Жас офицерлерді қарсы алды

Уақыты: 12.09.2017
Оқылды: 1363
Бөлім: РУХАНИЯТ

Елбасының «Офицер – армияның алтын діңгегі!» деген сөзі Отан қорғаушыларына үлкен міндет жүктейді. Жақында осынау қастерлі атқа ие болған жас офицерлер Жаркент шекара отрядының қатарын толықтырды.
Жас лейтенанттарды қарсы алу салтанаты әскери бөлімнің саптық алаңында ұйымдастырылды. Оларды әскери бөлім командирі подполковник Рауан Рамазанов алғашқы шендерімен құттықтай отырып, олардың алдағы атқаратын қызметтеріне тоқталды. 
Келесі кезекте тәрбие және әлеуметтік-құқықтық бөлімнің бастығы подполковник Ерулан Алжанов жас лейтенанттарды жеке құрам алдында таныстырып, білікті офицерлер тарапынан әр офицерге жеке-жеке тәлімгер тағайындап, олардың алдағы атқаратын істерін нақтылап берді. 
Келесі күні тәрбие және әлеуметтік-құқықтық бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Серік Төлеуханов лейтенанттарды Жаркент шекарашыларының сонау 1924 жылдан бастау алатын тағылымды тарихы мен құнды жәдігерлермен таныстырып, ел тыныштығын қорғау жолында өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқаруына сенім артты. Сонымен қатар, Жаркент жерінің мәдени, тарихи орындарын, атақты Киелі ағашты көрсетіп қайтты.
Аптаның төртінші күні әскери бөлімнің штаб бастығы, подполковник Александр Печуркин  далалық оқу-жаттығу алаңында жиын өткізді. 

Мырзағали Нұрсейіт.
Жаркент қаласы.