ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛЫ. ӘР ҚАЗАҚ ҮШІН БІР УЫС ТОПЫРАҚТЫҢ ӨЗІ ҚЫМБАТ

Уақыты: 03.12.2021
Оқылды: 3579
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл халқымыздың маңдай терімен жеткен ең үлкен белесі десек те болады. Сонымен бірге, Тәуелсіздік тойы бүгінгі буынға, келешекке үлкен жауапкершілік жүгін артады.

Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Тәуелсіздік осы отыз жылмен шектелмейді. Отыз жылдың да өз тарихы бар. Бұл жолдың бір жағында қазағымыздың көрген қасіреті тұрса, екінші жағында елдігімізді, егемендігімізді сақтап, оны келешек ұрпақ үшін нығайту ісі менмұндалайды.

Әр қазақ үшін аталарымыздың қаны мен тері тамған бір уыс топырақтың өзі есебі жоқ байлық. Алайда бұл жерді дұрыс пайдалану, қадірін біліп қастерлеу, шынайы отансүйгіштікті қалыптастыру кезек күттірмейтін үлкен іс.

Тәуелсіздікке жету жолында Елбасы ұлттың денсаулығы мен қауіпсіздігін бірінші орынға қойып, ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Осы іс ауырлығы мен қайғысы мол зұлматты біржола тоқтатты. Осы жылдар арасында қаншама спорттық іс-шаралар, өнер байқаулары өткізілді. Бәрінде абырой биігінен түспей келеміз. Біз әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе әділдік қағидатын басшылыққа ала отырып, бұған анық қол жеткіземіз.

2020 жыл Қазақстан Республикасы үшін ғана емес, бүкіл әлемді алаңдатқан жыл болды. Корнавирус індеті еліміздің бірлігін одан сайын арттырып, жұдырықтай жұмылуды үйретті. Қазіргі пандемия және соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл әлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті.

Қазақстан Республикасы осы 30 жыл ішінде көптеген жетістіктерге жетіп, өзінің Мәңгілік Ел екенін әлемге паш етті. Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай!

Жазира ЖАРКЕНОВА,

"Сарыөзек орта мектебі" МДШО бастауыш сынып мұғалімі

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан