Еңбекпен ер атанған

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 2658
Бөлім: РУХАНИЯТ
Ердің атын еңбек шығарады. Әр азамат ерен еңбегінің арқасында ғана абыройлы болып, биік белестерді бағындырады. Ал күндіз күміс, түнде алтын болып ағатын қазыналы Қаратал өңірінен елі үшін қызмет еткен талай дарынды тұлғалар шыққан. Солардың бірі – бабадан қалған дәстүрді дәріптеп, шопан ата таяғын ұстап, ауылы – алтын бесігін өркендеткен Төлеген ҚҰЛАХМЕТОВ. Қарапайым шопан болып, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қаратал ауданының құрметті азаматы, «Қаратал» совхозының аға шопаны атанған жанның атқарған жұмысы ұшан теңіз, еңбегі ұрпаққа үлгі.
Төлеген Құлахметов 1937 жылы Қаратал ауданына қарасты Кәлпе ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Әр бала үшін асқар тау әкенің ақылы мен анасының аялы алақанына жетер еш нәрсе жоқ. Ата-анаңның қасыңда жүргенінің өзі бір бақыт. Бірақ Құлахмет әкесінен ерте айырылады. Әкесі сұрапыл соғыстан оралмай, інісі екеуі анасымен қалады. Асқар тауы жайлы есінде қалғаны 1942 жылы Мәскеуден келген хат қана. Содан бері әкесінен хабар жоқ. 
Тағдырдың тауқыметі иығына түссе де Күлсін ана мойымай, балаларын өсіріп-жетілдіру үшін қара жұмысқа жегіледі. Қайтсем де қос құлынымды асыраймын деп бүлдіршіндерін үйде қалдырып, таңды-таңға ұрып тынбай жұмыс істейді. 
Соғыстан кейінгі қиын кезеңде есейген бала  еңбектің ащы дәмін татып өсті. Тар заманның тауқыметін тартқан Төлеген оқуда озат, еңбекқор, ұқыпты болды. Тіпті, мектептен қайтқанда да киімдері айнадай таза келетін. Өйткені әр заттың қалай келгенін білетін, қадірін түсінетін. Сыныбында үлгілі оқушылардың бірі болды. Мектепке барып көз майын тамызып жата-жастана оқығаны да есінде. Бірақ отбасылық жағдайына байланысты Төлеген жетінші сыныптан әрі оқи алмады. Әйтсе де тағдыр салған қиындыққа қарамай, еңбекке деген құлшынысының арқасында ол үлкен өмірге белсене араласады. Жастайынан жігерін жаныған қайсар бала қайтсем де ауылшаруашылығы техникасын үйренем деп алдына мақсат қояды. Сөйтіп, ауылдың тұңғыш тракторшысы Нұржігіт Әділбаевқа барып ақыл-кеңес сұрайды. Атақты тракторшы оған: «Сен қазір үйреткен нәрсені қағып алатын жастасың. Оның үстіне ізденімпаздығың тағы бар. Оқысаң сенен мықты тракторшы-техник шығарына сенімдімін», – деп ақылын айтады. 
Білікті маманның сөзіне құлақ асқан бала Талдықорғандағы механизатор кадрларын даярлайтын бір жылдық курсқа оқуға түседі. Білім ордасын тамамдаған соң «Қаратал» совхозына келіп трактордың тізгінін қолына алады. Техниканы жетік меңгерген баланың көлігі үнемі бабында, жұмысқа сақадай сай тұратын. Оның бойында үлгі тұтарлық қасиеттер көп. Сондықтан болар, әу бастан кәсібіне адалдық танытып, үлкен жауапкершілікпен қараған Төлегеннің жұмысқа деген құлшынысына жұртшылық тамсанатын. Ал совхоз басшылары шаруаға деген ынтасына сүйсініп, өзгелерге үлгі қылатын. Екі жылға жуық тракторшы болады. Кейін ауылда үлкен жиын өтіп, шарада Төлеген Құлахметов сөз алып: 
– Ауылды көркейту, мал санын көбейту осы күннің негізгі шаруаларының бірі. Бірақ, бүгінгі қой бағып жүрген шопандардың барлығы дерлік үлкендер. Сол қазыналы қарияларымыздың шаруашылықтағы тәжірибесін үйреніп, ақылын көкейге түю біздің міндет. Сондықтан мал шаруашылығына жастар көптеп баруы керек, – дейді. 
Әр адам баласының арманы білікті де білімді маман  болу екені хақ. Оған жету үшін ерінбей еңбек етіп, алға қарай ұмтылуы қажет. Төлегеннің бойындағы осындай қасиеттер 1957 жылы Күлшетай екеуі шаңырақ көтергеннен кейін оны Қаратал өңірінің атақты шопаны Түтінбай Дәулетияровқа көмекші шопан болуға алып келеді. Әкенің қаны, ананың сүтімен дарыған тектілік, еңбекқорлық оны адастырмады. Атакәсіпті меңгеріп, шыңына шығып, өмірден ойып тұрып өз орнын алуға септігін тигізді. Әрине, мамандықты Төлеген бірден меңгеріп кеткен жоқ. Өйткені жыл он екі ай тау бөктері мен сай-саласында жүретін малшылардың кәсібінде қиындық шаш-етектен. Аға шопан оған алдымен малды қалай бағу, қайда жаю керектігін, жақсы шопан болудың қыр-сырын үйретті. Төлеген тәжірибесі мол шопанның ақылын тыңдап, зердесіне түйіп жүрді. Жұмыстың жігін біліп, шаруаға икемделе бастаған еңбекқор жігітті көрген тәжірибелі шопан Төлегенге:
 – Балам, мал шаруасына біраз ысылып қалдың, тәжірибең толыса түсті. Қойды қалай бағу, қайда жаю, мал төлдету жайын білесің. Енді өзің бөлек шығып, өз алдыңа отау тік. Үйіміз іргелес, қойымыз қоралас болады. Білмегеніңді менен қысылмай сұра, көмегімді аяп қалмаймын. Сенің бөлек шығып өскендігің мен үшін абырой, – дейді. 
Төлеген ақсақалдың ақылын құптап, тұңғыш перзенті Майра дүниеге келгеннен кейін бір отар тоқты алып, өз алдына отау тігіп бөлек шығады. Бастапқыда қиындықты көп көреді. Ең алғаш алдына салған отары да жадында. Көктем мен жаз айында көкке жүгірген тоқтыларға ие болу оңай шаруа емес екені анық. Мал бағып жүріп тарыдай шашылған отардың басын қайыра алмай, әлекке түскен күндерінде көзіне жас тығылатын. Тіпті аттан түсіп, жорғаның тізгінін жалына түйіп жібере салып, тоқтыларды жаяулатып жайған кезі де болды. Иә, әбігерге түскен күндері көп. Әсіресе, қылышын сүйретіп келген қыс мезгілінде қиналатын. 
Сол жылы бет қаратпайтын аяз шопандардың жұмысын екі есеге ауырлатып, жұт болды. Қардың қалыңдығы соншалық, қылтиған шөп көрінбейді. Жердің тоңы жібімей, көктем кеш шықты. Әйтсе де ісіне адал қойшы тығырықтан жол тапты. Еңбекті ту еткен Төлеген ағамыз совхоздың малын аман алып қалу үшін барын салды. Төгілген ащы тер мен өнімді жұмыстың арқасында қыстан малын аман шығарады. Жаны қанша қиналса да тыншыған жоқ. Кейбіреулер жаны қиналса шаруаны қайырып қояды. Ал шопан болса өз мақсатынан еш ауытқыған емес. Керісінше, қиындықтан сабақ алып, іздене түсті.
Жылдар өте келе сан алуан қиындықтарды артқа тастаған шопанның тәжірибесі толысып, қой өсірудің құпиясына қанықты. Енді ол қыстың қамын жаз ойла дегендей, малды жаз айларында қоңдандырып, салмағын арттырып қысқа дайындады. Тәжірибесі шыңдалған шопанның жұмысы алға басып, нәтиже бере бастайды. 1961-62 жылдары әр жүз саулықтан 115-тен қозы алды. Осылайша табысты жұмыс жылдан-жылға жалғаса түседі. Істеген жұмысы мен төгілген тері абырой мен құрмет болып орала бастайды. 1966 жылдың наурыз айында Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады.    
Алғашқы марапат шопанның жұмысқа деген құлшынысын арттырды. Биіктен көрініп, еңбегің еленген сайын шаруаға деген шабытың ашылатыны анық. Осыған орай ол қарқынына қарқын қоса бастады. 
Тәжірибелі шопан жыл сайын жоғарғы нәтижелерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындыра білді. Әсіресе сегізінші бесжылдықта шопан мол табысқа кенелді. Әр жүз тұсақтан 132-ден қозы алып, әр қойдан 4,2 килограммнан жібек жүн қырқып, мемлекетке екі тонна жүн өткізеді. Толағай табыс ескерусіз қалмайды. Шопан есімі Талдықорған облысының Құрмет кітабына жазылады. Абырой биігінен көрінген шопанның көрсеткіштері де  қомақтылана түседі. Қойнауы құтты Жетісу өлкесінің төскейіне жайылған түлігінің саны арта түседі. 
Осындай бір күні ол Ленин орденімен марапатталғанын естіді. Қуанышы қойнына сыймаған Төлеген толқып кетті. Бұл күн-түн демей қой баққан шопанның орынды марапаты. Сол күні тағы бір жақсы жаңалық болды. Социалистік Еңбек Ері Түтінбай Дәулетияров, бірінші ферманың меңгерушісі Баймұқан Мұсанов КПСС мүшелігіне кандидаттыққа өтуге кепілдеме берді. Қазақстан КП Қаратал аудандық комитетінің  секретары Айтақын Алпысбаев Төлеген Құлахметовке партия билетін тапсырды. Бұл үлкен жетістік, толағай табыс. Ал сол жетістіктің марапат болып табысталуы Төлегенді шексіз қуантты. 
Тоғызыншы бесжылдыққа да шопан тыңғылықты дайындықтар жүргізіп, алға үлкен мақсат қойды. Қой шаруашылығын өркендету жолында аянбай тер төкті. Атакәсібіне шын берілген қойшыны ауылдастары да құрмет тұтты. Жемісті еңбек шопан отбасына береке алып келді. Ең бастысы, малдың қоңды болуына назар аударды. Сонымен қатар, қойды қолдан ұрықтандыру мәселесіне баса көңіл бөлді. 
Төлегеннің жемісті еткен еңбегі, оның бүгінге дейінгі жинаған озық тәжірибесін тарату жайы бюрода әңгіме болды. Ол шопандарға малды әр мезгілде қалай жаю, төлдету керектігін кеңінен тарқатып айтып, осы күнге дейінгі білгенін ортаға салады. Ауылшаруашылығына қатысты шығатын газет-журналдарды қалдырмай оқитынын да тілге тиек етеді. Аудандық партия комитеті озат тәжірибе мектебін құрып, оған Төлеген Құлахметовты жетекші етіп сайлайды. Ол жас шопандарға білгенін үйретеді. Туған жерін түлеткен ұстаздан тәлім алған талай шопан осы жылы табысқа кенеліп,  алғысқа бөленеді. Бұл Төлегеннің тәлімді тәжірибесі мен еңбекқорлығының арқасы. Шаруаға деген қажырлылығының арқасында тоғызыншы бесжылдықтың тапсырмасын мерзімінен бұрын орындайды. Әр жүз саулықтан 155-тен қозы өргізіп, әр қойдан 4,6 келі жүн қырқады. Бұл үлкен көрсеткіш. Осы табысы билік тарапынан тағы ескеріледі. Жаңаталап сайлау округі бойынша Талдықорған облыстық Советіне депутат болып сайланады. 1973 жылы «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері» атағына қол жеткізеді. 1975 жылы Октябрь революциясы орденінің иегері атанады. Жұлдызы жанған шопанның есімі ауданға ғана емес, облысқа кеңінен таралды. 
Жасынан еңбекпен шыңдалып өскен шопан оныншы бесжылдықта да үлкен жетістікке жетті. Бесжылдықтың тапсырмасын үш жарым жылда орындады. Әр жүз бас қойдан алынған жүз елуден астам қозы да осы жылдың жұмысы. Иә, атақ-даңқ өздігінен келмейді. Еңбекпен келеді. Атам қазақ «Еңбек түбі –береке», деген тәмсілді текке айтпаса керек. Дана халқымыздың тәмсілін жадында ұстаған шопан 1980 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаттығына сайланады. 1981 жылы СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен оған Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, өңіріне Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалі тағылады. 1983 жылы «Еңбек ардагері» медалі табысталады. Сонымен қатар «Қаратал ауданының Құрметті азаматы» атағы да беріледі.
Төлегенмен бірге мал ба-ғып, өмірдің ыстық-суығына төзген Күлшетайдың да ерен еңбегін атап өткеніміз жөн. Кей күндері күндіз де, түнде де көз ілмей қойдың амандығын ойлап шаруашылықтың басы-қасында жүрді. Ағамыз жоқ кезде қотандағы қойды өзі бақты. Қойдың қыр соңында жүріп, атакәсібімізді дөңгеленткен анамыздың еңбегі назардан тыс қалмады. «Еңбектегі ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Ең бастысы, Майра,  Сайра, Нұрәділ мен Әлияны дүниеге әкелген аяулы ана. Әттең, Күлшетай анамыз ертерек дүние салды. Тағдырдың бұл да бір сынағы. Бірақ артында балалары қалды. 
Қиындыққа мойымаған қарттың шаңырағынан береке кеткен жоқ. Еңбегі еленіп, бейнетінің зейнетін көріп отырған жайы бар. Ол бүгінде асқар тау әке, сүйікті ата, отбасының қадірлі отағасы. Он немере, жеті шөбересі бар. Барлығы жоғары білімді мамандар, таңдаған кәсіптерінің иелері. 
Отыз бес жыл табан аудармай мал шаруашылығын өркендеткен, елінің елеулісі, халқының қалаулысы болған атамыздың еңбегі ерен. «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл-көсір», – деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Малдың киесі бар. Бұл байлықты Еңбек Ері билік пен мансапқа емес, атакәсіпті дамытуға, отбасының игілігіне пайдаланды. Содан шығар, қарт шопанның көл-көсір байлығы – балалары. Бүгінде ұрпағының тәтті қылықтарын қызықтап отыр. Атамыз сөз соңында:
 – Қаншама жыл қой бақтым, өз өміріме ризамын. Еңбегім еш кеткен жоқ. Жақында сексен жастың белесін бағындырамын. Сұрапыл соғыста әкем ерте кеткенімен, анам бағып қақты. Осы күнге жеткенім де анамның арқасы, – деді.

 

Айдар ҚАЛИЕВ.
-----------------------------------------------------------------------------------------------------------
Өңір мақтанышы
Ұжымшар уақытында маңдай терін төгіп, тынбай еңбектенгендердің еңбегі ерекше еленіп отырған. Оларға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, абыройы асқардан көрінген. Сондай азаматтардың бірі 1937 жылы 16 қыркүйекте облысымызға қарасты Кәлпе ауылында  өмірге келген Төлеген Құлахметов. Ел ағасы биыл сексеннің сеңгіріне шығып, жұрт мерейіне бөленіп, бала-шаға қызығына кенеліп отыр. Мерейтой қарсаңында ақсақалды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар бастаған әкімдік өкілдері арнайы құттықтап қайтты. Бұл кісі жайында айтылар сыр да, еңбегі жайындағы естеліктер де көп. 
Көксу өзені бойындағы Айыркезең жайлауында 35 жыл бойы ұжымшар атағын аспандатып, қой бағып, бүгінде халықтың құрметтісі болып отырған ақсақал абыройлы жасқа жетті. Өз ісіне адал қараған озат шопанға 1981 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, Октябрь революциясы, Ленин ордендерімен марапатталған. Өмірлік жары Күлшетай екеуі 3 қыз, 1 ұл өмірге әкеліп, соларды ештеңеден тарылтпай өсіру жолында тынымсыз тіршілік еткен.  
Еңбек адамының абырой, атағының асқақтауына жарының да көп көмегі тиген. Өкінішке қарай, осыдан оншақты жыл бұрын Күлшетай дүниеден өткен болатын. 
Кеуде тұсы медальдарға толы ақсақалды көргенде көңілің жайланады. Жас кезінде қандай болса әлі де сол ерекше қалпын сақтаған. Сексеннің сеңгіріне жетсе де тынбай, талмай еткен еңбектің нәтижесінде қария әлі де тың, сөздері ширақ. Мерейтой иесін арнайы құттықтап барған Жақсылық Мұқашұлы:
– Бүкіл ауданға, облысқа мәшһүр ақсақал, өзіңізге сәлем берейік деп арнайы келдік. Сіз сияқты адамдарды қазір көп жастар біле бермейді.  Мал бағудың өз қиындығы бар. Сол бейнеттің барлығын көтеріп, үлкен жетістікке қол жеткіздіңіз. Мұның барлығы еңбекпен келеді. Қазір жастар сол еңбек адамдарын ұмыта бастады. Нағыз еңбектің қандай болатынын сіздер арқылы көрсетуіміз керек. Ең бастысы, денсаулығыңыз мықты болсын. Осылай әрқашан ортамызды толтырып,  бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болып, арамызда аман жүрсеңіз сол үлкен қуаныш, – деп ақжарма тілегін арнап, өтініш, тапсырмалары болса айтуын сұрады. 
Қойдың соңында жүру түсінген адамға нағыз қиын жұмыс. Оның қыр-сыры, қиындығы жетерлік.  Қарияның тек Қаратал ауданы емес, облыс, республикаға танымал екенін, адал еңбектің нәтижесінде талай биік белеске жеткендігін, Жоғарғы Кеңестің депутаты атанғанын аудан әкімі Қайрат Бисембаев мақтанышпен жеткізді. Облысымыздың Құрметті азаматы Наурыз Қылышбаев Төлеген атаның төл алып, мал басын көбейткен еңбегі жайлы айтып берді. 
Жаны жақсылыққа толы жанның өмірі мен  еңбек жолы бәріне үлгі. Ақсақалдың адамдығы жайында күйеу баласы Болат Қоғамов ой толғап, қазір де бала-шағасының, 10 немере, 11 шөбересінің ортасында шаттыққа бөленіп отырғанын айтты. 
Осындай тұлғалардың тарихта қалары анық. Еңбек адамы бүгінде ел ағасына, өңіріміздің мақтанышына айналып отыр.
Құралбек СӘБИТОВ.