МАҒАН ЕУРОПАДАН КЕЛГЕН ҚЫЗ ТУРАЛЫ ҰҒЫМ ТҮК ТЕ ҚЫЗЫҚ ЕМЕС - БАҚЫТ БЕДЕЛХАН

Уақыты: 08.03.2022
Оқылды: 1304
Бөлім: РУХАНИЯТ

Отан-ана, от-ана, жер-ана... Сәлем – сөздің анасы! Осы қасиетті де қастерлі ұғымдардың құдіреті қай кезде құлпырып тұрады екен? Қай кезде емешегі езіліп еміренеді екен? Қай сәтте тіршілік тұтқасына айналып, туыңды желбіретеді екен? Білмеймін!

Оның жөн-жосығын білетіндер болса, айтар, жосығын жасар. Ал Көктем – бар тіршіліктің құлшына қол созып, адамзаттың жүрегіне мейірім тоқитын қыз-дүниенің қыз-қыз қайнаған қызықты сәті сияқты.

"Көкті ем!" – дейді көктің құдіреті!

"Көкті ем де, көгер!" – дейді Көктің ұлдары.

Маған сегізінші наурызға байланысты Еуропадан еріне басып, еркелей келген еркетотай қыз туралы ұғым түк те қызық емес! Керісінше, маған – қыз-көктемнің көгеріп-көктеген көңіл көркі, жаз-Жеңгемнің жайма-шуақ мінезі, күз-Апамның сары майдай сақтаған сыбағасы мен қыс-Әжемнің сықыр-сықыр мұз сыңғырлатқан мұздай тәрбиесі әлдеқайда артық!

Қазақы тәмсілде  "қыздың жолы – Қызырдың жолы, қыздың сөзі – Қызырдың сөзі"  деген бар. "Қызыр да, қыз да Құдай айдаған жеріне барады. Қызыр да, қыз да Құдай ауызға салған сөзді айтады", – дегені шығар?

Қызыр неге қыз-Көктемде ғана адамзат баласына көрінуге бейіл? Біз неге оны осы мезгілде мейірлене күтеміз?

Сегізінші наурыз! Қыз баласының мерекесі!

...Шексіздік ұғымын білдіріп тұрған осы бір сәт бүкіл әлемді құшағында жылытып, қару-жарақ түгілі, қатыгездіктің өзін жібітіп жіберетіндей көрінеді маған...

Бейбітшіліктің бесігін тербетіп тұрған аналардың білегі талмасын!

Күн нұрындай тіршілік тамырына қуат берген қыздарымыздың тылсым-құдіреті таусылмасын!

"Қыз-қонақ", – дейді атам қазақ. Ендеше, Көктем де – қонақ! Көңіл де – қонақ!

Қонағын Құдайындай күтетін қазаққа Көктем мерекесі – қыз-Көктемнің махаббаты мәңгілік жүрегімізде ән сап тұрса екен деймін.

"Отан-ана, от-ана, жер-ана", "Сәлем – сөздің анасы!" деген қасиетті ұғымдардың баламасына айналған қыз-баласы – аналарымыз – адамзаттың бақытына айнала берсе екен!

Айтпақшы, Наурыз мерекесі құтты болсын!

Бақыт БЕДЕЛХАН,

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын