Ұлттық музей төрінде

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 2120
Бөлім: РУХАНИЯТ

Арқа төсінде өткен Халықаралық «Экспо–2017» көрмесі аясында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылғаны белгілі. Осыған орай ҚР Ұлттық музейіне әр мемлекеттен әлемдік жауһар саналатын құнды жәдігерлер қойылды. Атап айтар болсақ, Мысыр елінен әкелінген «Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі» көрмесі, «Ежелгі Мысыр ескерткіштері», «Шамбаланы іздеу жолында: Николай Рерихтың Нью-Йорктегі мұражайынан алынған жауhарлар», «Шығыс және Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ», қытайдан жеткен «Император Цинь Шихуандидің Терракота әскері» атты көрмелер үш ай бойы қазақстандықтар мен шетелдік қонақтарға көрсетілді.

Әр көрменің айтары зор. Әр жәдігер тың тарих арқалап, әлемге танымал тұлғалардың түрлі тағдырынан сыр шертеді. Бейбарыс Сұлтанның алақанының табы тиген құран салатын сандықшасы, Наполеон Бонапарттың Тильзит келісімі кезінде Александр І-ге сыйға тартқан қылышы, жаңа патшалық дәуірдегі Мысыр перғауыны Тутанхамонның күймесі, перғауындар сынды ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақталған мұралар көрушіні ойландырмай қоймайды.
Үш ғасырлық тарихы бар Мемлекеттік Эрмитаж музейінің түпнұсқа жәдігерлері қонақтарға «Шығыс және Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ», – деген тақырыппен арнайы көрме ұсынды. Көрмеден өнер туындысы ретінде жасалған 70-ке жуық қару-жарақ, оның ішінде Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания елдерінің соғыс, аңшылық және әскери қарулары орын алды. Музейге келген әр қонақты түрлі елдің қылыш, қанжар, сауыт-сайман, дулығалары және үзеңгілердің үлгілері таңдандырғаны анық. Жалпы көрменің хронологиялық шеңбері XV-XIX ғасыр аралығындағы қару-жарақ қолөнерінің тарихи кезеңін қамтиды.
Мемлекеттік Эрмитаж музейінің ежелгі қару-жарақ топтамасы XIX ғасырдың бас кезінен қалыптасқаны белгілі. Император І Николайға бала кезінде алғаш рет түрік қылышы сыйға тартылады. Осыдан кейін жас ханзада қару-жараққа қызығып, олардың әр түрін жинай бастайды. 1834 жылы жиналған қару түрлерінің топтамасына арнайы қамал түрінде ғимарат салғызып, барлығын сонда көшіреді. 1850 жылы жан-жақтан әкелінген қару түрлерінің саны 5000-нан асқан. 1856 жылы ІІІ Александрдың шешімімен жәдігерлер Эрмитажға көшіріліп, 1888 жылы алғашқы экспозиция ашылыпты.
Көрмеге қойылған қаруларды ешкім ешкімге кезенбеген. Яғни, олар ұрыс алаңдарының куәгері ретінде емес, көркем қиялдан туған шеберлердің озық туындысы ретінде бағаланады. Қарулар негізінен металдан жасалған. Оларды әшекейлеу барысында мыс, алтын, күміс сынды бағалы тастар қолданылыпты.
Қару адамзат тарихының алғашқы кезеңдерінде-ақ аса қажетті құрал ретінде маңызды болған. Алғашқыда қорғану, аң аулау, тамақ табу үшін қолданысқа енген қару түрлері кейінірек адамның тәуелсіздігін, үстемдігін, еркіндігін айғақтайтын затқа айналды. Бай, кедей, ақсүйек немесе қарапайым шаруа болсын, әрқайсысы өз қаруын бәрінен жоғары бағалады. Қару – оның асы, қару оның – жұмысы, қару оның – өмірінің жалғасы. Кейіннен қару-жарақ белгілі бір топтың мықтылығын көрсетсе, қазіргі күні қаруға қарап, бүкіл бір мемлекеттің қуаттылығына баға беріледі.
Ұлттық музейдің төрінен орын алған әлемге әйгілі Эрмитаж жәдігерлерінен әр ұлттың өз нақышын байқамау мүмкін емес. Үнділердің «Чихалта хазар маша сауыт-сайманы» мың шегеден жасалған киім деген мағына береді. Ол – ұзын (тізеге жететін) шекпеннен және көп қабатты (қырыққа жуық) болат таспалардан, жез шегелерден жасалған сауыт. Өте жеңіл, қозғалуға ыңғайлы деп таныстырылды. Үнді халқына тән өрнектермен сәнделген. Ал жапондықтардың сауыт-сайманынан бір қарағанда, әскери киім емес, қорқынышты фильмдердің жағымсыз кейіпкерін көргендей боласыз. Жапондық әскер мұндай сауытты жауға қарсы шығудан көрі, барынша өзін аман сақтап қалу үшін киетіндей. Себебі болат, темір, лак, тері, аттың қылы секілді көп дүниеден жасалған сауытпен соғысу былай тұрсын, қозғалудың өзі бір мұң.
Суық қару. Ол ешқашан жанға жылы қабылдайтын құндылыққа айналмас. Ол тек қорғану үшін және қорғайтыны үшін ғана адамзат тарапынан құрметке бөленсе керек. Қай кезеңде болмасын, адам санасында «күрес», «қарсылас», «шабуыл» деген ұғым өздігінен қалыптасқан. Кісі жастайынан қорғануға бейімделеді. Сондықтан да болар, ойын баласы кезімізде  жас шыбықты «қару» етіп өстік. Қабаған иттен жас шыбықпен қорғанып, малды өріске шыбықпен шығарып салатынбыз. Есейген соң «ешкімнен қорғанудың қажеті жоқ» деп ұғындық. Алайда қазіргі қоғам талабына сай адамға тек дәйекті сөз дем беріп, жүйелі білім ғана «нағыз қару» болатынын түсіндік. Сондықтан да кәдуілгі қарулар мұражайлардан орын алып, шеберлерге шабыт сыйлайтын көркем туындыларға айналды. Лайым солай жалғаса берсін. Суық қаруды тек алыстан тамашалап, тарихын тек музейлерден таниық.
Сөйтіп, Халықаралық «Экспо – 2017» көрмесі өз мәресіне жетті. Оны көрген де арманда, көрмеген де арманда. Әншейінде жаңбырлатып, желдетіп тұратын Астана да қазақтың жайдары мінезіне салып, биыл жазда тосын мінез танытпағаны анық. Күн ыстық болды. Келген қонақтардың разы болып қайтуына қала да өзінше үлес қосқандай. Ұлттық музейдегі әлем жауһарлары да белгіленген мерзімі аяқталып, шетінен өз еліне жөнелтіліп жатыр. Ал әңгімеге арқау болған тарихи қару-жарақтар Санкт-Петербургке қайтуға асықпайды. Жарқ-жұрқ етіп көздің жауын алатын асыл мұраларды 3 қарашаға дейін тамашалауға мүмкіндік бар.


Ләйлә НОҒАЙБЕК,
ҚР Ұлттық музейі қызметкері.
Астана қаласы.