Қазақта кім білмейді Әлімқұлды

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1939
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мен Әлекеңмен, Әлімқұл Жамбыловпен  сонау ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Үшқоңыр жайлауындағы бір тойда таныстым. Ол кезде Жамбыл ауданының Үңгіртас ауылы малшыларының балаларына Жұмабай Тәшеновтың  бастамасымен салынған республикалық  дәрежедегі  мектеп-интернатта мұғалім едім. Директорымыздың  есімі бүкіл республикаға белгілі, Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері,  атақты ұстаз Жұмабай Жадрин болатын.  

Мен бір жылдай қатардағы мұғалім болып жүрдім де, келесі жылы  оқу ісі жөніндегі орынбасары етіп бекітті. Жұмыс шашетектен, жылына шет елдерден 5-6 делегация   келеді. Республиканың түкпір-түкпірінен тәжірибе алмасуға келетіндері қаншама?! Аудан, облыс мұғалімдерінің семинары тағы бар. Жанып тұрған оттың ішіне кірдім де кеттім. Бірақ жаман болғаным жоқ. 27 жасымда «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталдым. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ та беріп жүрдім. Жазған «шимайларым» республикалық баспасөзде жарияланып тұрды. 
Осы мектепте Әлімқұл Жамбыловтың інісі Тілепалды Сатышов пен қарындасы Мырзахан Аққұлова да  қызмет етеді екен. Жамбыл шығармашылығын өтерде осы екеуін сабаққа  шақыратынмын. Оқушылар   Жамбылдың тікелей ұрпақтары болғандықтан Жамбыл аталары  жайлы сұрақтарды көп қоятын. Екеуі білгенінше жауап беріп, көбінесе  біздің әулетте «Әлімқұл ағадан артық білетін ешкім жоқ, сол кісіні шақырып сұрасаңдар дұрыс болар еді», – деп  сыпайы құтылып кететін. Ал Әлекеңнің есімін баспасөз бен теледидардан ғана еститінмін. Өзін көрген емеспін.
Атақты Үшқоңыр жайлауында, Мыңбаев тәжірибе шаруашылығының  озат шопаны Мырзаханның үйлену тойында Әлекеңмен  кездесудің сәті түсті. Келін қырғыз  елінің қызы екен. «Қоқилатып»  қырғыз бауырлар  да жүр тойда. Ал менің мұнда келуіме себеп – осы шаруашылықтың №4 фермасының меңгерушісі Дәукен Тойбаевтың біраз күн де-  малып қайт деп үгіттеуі еді. Онымен жақсы аралас-құраластығымыз бар болатын. Сөйтіп,  Дәукеңнің арқасында қазақ-қырғыз тойына қойдым да кеттім. Әлімқұл Жамбылов та осында құрметті қонақ ретінде шақыртылыпты. Ол аудандық мәдениет  бөлімінде осы шаруашылыққа қызмет ететін автоклубтың меңгерушісі екен. Жанында Дабыртай Сейполдаев деген көркем жігіт жүр. Ол да автоклуб меңгерушісі, бірақ басқа шаруашылықта. Әнді тамаша айтады. Дауысы қандай керемет! Құдды Ермек  Серкебаев дерсің...
Бір жылы аудандық Мәдениет үйінде өткен ауыл жастарының концертіне келгенде оның даусын естіген  Мәдениет министрі Ілияс Омаровтың өзі қолқалап жүріп, сегіз кластық білімі бар Дабыртайды консерваторияға да түсіреді. Бірақ даланың таза ауасына, гүлінің жұпар иісіне үйреніп қалған ол жыл өтпей жатып Ұзынағашқа қайта оралады. Мемлекеттік хор капелласының құрамында болып, Москвада Кремль  Сарайында ән шырқайды. Бүгінгі тойдың гүлі осы Дабыртай мен Әлекең болып жүр.
Алты қанат ақ үйде ине шаншырлық орын жоқ. Жұрт бірін-бірі итермелей отырып, бізге төрден орын ұсынды. Жұртшылық арасынан Әлекеңді қолпаштаған:  «Тірі Жамбыл ғой Әлекең! Жыр бұлағын атасынша ағытады... Жарайсың!» – деген дауыстар жамырай шығып жатыр. 
Үш күн бойы емін-еркін де-малған жұрт Әлекеңнің жырлары мен Жәкең жайлы естеліктеріне, көнекөз қариялардан естіген әңгімелеріне дән риза болып тарасып жатты.
Әлімқұл аға Дәукең дайындаған үйге жібермей, өзімен бірге болуды өтініп, үш күн бойы онымен бірге болдым.
–  «Тыңдалмаса  сөз жетім, киілмесе  бөз жетім, сүзілмесе көз жетім».  Кейде мына жұрттың ішінен сөз құдіретін танитын, ұғатындарын табу қиын. Сөз қадірін білетін  сен сияқты жігітті қалай жіберемін?! Ал Мырзахан болса: «Аға, кетпеңіз! Таудағы той бір аптаға созылады. Сіз  кетсеңіз ел көшкендей болып қаламыз ғой. Арамызда болыңыз!» – деп бой бермейді.Сен де осында менімен бірге бір апта боласың, – деді ол.
Көнбеске лаж жоқ. Әлекеңді ренжітуге болмайды, өйткені шын ниетімен өтініп отыр. Дәукең де келісті. Мен де Әлекеңді қимаймын.
Бір апта бойы оның әңгімелері  таусылған жоқ. Бейне бір сөздің кені дерсің. Әлекеңнің қолы босай қалған кезде ел  арасында айтылып жүрген алып-қашпа сөздердің анық-қанығын  білуге тырысып, өзімді толғандырып жүрген сұрақтар қоямын. Әлекең айтудан жалықпайды.
– Жамбылдың  Құлманбетпен айтысын әркім әр саққа жүгіртеді. Соның анығын ашып айтыңызшы.
– Ол рас. Кітаптарда «Жамбыл Құлманбетті жеңді», – дейді де қояды. Шындығында бұл тең түскен айтыс. Жамбылға «жеңдірген» болыс Құдайбергеннің ісі. Оның шындығы былай: Айтыс кейбіреулер айтып жүргендей таудағы жайлауда емес, Іле көпіріне жақын стансының жоғарғы жағында болған Жетісу губерниясының ірі шонжарлары бас қосқан жиыннан соң ақындар айтысы өтеді. Оған Алматы, Қапал уездерінің белгілі ақындары  қатысады. Құлан аян Құлманбет сол айтыста 9 ақынды жеңіп: «Енді кім бар менімен айтысатын, қара терге түсіп бір қайтысатын?» – деп, желпініп отырғанда Құдайберген: «Таздан басқа ақын құрып қап па, Сүйінбайдан бата алған Жамбыл бар!» – деп көзін алақтатып, Жамбылдың ағасы Тәйтіні шақыртып алып: «Алып кел Жамбылды! Мына тазбен айтыссын!» – дейді. Тәйті Жамбылды алдырады. Аюша ақырып отырған Құлманбет: 
Үндемей кіріп келдің 
        тайпақ қара,
өзің қандай, мен қандай –      байқап қара!
Үлкенге сәлемің жоқ, 
   аманың жоқ, 
Не басыңа  күн туды, дүзі қара! – деп, бірден бас салып, төпелей жөнеледі. Жамбыл да жыр тізгінін ағытады. Екеуі тең түсіп жатады. Бір кезде Құлманбеттің домбырасының ішегі үзіліп кетіп, оны жалғаймын деп жатқанда тентек Құдайберген «Жамбыл жеңді!» – деп айқай сап, сырттағы жұрт  та оны қостап, үстел үстіндегі бәйгені орамалға орап, қалтасына салып шығып кетеді.   
Жамбыл кешке қарай бәйгені, орамалдың ішіндегі ақшаны сол қалпында Құлманбеттің алдына тастайды да: «Алыңыз, мына бәйге сіздікі», – дейді. Құлманбет  ақшаның   азын-аулағын алады да, қалғанын өзіне қайтарып, ақ батасын береді. 
Бұл Жамбылдың кішіпейілдігімен қоса, айтыстың тең аяқталғанын мойындауы еді. Екеуінің аға-інілік достығы жарасып, кейін қырғыз еліне талай рет бірге барады. Алғаш барғанда ол жақта мынадай бір қызық оқиға болады. Құлманбет пен Жамбыл келе жатыр дегенді естіп, қырғыздар қатты дайындалады. Құлманбеттің апиын қолданатын әдеті бар екен. Жолда апиынға елтіп қалып, қырғыздар тіккен үйге кіре салып қорылға басады.  Жамбыл сергек. Ақынның қырғыздарға онша таныла қоймаған кезі. Жәкең  өлеңді  түйдек-түйдегімен тастап, қырғыздарды тәнті етеді. «Е, бәсе, Құлманбет осылай ырлауы керек» – деп, шуласады олар. «Анау жатқан кім?» – деп сұрағандарға: «Ол – атқосшым» – деп  жауап береді. Сөйтсе,  қырғыздар Жамбылды Құлманбет деп ойлап қалыпты. 
Қымыз ішіліп, жыр тыңдалынып,  жұрт самалдауға сыртқа шығады. Апиынның уыты қайтып, Құлманбет те оянады. Ол жуынып-шайынып кеп,  дастарқан басына отыра бере өлең-жырды ағытады келіп. «Қоқи, нағыз Құлманбет мынау екен ғой», – деп қырғыздар «қырылып»  қала жаздайды. Міне, екеуінің достығы өле-өлгенше осылай ажырамаған. Талай айтыстарға, жиын-тойларға екеуі бірге барған. Бір бірін қолпаштап жүрген.
Ендігі  сөзге Дәукең араласты: 
– Біздің үйдің жанында Әбдіғали деген кісі тұрушы еді.  Жамбыл өлеңдерін жатқа білетін. Бұрын еш жерде жарияланбаған өлеңдерін  жатқа соғушы еді. Әттең, ешкім жазып алмады. Өзі екей болатын, әйелі орыс еді. Сол кісі Жамбылдың көріпкелдік қасиеті және жауын жаудыра алатын тылсым күші бар деуші еді... 
– Иә, ондай қасиеттері болған. Мысал келтірейін. Елу жасында жолаушылап келе жатып, айдалада тігулі  тұрған бір үйге келеді. Үй иесі сусынға тапшы екенін айтып, кешірім сұрайды. Үш күннен бері бетіне қарап отырған жалғыз інгені жоғалып, соны іздеп таба алмай жүргенін  жеткізеді. Жәкең көзін жұмып, біраз отырады да: «Осыдан күнбатысқа қарай  бір шақырымдай жүрсең,  бір ойпаңдау жерде бұйдасы бұтаға оралып қалып, боталап жатыр.Тез бармасаң, ботасынан айрыласың» – деп,  жүріп кетеді. Үй иесі айтқан жерге келсе, дәл солай. Тағы бірде кездескенде әлгі кісі Жамбылға рахметін айтып, сый-сияпат көрсетіпті.
– Жәкең күн жайлатады деген әңгімені құлағым шалып қалып еді. Мұны маған Тілепалды айтып еді, – дедім мен де қарап тұрмай.  
– Бір жолы тойдан қайтып келе жатады. Күн қапырық. Демалатын ауа жетпей, бір-екі кісінің аузы бақаша ашылып, қиналып келе жатады. Әбден титықтаған жолдастары Өмірзақ пен Күртібай: «Күн жайлатарыңды көрсетсеңші бізге. Өлетін болдық қой!» – дейді. Жәкең үндемейді. Он – он бес қадым  жерге озып барып, бірдеңе деп күбірлеп, қолын жайып, тілек тілейді. Кенет аспанда бір тоқымдай қара бұлт пайда болып, жауын құйып кеп береді. Жауын денелеріне оқша қадалады. «Ойбай, Жәке! Тоқтат мына жауыныңды. Аттарымыз да дірдек қағып барады. Біз де мұздап өлетін болдық» – дейді жолдастары. Ақын алға қарай озып барып,  қолын жайып, тағы бірдеңелерді айтып күбірлейді. Жауын сап қойып, әлгі бұлт тауға қарай жөңкіледі. Бұл жайды жоғарыда аталған кісілер көрген, бастарынан кешірген. Жәкеңнің бойындағы осындай тылсым күштер әлі де зерттелуі тиіс.
– Жәкең жақсы көретін адамдарына өзінше ат қойып алады деседі. Өзіңізге ат қойған жоқ па? Оған не дейсіз? – деп, сөзге Дабыртай араласты.
– Мен қайда қашып құтылайын? « Қалқан құлақ» дейтін. Қырқыншы жылдың жаз айында Дина Нұрпейісова қонаққа келді. Қой сойып,  қарсы алдық. Түн ортасына дейін күй тыңдадық. Дина апамыз Жәкеңе де күй тартқызды. Жұрт тарап ел аяғы суыған соң үйде азын-аулақ сыйлы қонақтар ғана қалған. Жәкең Динамен қалжыңдасып отыр:
– Енді сені жібермеймін, – дейді Динаға, – осы үйге сен ие бол!
Үйдегілер қыран-топан күліп жатыр.
– Мінезі шатақ болған-ау, шамасы... 
– Шатақ  болғанда қандай! Ауыр науқасына қарамай, емханадан шығар деп қиғылық салады. Дәрігердің: «Сізге әзірге жүруге, тұруға болмайды» – деген сөзіне бой бермей, машинасын алдыртып, ауыл қайдасың деп тартып кетеді.
Бір байқағаным, Әлекеңнің есте сақтау қабілеті мықты екен. Не нәрсені, қай оқиғаны айтса да уақыт  мезгілі, қайда, қай күні, қай жылы болғанын дәп басып айтады. Мен мұндай есте сақтау қабілеті бар мықты үш  адамды ғана білуші едім.
Біріншісі, өзімнің жақын атам, халық ақыны Келімбет Серғазиев. Ол кісі Жамбыл  оңтүстікті аралағанда  жолбасшысы болып жүрген. Жамбылмен түскен суреті де бар. Ол кісінің есте сақтау қабілетін, қазіргі тілмен айтқанда, компьютермен салыстыруға болар еді. 40-50-ге жуық қиссаны жатқа айтатын. Оның  ішінде өзі  шығарған «Ақ сәуле», «Теке батыры» бар. 
«Ұстаздарым Күдері Палуанов, Орынбай Тайманов» деп отыратын.            
Екіншісі, оқыған институтымда сабақ беретін ұстаз  Әділ Ермеков.  «Абай» романының төрт кітабын түгел жатқа білетін еді. 
Үшіншісі, Әсет Бейсеуовтің әкесінің ағасы Қожамқұл Бейсеуов (Әсетті тәрбиелеп өсірген осы кісі) қырық жыл,  елу  жыл бұрын болған оқиғаларды сағаттың  дәлдігімен айтып беретін. Олардың қатарына  Әлекеңді де қосып отырмын.
Достығымыз, әзіл-қалжыңымыз мен 70-жылдары Жамбыл аудандық мәдениет бөлімін басқарып тұрған кезде одан әрі жалғасты. Бірінші хатшы Аймұхамед Мансұров маған осы қызметті ұсынған еді. Мен тартыншақтап едім: 
–  Әй, Ешенқұлов, өзің  істеген аудандық газетте ауыл мәдениетін көтеруге арналған талай-талай проблемалық мақалалар жазып, ұсыныс тастадың. Көп сөзді қой да енді соларыңды іс жүзіне асырасың. Соған мүмкіндік жасап отырмыз. Аудандық партия комитетінің бюросы осындай шешім қабылдады. Ертеңнен бастап жұмысқа кіріс! – деді. Келіспеске  амал жоқ. Жазған мақалаларым өзімді  ұстап  берді. 
Кірістім жұмысыма. Әлекең бірінші болып құттықтауға келді. Әлі сол баяғы жұмысында екен. Көп әңгімелестік. Бұдан пәленше жыл бұрын тауда болған жайларды да еске түсірдік. Сөз арасында мәдениет бөліміндегі  «әттеген-ай» да сөз болып, оны реттеудің де жолдары айтылды. Бөлімдегі жұмыстармен танысып болған соң  орынбасарым Мақсұт Хабиев, халық ақыны Әсімхан Қосбасаров, Әлекеңнің өзі, Қанағат Қарашев, Ермекбай, Дабыртай, т.б. азаматтарды қатыстырып, жиналыс өткіздім. Нақты тапсырмалар берілді. Драма үйрмесі келер жылы Халық театры атанды. Алдында М. Әуезов атындағы Академиялық театрдың Ұзынағаштағы филиалы ашылған болатын. Театр режиссеры Райымбек Сейтметовтың көп көмегі тиді. Халық театрларының республикалық жарысында біздің театр бірінші орын алды. Қарғалыда, Үнгіртаста, Ұзынағашта халық хорлары жұмыс істей бастады. Кітапханалар клубтардың кең бөлмелеріне орналастырылды. Аудандық кітапхана облыстық байқауда бірінші орынды жеңіп алды. Осы игі  істердің бәрінің басы-қасында Әлекең жүрді. Сол жылы  мені аудандық кеңестің депутаты етіп сайлады. Бірінші хатшы: «Бұл саған берілген аванс. Енді халықтың да қамын ойлап жүретін боласың. Жұмысыңды бүгінгіден де жақсарт!» – деді. 
Ол кезде депутат халықпен жиі кездесетін. Барлық ауыл-аймақтарды аралаймыз. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдаймыз. Сондай кездесулерге барғанда Әлекеңді жанымнан тастамайтынмын. Әлекең барған жерге халық көп жиналатын. Кездесу соңы Әлекеңнің өлең-жырларымен, жергілікті өнерпаздардың концертімен аяқталатын.
Денсаулығыма байланысты аудандағы жұмыстардан босатылып, мұғалімдік жұмысыма қайта оралдым. Қарғалыдағы бір мектепке директор болып келдім. 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың туғанына 150 жыл  толу мерекесін атап өтуге Үкіметтің қаулысы шықты. Ауданда (облыста десем де болады) бұл мерекені бірінші  болып біздің мектеп кең көлемде атап өтті. Аудандағы мектеп директорлары, ақын-жазушылар шақырылды. Қарғалы халқы түгел жиналды. Аудан мектептеріне арнап  «Жамбылтану» пәнінің жобасын жасап, бағдарламасын әзірледім.
Мерекенің ең құрметті қонағы, әрине, Әлімқұл Жамбылов. Сахналық көрінісімізде мен Жамбыл бейнесін сомдадым. Әлекеңді сахнаға шығарып, «әкелі-балалы» болып, Жамбыл жырларын орындадық. Жұрт орындарынан тұрып, ду қол шапалақтады. Сол кездегі бейнелерімізді де газетке жолдауды жөн көрдім. (суретте «әкелі-балалы» Әлімқұл Жамбылов пен Тұрсынбек Ешенқұлов).
Әлекеңмен араласа жүріп, оның мен байқаған қасиеттері мынадай: адамдарды алаламай, кісілігіне қарай құрметтейтін,  өтірік айтпайтын, уәдеге берік еді, рушыл емес еді, өнер адамдарын қатты қадірлейтін, әзіл-қалжыңға бай еді, әсіресе Жамбыл жыраудың ел біле бермейтін қалжыңдары мен әзілдерін көп білетін, есте сақтау қабілеті күшті болатын, дүниеге қызыққан емес, кемшілігі болса, өзінің ағайындығына қарамай тура бетке айтатын.
Қазақтың Әлімқұл Жамбыловы осындай қасиеттерімен ел аузында аңыз болып қалды. Есімі аңызға айналған адам мәңгі жасайды, ол ешқашан өлмейді.
Тұрсынбек  ЕШЕНҚҰЛОВ,
жазушы,   Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.