ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚОЛДАУҒА МҰҚТАЖ - ЖАРКЕНТТЕГІ ЖИЫН

Уақыты: 02.03.2022
Оқылды: 1512
Бөлім: РУХАНИЯТ

Панфилов аудандық әкімдігінің кіші жиынжайында «Алтын адам» Жетісу шеберлері» қоғамдық бірлестігінің кездесуі өтті. Оған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бастығы Марат Іліпов, кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Ілияс Асанбаев, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Панфилов аудандық филиалының директоры Дінмұхамед Азатұлы, «Алтын адам» Жетісу шеберлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Серікқызы, Панфилов ауданының Іскер әйелдер қауымдастығы мен Іскер әйелдер кеңесінің филиал басшысы Суриям Ізімова және өңірдегі шеберлер қатысты.

Бүгінгі таңда елімізде шеберлердің өнерін жаңаша жаңғыртуға үлкен мүмкіндік берілуде. Десе де, ойландыратын тұстары да жетерлік. Айталық, бүгінде көрші Өзбекстандағы түрлі бірлестікке 28 мыңнан астам, бауырлас Қырғызстанда 26 мыңнан астам шебер тіркеліп, өз елінің ұлттық өнерін өркендетуде. Ал еліміздегі үкіметтік емес ұйым, қоғамдық бірлестіктерде  мыңнан астам шебер тіркелген. Бірақ олардың саны бұдан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Өкінішке қарай, шеберлерді ортақ мақсатқа жұмылдырып, өнері мен қоғамға қосар үлесін насихаттау жетіспей тұр.

Міне, осындай келеңсіздіктерді ескере отырып, өмірін өнермен ұштастырған жетісулық шеберлердің алдағы мақсат-мұраттарын жүзеге асыруға демеушілік ету мақсатында өткен жылы «Алтын адам» Жетісу шеберлерінің» қоғамдық бірлестігі құрылып, тынымсыз жұмыс істеп келеді.

Бірлестік төрайымы Динара Серікқызының айтуынша, Қазақстанның мақтанышы болған "Алтын адам" атын еншілеген бірлестіктің негізгі жұмыс тақырыбы – жетісулық шеберлерді бірлестік аясында топтастырып, Жібек жолы бойындағы ежелгі мәдениет пен қолөнердің асыл жауһарларын қайта жаңғырту, жұртқа таныстыру, отандық-шетелдік туризм саласымен айналысатын адамдарға  олардың өнімін насихаттау арқылы шеберлерге көмектесу.

Былтыр бірлестік облысымыздың бірнеше аудан, қала әкімдіктері және жеке демеушілердің қолдауында 8 рет қолөнер шеберлерінің көрмесін ұйымдастырып, үлкен нәтижеге жетті. Сондай-ақ, Түркістан қаласында өткен халықаралық көрмеге қатысып, шетелден келген қонақтардың үлкен ықыласына бөленіп қайтты. Қазіргі таңда облыстың төрт ауданында бірлестіктің филиалы ашылып, өңір шеберлерін шыңдауға белсене атсалып келеді. Бірлестік бұдан басқа да бірнеше бағытта жұмыс істейді.

– Біз тек шеберлердің басын қосып, олардың өнеріне қолдау танытудан бөлек, аймақтың экологиялық мәселелерін зерделеу, аудан орталықтарынан қолөнер шеберлеріне арналған павильондар салуға ықпал ету, жасыл экономика бағытындағы жұмыстар жүргізу, қолөнер шеберлерінің оқыту орталықтарын салу, сайт пен портал ашу, тағы да басқа жұмыстарды шеберлермен бірлесе жүргізбекпіз. Жаркент қаласында бірлестіктің аудандық филиалын ашып, төрайымын таңдадық. Мүмкін болса, алдағы уақытта "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы" арнайы экономикалық аймағынан қолөнер шеберлерінің өнімін көрсететін павильон ашсақ дегенде жоспарымыз бар, – дейді бірлестік төраймы Динара Серікқызы.

Кездесуде аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Асанов өңір кәсіпкерлеріне жасалып жатқан мүмкіндіктерді сөз етіп, жиында айтылған ұсыныстар бойынша нақты қорытынды шығаратынын жеткізді. Ал аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Дінмұхамед Азатұлы шеберлерге «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының атқарып жатқан жұмыстарын таныстырып, қолөнер шеберлеріне мемлекеттік гранттарға қатысудың жолдарын түсіндірді.

Жиынды қорытындылаған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Марат Іліпов бұдан былай өңірде өтетін түрлі мерекелік, спорттық шараларда шеберлердің өнерін елге көрсетуге мақсатында көрмелер ұйымдастырып, көмектесіп тұратынын жеткізді.

Шара соңында көпшілік танымал кәсіпкер Суриям Ізімованы «Алтын адам» Жетісу шеберлері» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалының төрайымы етіп сайлады.

Қажет АНДАС

Панфилов ауданы

Алматы облысы