту орталығында қазақ, орыс, ағылшын тілінен сабақ беретін оқытушылар мардымсыз жалақы алатынын, сол себепті аталған орталықта мамандар тұрақтамайтынын жеткізген еді.

Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы