ТАЛДЫҚОРҒАНДА "КІТАПХАНАҒА КІТАП СЫЙЛА!" АКЦИЯСЫ ӨТТІ. ТҮРКСОЙДЫҢ ТАРТУЫ

Уақыты: 28.02.2022
Оқылды: 1612
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сәкен Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаевтің қатысуымен «Кітапханаға кітап сыйла» атты акция өтті. Онда кітапхана қоры қазақ зиялыларының түрік тілдерінде жарық көрген кітаптарымен толықты.

Салтанатты жиынды ашып, жүргізген облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев кітаптың құндылығы жайлы ой қозғап, жыл сайын оқырмандар саны еселеп артып жатқанын айтты. Аталмыш акция аясында 2019 жылы 3940, 2020 жылы 4263, былтыр 6018 дана кітап облыстық әмбебап кітапханасына сыйға беріліпті. Жылдан-жылға оқырмандар өздері оқыған кітаптарға екінші өмір сыйлап, өзгелердің оқуына себепкер болуда. Жыл соңында ең көп кітап бергендерді марапаттау дәстүрге айналған.

Аймақ басшысының орынбасары Арслан Момышұлының құттықтауынан кейін Халықаралық түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту (ТҮРКСОЙ) ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова, ҚР Халық әртісі Алмахан Кенжебекова және облыстық «Jetisý» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым сөз алып, тағылымды әңгіме өрбітті.

- Қазақстан мен Түркия арасында терең мәдени байланыс өрбіген. Мысалы, Сүйінбай, Тәттімбет бабамыз бен Дина анамыздың атында саябақ бар. Қос елдің зиялы қауымдарының кітаптары толассыз шығып жатыр. Алайда бәрі бірдей Түркияға барып оны оқи алмайды. Сондықтан ұйым атынан тапсырма беріп, 10 тонна кітапты Қазақстанға әкеліп жатырмыз. Осындай шараны басқа облыстарда жасаймыз, – деген ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Құрабайұлы құшақ жайып қарсы алған жетісулықтарға алғыс айтты.

Кітаптан асқан рухани байлықтың жоқтығын сөз еткен ақын Нүсіпбай Додабайұлы сыйға берілген қазынаның ғұмыры ұзақ болуын тілеп: «Тоқсаныншы жылдары кітапханалардың көпшілігі жабылған кезде сөредегі кітаптардың біразы қоймаларда керексіз зат ретінде үйіліп жатты. Керек деп тапқан адамдар үйлеріне қап пен сөмкеге салып алып кетіп жатқан кездер болды. Қазір соған кері процесстің жүріп жатқаны қуантады. Қарап отырсам Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы сынды алыптардың кітабы тұр. Мұны түріктілдес басқа да бауырларымыз оқуы үшін үлкен жұмыс атқарыпсыздар», – деп ой қосты.

Тағылымды шара концерттік бағдарламаға ұласып, келген қонақтарға бір-бір кітап сыйға тартылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Фото - Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Алматы облысы