ҚАҢҒЫҒАН ОҚ: ҚАҢТАР ТРАГЕДИЯСЫ ТУРАЛЫ КӨРКЕМ ШЫҒАРМА ЖАЗЫЛДЫ

Уақыты: 23.01.2022
Оқылды: 1606
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Анашым, Сәлиманың ұштағышы сондай әдемі. Жұлдыздардың суреті бар. Ұшталған қарындаштың қоқымы да төгіліп қалмай, қарнына жиналады. Төгіп, тазалап тастасаң, жап-жаңа болып шыға келеді». Қолы қалт етсе, сурет салатын Гауһардың ермегін құптайды анасы. Үлкен суретші болғанын да қалайды. Мектептегі жарыстарға қатысып, мақтау қағаздарын көтеріп келгенде, баладан бетер қуанады.

...Түсінде, ақ сақалды ата келіп: «Балам, мына жауһарды ала ғой. Бұл ерекше гауһар тас!» – деп аян бергені есіне түсіп, бүкшиіп сурет салып отырған қызының сыртынан үңіліп, сүйсіне қарайды. Бейнелеу өнеріне әуес Сәлима екеуінің басқа балалардай даладан кірмей, күнұзақ қаңғымай, шүйіркелесіп отыратындарына да дән риза. Бұлар жалдап тұратын пәтердің есігіне қапталдаса Сәлималар тұрады. Әкесі  дәрігер. Анасы  есепші. Бар-жоғы екі бала. Ұлдары студент. Үйлері атшаптырым. Кең. Төрт бөлмелі үйде, осы төрт жанның бар-жоғы белгісіз, тып-тыныш ғұмыр кешіп жатыр. Ішінде бір «менсінбеушілік» бар сияқты болғанымен, Қалиша көршілерін көргенде жылы шырай танытып, қолынан келгенше жымиюға тырысады. Барынша сыпайы сөйлеп, жұпынылау киінген Гауһардың басынан сипап, титімдей қолдарын қысып қояды. «Какая милая!» – деп езеурейді. Осылардың бірауыз қазақша білмейтініне қаны қарайып кетеді сондайда.

Сәлимаға сурет салуға керектіні үйіп-төгіп, ең қымбатын алып беретіні, бұларға көрсеткен қыры сияқты көрінеді кейде Гауһардың анасына. Күмәнданғанымен тату-тәтті ойнайтын екі қыздың арасына жік салып, өнер жалғаған достыққа сызат түсіргісі келмейді.

«Гауһардың ұштағышы өтпей қалыпты. Бояулары да бітуге таяу. Мынаны алсын», – деп кеше Сәлима өз ұштағышын тастап кеткен. Гауһар қатты қуанғанымен анасының намысы келді. Үндемей қалғанымен дүние күйіп кетсе де қызына Сәлиманікіндей қарындаш чемоданын әпергісі келді. Әрі тартса әрі жетпейді, бері тартса бері жетпейді. Күйеуінің табысы мардымсыз. Құрылыста жұмыс істеп, аптап пен аязға қарамай қара жұмыстан белі қайысып, қабырғасы майысып, тентіреп жүріп табады тиынын. Жалдаған пәтер ақысы бар. Бес баланың ішіп-жемі... Екі студент ата-анасына салмақ салмай, сабақтан соң жұмыс істеп, өз күндерін өздері көруде дегенімен үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген пенденің тиыны құрала ма?!

«Үй аламыз» деп есепшот ашып, жинап жатқан бұлар жоқ. Жетпегір ақшаны қанша созса да жіңішкеріп, банктің аузына жетпей үзіліп кете береді. Жаңажылдық дастарқанға жасалған тағамдар желініп, азық-түлік түгеп, түбі көрініпті.

«Анашым, мен үй жинайын. Бір жапырақ ет әкеліп берсеңіз, палау жасап, отбасымызбен көңілді кешкі ас ұйымдастырар едік, – деген кеше кешкісін тұңғышы. Сол тілегін қабыл алып, сыртқа шығуға жиналды.

– Анашым, мен де барайыншы. Үйде отырып ішім пысты. Оның үстіне дүкеннен ұштағыш қарайын. Сәлиманың ұштағышын өзіне қайтарып берейін. Сіз кеше сондай қатты мұңайып қалдыңыз ғой, – деген кенжетайының сөзіне жылап қалды анасы.

Ұғымталын қарашы! Ішіме бүгіп, тісімнен шығармадым дегенмен... Өнерлі болмаса сөйте ме? Жұрт байқамағанды байқап, сезбегенді сезіп тұратын нәзік жаныныңнан айналайын.

Сіңлісінің сөзі жүрегіне шаншудай қадалып, сырттай бақылаған бойжеткен теріс қарап, тұншыға жылап тұрған анасының арқасынан құшақтай:

– Жыламаңыз, анашым! Өзіме етік алайын деп жинап жүрген ақшам бар еді. Гауһарға қарындаштар чемоданын алайық. Ең жақсы ұштағышты алып беріңіз, – деп анасының қолына жиырма мың теңгесін салды.

– Сен қайтесің? Етігің жоқ қой? – деді шешесі кемсеңдеп.

– Түк те етпейді. Бәрі қыстық кросс киеді ғой. Бір жарым ай шыдасам қыс та бітеді, – деп бойжеткен қызы анасын шөпілдетіп сүйіп жатыр.

Бейнелеу өнеріне қатысты барлық тауарларды сататын дүкенге жол тартты. Жолшыбай әр жерден үйірлі жылқыдай топтасқан адамдарды көріп, жүрегі бір сұмдықты сезгендей іш тартып қалған. Еш алаңсыз автобустың терезесінен қарап, қуаныштан жүзі бал-бұл жанған қызын құшақтай алды. Анасының бір жамандықтан сезіктеніп отырғанынан бейхабар Гауһар жіңішке қолдарымен құшақтады анасын.

Әл-Фараби көшесіне тұмсығын тіреп тоқтайтын автобустан түсіп қалып, үлкен дүкенді межеледі. Бояудың қайсысы жақсы, қайсысы нашар екенін білетін кішкентай Гауһар, біреусіне тоқталып, түнде жанып тұратын ай мен жұлдыздар бейнеленген, қарны қампиған ұштағышты таңдап алды. Қуанышында шек жоқ. Чемоданын қолтығына қысып, ұштағышын уысына түйіп, шаттанып келеді.

Жаңағы топтасқан елдің қарасы көбейіп, қарақұрым жұрт көшеге толыпты. Әйелдер асығыс басып, аялдамаға жете, автобусқа міне, кетіп жатыр. Өне бойын қорқыныш билеп, табанына тас байлап алғандай жүрісі өндімей, терлеп кетті әйел. Қызының титтей қолынан қыса автобусқа қарай екпіндеп келеді. Ере алмай шауып келе жатқан Гауһар:

– Анашым, аяғым талып кетті, – дегенін де естімеді.

Аяғының ұшы автобусқа іліне қызын тартып алып, бауырына қыса, бір орынға отыра қалып, еңкілдеп жылап жіберді. Сүйкімді қошақанына бір бәле болып қалардай тулап кеткен жүрегін баса алмай, дірілдеген қолдарын игере алмай, тас қылып құшақтаған күйі қатып қалыпты.

Ерсілі-қарсылы шауып жүрген жұртты көріп, сезімтал қыз да әлденені сезгендей, анасының бауырына тығылып, түрлі-түсті қарындаштар тізілген чемоданын қапсыра, үнсіз дір-дір етеді.

Автобустың жүрісі аяңдап, жол бойы топтасқан көпшілік жол бермей, кедергі келтірген бірталай жерден зорға өтіп, ыңыранып келеді. Қызын құшақтаған күйі, айналасына көз салып, құлақ тосты.

... Ел бейбіт шеруге шығыпты. Қымбатшылық қысып тастады ғой.

Көздеріне үрей тығылған әйелдер қорқып отырса да, сырттағы қалың нөпір халықтың іс-әрекетін болжап, анық анализ жасап жатыр. Аялдамаға кешігіп жеткен автобустың есігі ашыла, секіріп түсе қызын жұлып алып, үйіне қарай жүгіре бет алған ананың құлағына тарсылдаған дауыстар естілді. Тіпті, үдей түскендей.

Анау тұрған сорайған биік үйге жету мұң болды. Аяғынан жер қашып, әр адымдаған сайын бірге дөңгелейтіндей. Құдды, глобустың үстіне шығып алып, айналдырып ойнап тұрғандай қарсы адым жерге жете алар емес.

Өз жүрегінің дүрсілі, құлағына жаңғырып естіледі. Тарс-тарс... Тарс-тарс... Енді бір ышқынса, жетіп те қалады. Үсті-басы терден малмандай су болды. Тепеңдеп, шауып келе жатқан қошақанының қолынан жібермей, ышқына алға ұшып келе жатқан ананың кенет жүрісі мандымай, қадалды да қалды. Бір қап тас сүйреп келе жатқандай, тартарға күші жетер емес.

Шама-шарқынша кіп-кішкентай қадамын алшаңдай басып, анасына еріп келе жатқан қозысы кілт тоқтап, анасының қолынан жібермеген күйі салбырап жерге құлап барады.

Аяқ астынан алай-дүлей болған қаланың төбесін қара бұлт жауып, айналаға түнек орнағандай.

Үйге қарсы қадам қалған анасының алдынан жүгіре басып шауып келе жатқан бойжеткен әлденені айтып, айғайлап, жылап келеді.

Ананың құлағы бітеліп, көзі қарауытып, миын біреу араластырып тастағандай, ешнәрсені болжай алар емес. Қанша тартса да, кішкентай періштесі жүрмейді. Құлашы кеңіп, жаңа ғана қапсыра қысып келе жатқан чемоданының аузы ашылып, қарындаштары шашылып жатыр. Уысындағы ұштағышы да ұшып кетіпті.

Анаааа!... Анашым!..

Ентелей шауып келген бойжеткен шешесінің қарысып қалған қолынан төмен қарай салбырай құлаған Гауһарды құшақтай алып, тізерлей отыра қалды. 
Ботам! Алтыным! Кішкентай періштем!

- Аңсаған қарындаштарың шашылып қалды... Жинап ала ғой, қозым...

Қызының мына сөздері алыстан еміс-еміс естілетіндей. Тек әйтеуір Гауһарының қолын жібермеген күйі меңірейіп, сіңлісін құшақтай боздаған бойжеткен қызының зарынан бүлк етіп аунап кеткен жүрегінде жойқын жарылыс болғандай. Жанартаудан атқылаған ыстық жас көзінен саңылау тауып, екі бетін күйдіре ағып барады...

Қаңғыған оқ!..

Қаңғыған оқ!..

Қаңғыған оқ тиді-ау, балаға...

Әлдеқайдан шыққан ащы дауыстар сүйегін сықырлатып сындырып жатқандай  өз денесін ұстай алмай сылқ етіп құлады ана...

Самал ЗІКІРИЯҚЫЗЫ

Алматы қаласы