Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАНДА ӨНЕРПАЗ ҚАРТТАР ТУРАЛЫ ЖАҢА КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Уақыты: 05.12.2021
Оқылды: 539
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорғанда «Ардагерлер» хорының құрылғанына 5 жыл толуына орай басылып шыққан «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Кітапты Алматы облысының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері Шырақбай Жылқайдаров, еңбек ардагерлері Оңал Жақсылықова мен Мақұлбек Мұхаметқалиевтар құрастырыпты. Тұсаукесерге облыстық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Райхан Серғазинова, Алматы облысының Құрметті азаматы Дина Нұрғалиева, «Ардагерлер» хорының жетекшісі Азат Құрсабаев, қоғам қайраткері Мықтыбек Рақымбекұлы және облыстық, қалалық ардагерлер ұйымының мүшелері қатысты.

Кітапты құрастырушы Шырақбай Ғалымбайұлының айтуынша, бұл еңбек үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде хорда қызмет еткен 60-тан астам өнерпаз ардагердің өмір деректері жинақталса, екінші бөлім ардагерлер шығармашылығына арналған. Ал үшінші бөлімінде баталар мен «Ардагерлер» хорының естелік суреттері берілген.

– Облыстық ардагерлер ұйымының жоспары бойынша Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы аясында өнерпаз ардагерлердің арасында «Қарттардың да өнерге бар таласы» атты байқау өтті. Оған облыстың барлық аудан-қаласынан өнерді серік еткен ардагерлер қатысып, үлкен белсенділік танытты. Өнерлі қарттар байқауын облыстық ардагерлер ұйымы кеңесінің төрағасы бастаған, арнайы құрылған төралқа мүшелері қорытындылады. Байқау аясында Жетісу өңірінің өнерін өрістетіп, мәдениетінің дамуына өзіндік үлесін қосып жүргендердің қатары көптеп саналатындығына көз жетті. Осы жолы маған «Ардагерлер» хоры туралы кітап жазу керек деген ой келді. Бұл ойды жүзеге асыруға Оңал Дінмұхамбетқызы мен Мақұлбек Қажыбекұлы көп көмек көрсетті. Міне, сол еңбектің нәтижесінде осындай кітап жазылды, – деді Шырақбай Жылқайдаров.

Бүгінгі таңда «Ардагерлер» хоры тек қана концерттік жұмыстармен айналыспай, жастарды ұлттық құндылыққа, отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеуде айтарлықтай үлес қосып келеді. Жетістіктері де жетерлік. Айталық, 2018 жылы Елордадағы Конгресс-Холлда өткен республикалық фестивальдің қорытынды Гала концертінде жүлделі орынға ие болды. Облыстық әкімдік тарапынан қаржылай қолдау көрсетіп, әртістердің киім-кешектері жаңаланды. Кейінгі екі жыл көлемінде елді жайлаған індетке қарамастан «Ардагерлер хоры» пандемияның талаптарын орындай жүріп,Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған концерттік бағдарламаға  үлкен дайындық үстінде.

Қажет АНДАС

Алматы облысы