Шаттық мекені

Уақыты: 18.09.2017
Оқылды: 1295
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі бойынша іске қосылған балабақшалардың саны бойынша Алматы облысы өзге өңірлерден озық тұр. Былтыр Жетісу жерінің жұртшылығы 200 балабақшаның ашылуына куә болып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің тиімділігіне көз жеткізді. Осыған орай облыстың аудандары мен қалаларында өз кәсібін жүргізіп отырған кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыс алуға көптеп сұраныс білдіруде. Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы селосында былтырғы жылдың соңында ашылған «Балдырған» балабақшасы сондай мекеменің бірі.

Балабақша меңгерушісі Раиса Тұрсынбекқызы өмірін ұстаздыққа арнаған жан. Зейнеткерлікке шыққан соң 40 жылдық тәжірибесін тиімді пайдалануды ойластырған ол отбасылық кәсіп ретінде балабақша ашуды жөн көріпті. Өйткені, ауыл тұрғындары үшін ең алдымен балабақшаның қажеттігі алдыңғы орында тұрған.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылғы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтылған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде балабақшаның ғимаратын сатып алып, жұмыс істеп отырмыз. Зейнет жасына жеткен соңда өмір бойы жинаған іс-тәжірибемді өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жұмсауды жөн көрдім, – деген Раиса Қойшыбаева былтырғы жылдың соңында, Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған балабақшаның жұмысын таныстырып өтті. – Балабақшада 3 топ бар. Оның екеуінде 3-5 жас аралығындағы сәбилерге қазақ және орыс тілдерінде тәлім берілсе, үшіншісіне 2 жастан 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндер тобы кіреді. Балаларға төрт уақыт тамақ беріледі. Біз үшін ең бастысы табыс табу емес, болашақ өскелең ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне үлес қосу. Сол үшін оларды жақсы тамақтандырып, денсаулығының мықты болуын қадағалаймыз. Дәрумендер мен жеміс-жидектерді уақтылы беріп, мерзімінде ұйқыға жатқызамыз. Ұйқыдан тұрғанда аяқтарына массаж жасатып, салқын сумен жуындырамыз. Дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Сонымен қатар, балалардың тілінің шығуына, ойын еркін жеткізуіне, тіл байлығының қалыптасуына баса көңіл бөлеміз. Мектепке дайындық ретінде бүлдіршіндердің қазақ, орыс тілдерін еркін меңгеруіне ықпал жасап, ағылшын тілін вариативті топта үйрену үшін білікті мұғалімдерден сабақ алуына мүмкіндік қарастырып отырмыз. Музыка, қолөнер сыныптарында да білікті ұстаздар сабақ береді.
Әр бала үшін ата-анасы ай сайын 10 мың теңге төлейді. Бұл үлкен қалалармен салыстырғанда ең төменгі сома саналады. Еліміздің болашағын тәрбиелеуді мақсат еткен балабақша ұжымында 22 адам жұмыс істейді. Оның 9-ы тәрбиеші болса, қалғаны күзетші, жүргізуші, бухгалтер, шаруашылық меңгерушісі сияқты мамандар. Еліміздегі стандарттау саласы бекіткен ережелерге сәйкес әр баланың ұйықтайтын, ойнайтын жері балабақша ғимаратының 1-1,5 шаршы метріне тең болуы тиіс. Осы үдеден шыққан «Балдырған» балабақшасы ашылғанына жыл толмаса да көпшіліктің ықыласына бөленіп отыр.

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Шонжы ауылы,
Ұйғыр ауданы.