Болар бала бесігінен

Уақыты: 25.09.2017
Оқылды: 3176
Бөлім: РУХАНИЯТ

Анасының айқайымен өскен ұлды алысқа шаппайды деу әбестік. Біз білетін Бердібек Соқпақбаев бұзықтың бұзығы болған көрінеді. Еркеліктің де ережесі бар. Шектен шығар болсаң, шыбықтың не шыбынұрғыштың астында қаласың. Ондайда өз обалың өзіңе. Әкеміз «әй» дегенде-ақ тіземіз дірілдеп есіміз кететін. Қиялдың жетегінде жүріп талай рет қамшының дәмін де таттық. Балалықтың бір қызығы жеген таяғыңда болса керек. Әсілі, есейгенде еске түсетіні де сол сәттер. Ал танымал тұлғалардың балдәурен шағы бізден өзгеше болды дегенге нанасыз ба?

Адамның бойындағы бұлжымас баянды нәрсе өзінің жан дүниесіне жас кезінде сіңірген қасиеттері болса керек. Ондайда қазақ халқы «болар бала – жөргегінен» деп тура бағасын берген. Біз үшін әйгілі адамдар туа сала топ бастап, білім қуғандай көрінеді. Жер бетіне жаңалық ашу үшін келгендей әрбір қадамы сәтті, мақсаты айқын болып тұратындай. Әйтсе де олардың бір кездері шаңға аунап, көбелек қуып, асық ойнаған бала болғанын көпшілігіміз біле бермейміз. Ғылымдағы соңғы деректерге сүйенсек, адам өміріне текпен бірге ерте жастағы тәрбиенің айрықша әсер ететіні айтылған. Мәселенки, қазақтың қайсар ақыны Мұхтар Шаханов «Құз басындағы аңшының зары» кітабында әкесінің жасынан батырлар жырын жаттатқызып өсіргені туралы айтады. Қайда жүрсе де ұлының рухани жетілуіне үлкен үлес қосып, бабалар аманатын бойына сіңіріп, құлағына құйып отырған. Содан болар, әке тәрбиесінің арқасында адуынды ақынның еліне деген сүйіспеншілігі сарқылған емес. Әрі әлем шайырларының көшін бастап келеді. Тарихта өшпес із қалдырған атақты адамдардың өмірбаянын зерттеу нәтижелері данышпандықтың тұқым қуалайтынын да растап отыр. «Ән патшасы» аталып кеткен Моцарт пен Майкл Джексонның әкелері олардың талантына еш шүбә келтірмеген. Ұлдарын жастайынан өздерімен бірге ел аралатып, жұртты балаларының өнерімен тәнті еткен. Бұл орайда ұлы математиктер Софья Ковалевская мен Карл Фридрих Гауссты айта кетуге болады. Неге десеңіз, олардың сандар әлеміне ерте бастан енгені мәлім. Мұны көбі Ковалевская отбасының математикаға жақындығынан, ал Гаусстың бала кезден еңбекке араласуынан деп түсінеді. Десе де, туа біткен данышпандардың санаулы бөлігі өз әлеуетін іске асырады. Зерттеушілердің пайымдауынша, данышпандықтың қалыптасуында қанмен келген қасиет басым болса, оны танытуда орта мен тәрбиенің рөлі жоғары.  Оған дәлел, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың ислам дінінің қағидаларын барынша құрметтейтін діни отбасында өскені. Оның әкесі Құнанбай қажы тобықты руының өте беделді, орыс тілін жетік білген биі. Абайдың арғы атасы Ырғызбай да атақты би әрі батыр болған. Осындай көреген даналардың көзін көрген ақынның оқуға ықыласы ауады. Жасынан кітапқа құмар болып, араб, парсы және көне түркі әдебиетінің үлгілерімен танысады. Семейдегі Ахмет Риза медресесінде үш жыл оқып білім алады. Абай қазақтардың дәстүрлі әдет-ғұрып заңы мен ислам дінінің қағидаларын терең меңгерді. Онымен білім жарыстырудан молдалардың өздері қауіптенетін. Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезінде-ақ өзінің алғашқы өлеңдерін жаза бастайды. Әкесі Құнанбай Абайды тобықты руының болашақ билеушісі ету мақсатымен оқудан ауылға кері қайтарып алады. Мұнда ол халықтың қалың ортасына түседі. Билер, ақындар, сазгер-әншілермен, сондай-ақ даланың данышпан ойшылдарымен жиі-жиі бірге болып, араласып тұрады. Ақынның жастық шағы патша үкіметінің Қазақстанның оңтүстігіне қарай әскери күшпен ентелеп ене бастаған кезімен тұспа-тұс келді. Ол патша үкіметінің округтық приказдардағы жағдайының барған сайын нығая түскенін, XIX ғасырдың 60-90 жылдарындағы әкімшілік реформаларының енгізілгенін өз көзімен көрді. Аз уақыт болыс болған кезінде қай істі болса да әділ және адал шешуге талпынды. Сол үшін қатардағы қарапайым халықтың терең сый-құрметіне бөленді. Бірақ қоғамның күрделі проблемаларын мұндай қарапайым тәсілмен шешуге болмайтынына бірте-бірте кәміл көз жеткізе бастайды. Сондықтан да ол қазақтардың білім мен ғылым алуын белсене жақтаушыға айналады. Ал Алаш алыптарының балалық шағы жайында сөз қозғасақ, заманның зарын жұтқан зиялылардың жастық шағы қиындықтарға толы болды. Бізге жеткен мәліметтерге қарап солай топшылауымызға негіз бар. Біртуар дарындыларға шалалықтың жараспай тұратыны – қарапайым балалық бұйырмайтындықтан болар. Балалық ондай жағдайда мерзімінен бұрын мерт болады да даналыққа жол береді. «Балалық өтті, білдің бе?», – деп Абай атамыз айтқандай, өзді-өзіне ерте есеп беріп, ерте есейген дарын Атаның баласынан Адамның баласына айналады. Бұл шынайы пенделік өмірден – қоғамдық өмірге өтуі. «Аз ғұмырды ақындық жолға бердім» – деп жырлаған Сұлтанмахмұттың балалық шағы жайында мынандай мәліметтер бар: «Бір жасында Махмұттың анасы қайтыс болып, жетім қалады. Оны Мұнтай бәйбішенің бауырына салады. Қақ-соқпен, ойынмен әуесі жоқ, мең-зең, монтиған момақан Махмұт туған шешенің мейірімін көре алмайды. Бала күнінде Махмұт өте аңқау болады. Өгіз бұзаулап жатыр десе нанатын. Әрі жасынан салқам болса керек. Киімін әр жерге бір тастап  жүре береді екен. Өгей шешесі оның салқамдығына кейіп ұрысқанда, ішінен тынып көзі жасаурап шыға келетін көрінеді.» Иә, жасында қой аузынан шөп алмайтын момақан бала есейе келе қалай ғана мінезді ақынға айналды екен. Өмір мектебінің үйреткені бұл. Қазақтың сыршыл ақыны Сырбай Мәуленов өзінің туған жері мен өскен ортасы жайлы: «Сол жылы жоқшылық айдап, біздің үй Торғайдан толқындай төңкеріліп, Қызылжыңғыл құлаған екен. Атымды Сыр бойында туды деп, Сырбай қойыпты. Шілдеханамда Торғайдан Сарысу өзеніне жекжаттарын сағалап келген Тосынбайдың Әлиі деген ауыл ақыны батырлар жырын толғапты. Сөйтіп, менің құлағым өлеңнің азанымен ашылыпты. Келесі жылы жазғытұрым біздің үй қайтадан Торғайға көшіп кеткен көрінеді. Мені жұрттың біресе Сырдікі, біресе Қырдікі деп айтуына осындай жағдайлардың салдары себеп болса керек. Сократ айтқандай, адамға қайда туса да, бүкіл әлемнің азаматы болу мұрат. Балалық балғын кезім, жасөспірім өрімтал шағым Қызылорда құшағында өтті. Алғашқы өлең жолдарым да Сыр бойында пайда бола бастады», деп сыр шертеді. Қазақ поэзиясына шынайы, көркем бейнелі өлең үлгісін әкелген дүр тұлғалы Сырбай ақынға өлең туған жерінің топырағына аунап өскеннен дарығандығын осыдан-ақ байқауға болады.
ХХ ғасырдың орта шенінен басталған көпжылдық зерттеулер балалық шақтың адамның болашақ тағдырына әсерін нақтырақ сипаттап берді. Гарвард университетінің «Балалық шақты дамыту орталығы» ересек өмірдің балалық шаққа тәуелді болатынына 5 шүбәсіз дәлел келтіреді. Бұл тәуелділік адамның бес жасқа дейін аса сезімтал болуымен байланысты. Мысалы: үш жасар бала миының салмағы ересек адам миының 75-80 пайызына жетеді. Сөздік қорындағы ерекшелік 18 айда байқалады. Үш жасқа дейін ата-анасы дұрыс көңіл бөлмеген немесе нашар күтімдегі баланың артта қалушылық пен әлжуаздыққа душар болуы әбден мүмкін. Осыған орай аналарды қолдау және мектепке дейінгі білімге салынатын инвестиция қайтарымының қомақты екені расталды. Осы тұрғыда әлем алыптарының жастық шағына үңілсек. «Ерте заманның қайғылы теноры» атанып кеткен Александр Блок орыс әдебиетімен достасқан жоқ. Дарынды бала бес жасында өлеңді жанына серік етеді. Ол үшін шығармашылық әуесқойлыққа баланды. Дегенмен, көптеген грамматикалық ережелерді, каллиграфиядағы жаттығуларды естен шығармай, шыдамдылықпен ізденді. Анасы, Александра Андреевна баласына тәрбиеші жалдауға мәжбүр болады. Соның көмегімен ана тілі мен әдебиетінен азда болса хабардар болды. Көп ұзамай күнделігін толтыруды үйренеді. Оқушы Блок тіпті, өз құрдастарын басып озды. Бірақ сөз бен сөйлемді ұнатпады. Сондықтан 1898 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне түседі. Алайда үш жылдан кейін Александр тарих және филология факультетінің славян-орыс бөліміне ауысты. Себебі, поэзияға деген қызығушылық кеш оянған болатын. Сондай бір ірі тұлғалардың бірі, немістің ұлы композиторы Людвиг ван Бетховеннің балалық шағы қиындыққа толы болды. Оның мектепке баруға құлқы болмайды. Әрі арифметика мен математика емлелері миына қонбаған. Жазудан да өте көп қате жiберген. Бала сазгерге көбейту кестесі алынбайтын қамалдай көрінді. Кейін оқуға мүлде мүмкіндігі болмады, өйткені төлейтін ақшасы жоқ еді. Оның ата-тегі талантты музыканттар. Әкесі сарай әншісі болып қызмет атқарды. Ең өкініштісі, дөрекі, озбыр әкенің ұлының музыкалық талантын дүниеқоңыздық мақсатына пайдаланғысы келгендігі. Бұл әрекет тәкаппар әрі тәуелсіз жеткіншекке ауыр тиді. Бар күші мен уақытын музыкаға арнаған кішкентай Людвигті таң атқаннан кеш батқанша клавесиннің алдына отырғызып қойған надан әке оған балалық шақтың керек екендігін ойламады. Бетховен сегіз жасында бұқара халыққа концерт беріп, ең алғашқы табысын тапты. Он екі жасында скрипка мен органда еркін ойнайтын болды. Біреулер үшін бұл үлкен жетістік болып көрінгенімен, жалғыздық пен бейшаралықтың дәмін татып жүрген бозбалаға бақыт емес еді. Оны тағдыр бірінен соң бірі күтіп тұрды. Анасының өлімі, әкесінің ауруға ұшырауы, шешек ауруының салдарынан бетінің бұзылуы, құлағының естімей қалуы оның еңсесін түсіре алмады. Ол өзінің таңдап алған жолынан таймады. Қатты күйзеліс, қиналыс кезінде де музыкаға сүйенетін, одан бойына күш-қуат ала білді. Бетховеннің балалық шағы қиыншылыққа толы болса, атақты ғалым Исаак Ньютонның жетістікке жетуінің өз құпиясы болған көрінеді. Бала Исаак сыныптастарының iшiнде ең нашар оқыған оқушының бірі. Ол сыныпта шексіз қиялдың жетегіне еріп, басқа әлемде жүргендей отыратын. Қабырғада ілініп тұрған портреттерді зерттеді.  Ойлау жүйесі ең нашар оқушылардың бірі болды. Физика пәнiнен өте нашар баға алатын. Тек математика сабағынан ғана жақсы оқыды. Бір таңғаларлығы болашақ физикті биікке көтерген бәсекелестік екендігін екінің бірі біле бермейді. Партадағы көршісімен жанжалдасып, оны сабақта басып озуға тырысады. Сол күннiң ертесiнде үздік оқи бастайды. Оқуға деген құмарлығы соншалықты, ғылымға жеке тұжырымдамаларын енгізе бастайды. Ақыры ғалым “Ньютон” заңын ашып, ғылымға үлкен үлес қосты. Оны ізденімпаздылыққа итермелеген, сыныптасына алғыс айтуымыз керек те шығар. Жапонның «Sony» корпорациясының негізін қалаушылардың бірі Масару Ибука «Үштен кейін тым кеш» атты кітабында былай дейді: «Баланың туылғаннан үш жасқа дейінгі ақыл-ой дамуындағы мүмкіндіктер төрттен он алты жасқа дейінгі кезеңмен парапар». Бұл кезде уақыт ұттырып алсаңыз, кейін баланы қатарға қосу үшін әлдеқайда көп қаржы, күш-қуат жұмсауыңызға тура келеді.  Ендеше, балаңыз туа біткен данышпан болсын-болмасын, табиғаттың өзі оған ерте жаста көптеген мүмкіндік сыйлайды. Мұнда бастысы – оның жанынан табылу және оны белгілі бағытта ынталандыру. Жапондықтар адамның болашақ кәсіпке бейімін 5 жаста дәл анықтауға болатынына сенеді. Мәселен, «Мicrosoft Word» жүйесін ойлап тапқан Билл Гейтс – әлем бейнесін өзгерткен адамдардың бірі. Бірақ оның басқа миллиардерлерден айырмашылығы – ол бұл жағдайға газ немесе мұнайдың емес, өз ақылының арқасында жетті. Ол өз тапқырлығы турасында былай дейді: «Бала кезімде менің, расында, армандарым көп болатын және олардың көбі менің көп оқуға деген мүмкіндігімнің болғаны арқасында жүзеге асты деп ойлаймын». Өмір бойы Гейтс өз «менін» бекіту мен тәуелсіздігі үшін күресті. Бұл күрестің ең бірінші құрбандары оның ата-анасы болды. Биллдің анасы – Мэри, қатал мінезді әйел болатын. Ол қиқар ұлына өз бөлмесін жината алмаған соң, жертөлеге көшіреді. Біраз уақыт өткен соң, түскі асқа шақырады. Бала Билл жауап бермейді. Соңында шыдамаған анасы, интерком арқылы сұрайды:
– Неге жауап бермейсің? Не істеп жатырсың?
– Мен ойланып жатырмын, – деп жауап береді ұлы.
– Демек, сен ойланып жатсың ғой? – деп ызаланады мұғалім ана.
– Иә, мамашым, мен ойланып жатырмын. Ал сен өміріңде ойланып көрдің бе? – деп жанжалға жол ашады. Билл бұл кезде алтыншы сыныпта оқитын еді. Ұлының бүлігіне алаңдаған ата-анасы психиатр көмегіне жүгінеді. Бірнеше сеанстан кейін психиатр былай дейді: «Ұлдарыңмен айқастан сіздер жеңілесіздер. Сондықтан мен оған жол табуға кеңес беремін. Тіпті физикалық жазалаудың өзі көмектеспейді. Онымен бәсекелесу мағынасыз және үмітсіз». Билл Гейтстің ата-анасы саналы адамдар болатын. Олар кеңеске құлақ түреді. Қарап отырсаңыз әр адамның бойындағы ерекше талант жастық шақтың өзінде жалындап тұратын іспетті. 
Енді өнер майталмандарының өміріне ойыссақ. Сахнаның сәніне айналған, үнемі журналдардың мұқабасынан табылатын бүгінгі жұлдыздардың бала күнінде бүлдірмейтін нәрсесі болмаған. Бірінің мектептегі үлгерімі жақсы болса, екіншісі нашар бағадан көз ашпаған. Мысалы: сұлулықтың символы саналатын шетелдік ару Анджелина Джоли мектептегі кезінде соншалықты сүйкімді  болмапты. Өзінің айтуынша, бала кезінде оның әдемілігін ешкім елемеген екен. Атақты кино әртісі қарапайым, көзге түспейтін қатардағы қыздардың бірі саналған. Оқушы кезінде  психотерапевтке баратын балалардің ішінде жүрген көрінеді. Сірә, өзіне деген сенімділігі кем болса керек. Анджелинаға  қарағанда оның жұбайы, американың шоқ жұлдызы Брэд Питтің мектепте «тұзы жеңіл» болғанға ұқсайды. Қыздар қызыға қарайтын, ұстаздар ұнататын, спорт десе ішер асын жерге қоятын жан екен. Ал, кино әлемінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген Джонни Депп нағыз көксойқанның өзі болған. Тәртібінің нашарлығы сондай, бірнеше мәрте мектептен қуылған. Бұл жазаны құлаққа ілмеген болашақ әртіс, гитарасын құшақтап, ән айтуын жалғастыра берген. Әнші атаулының аққуына баланған Мадонна болса, оқушы кезінде кітаптан бас алмапты. Ұстаздары кішкентай қыздың зеректігіне риза болған. Соған қарамастан сыныптас құрбылары Мадоннадан бойларын аулақ ұстаған. Бір қызығы әкесі әрбір бестік бағасына 50 центтен беріп отырған екен. Жарық жұлдыздың осындай дәрежеге жеткеніне, әкесінің осы амалы себепші болса керек. Қазақтың қара домалақ баласы, бұлбұл дауысты Мейрамбек Беспаевтің интернатта өткен балалық шағына айтар шағымы жоқ. Ес білгеннен өз бетінше өмір сүруге дағдыланған жас әнші Алматы қаласындағы Күләш Бәйсейітова атындағы музыка мектеп-интернатында  білім алады. «Интернат – мен үшін үлкен өмір мектебі. Өз басымды өзім алып жүруге үйретті. «Жалғыз ұл» деп, мені өбектей бергенде, кім біледі, мен өмірдің қыспағына шыдас бермес пе едім? Өнер – мені жастайымнан қайыспауға, мұқалмауға үйретті», – деп еске алады өзі. Он үш жасында «Әнші балапанда» жарқыраған Мәдина Сәдуақасова мектебінің озат оқушысы болмаса да, мақтанышы саналған. Оның өмірдегі және өнердегі құрбысы Қарақат Әбілдина есеп пәндеріне аса қабілетті болмапты. Қазақ тілі мен әдебиетін, музыка пәндерін сүйіп оқыған. Бүгінде нәтижесін көріп отырмыз. Өнерлі қыздарға ұстаздардың жеңілдікпен қарағаны да жасырын емес.
Біз жоғарыдағы тұлғалардың балалық шағының бұлыңғыр беттерімен, боямасыз бейнесіне тоқталдық. Кішкентай кезіндегі түсінбеушіліктер, алға қойған мақсатына тосқауыл болмауы тиіс. Әркім өз өмірінің дизайнын өзі сызады. Оған Құдайдың қолдауын қосып, салмақтап көріңіз. Аталмыш кейіпкерлердің бірі кедергілерді көзге ілмей алға ұмтылса, бірінің арманы асқақ болғанын аңғарамыз. Бозбала шағымызда бұлттың етегіне жармасып алып, аспан көгінде құстай қалықтауды қиялдадық. Әрине, миға сыймайтындай-ақ дүние. Әйтсе де, үлкен бақыт табу үшін үлкен арманның керегі сөзсіз.


Біз білетін танымал тұлғалардың 
балалық шағы жайлы қызықты деректер:

Физик-теоретик, қазiргi физиканың негiзiн салушылардың бiрi Альберт Эйнштейн де сабақты нашар оқыған. Оның ата-анасы таныстарына баласынан болашақта еш үмiт күтпейтiндерiн айтқан. “Ең болмаса өзiн-өзi асырай алатын жұмыс тапса, жақсы болар едi...” деп ұлының келешегіне алаңдаған көрінеді.
***
Ұлыбританияның белдi де беделдi қайраткерiнiң бiрi Уинстон Черчилль математикадан түкке түсiнбейтiн, сабақты оқымайтын оқушы болыпты.
***
Мультимиллионер, “Virgin Group” корпорациясын құрушы Ричард Брэнсон екi сөздiң басын құрап айта алмапты. Тақтаға шақырған сайын кекештенiп, қызарып шыға келедi екен.
***
Орыс ақыны Владимир Маяковскийдiң де сабақ үлгерiмi нашар болған. Жаман оқығаны соншалық – “Анна Каренинаны” соңына дейiн оқып бiтпеген. Елге танымал  ақынның ол жағын өскелең ұрпаққа бiлдiртпеу үшiн ешкiм ауыз ашпаған. Бұл Кеңес одағының жазылмайтын бiр заңы едi.
***
Практикалық космонавтиканың негiзiн қалаушы, ғалым, конструктор, “Восток”, “Восход” ғарыш кораблiн ұшырушы Сергей Королев мектепте сабақты “үшке” оқыған.
***
Антон Чехов гимназияда оқып жүргенде екi рет екiншi жылға қалыпты. Бiрақ онысына қарамай, дәрiгер де, атақты жазушы да болды. Ақын Александр Пушкиннiң де оқу үлгерiмi нашар болыпты. Арифметика сабағында есеп шығара алмай, жылап отырады екен. Атақты орыс химигi Дмитрий Менделеев те сабақ оқып жарытпапты. Тек математика мен физикаға ғана көңiл бөлген.
***
Университетте оқып жүргенде Лев Толстой емтихандардан “бiр” деген баға алған. Бiрақ онысына қарамай, “Әлiппенiң” авторы болды. Мектеп ашты, әлемге белгiлi “Анна Каренина” мен “Соғыс пен бейбiтшiлiк” шығармаларын жазды.
***
Ресей Федерациясының бiрiншi президентi Борис Ельцин 7-сыныпқа дейiн жақсы оқыған. Ал 7-сыныптан кейiн тәртiбi үшiн мектептен қуылған. Ал Ресей елінің президенті Владимир Путин мектепте басқа оқушыларға қарағанда жақсы төбелесе бiлген. Оған немiс тiлiн оқу қиынға соққан. Бiрақ ол кейiн немiс тiлiн жақсы меңгерiп кетедi.
***
Бесiктен белi шықпай жатып әлемге танылған украин қызы Ника Турбина 4 жастан бастап өлең жазған. 9 жасқа толғанда Мәскеуден оның алғашқы кiтабы жарық көрдi. Кiтапқа алғы сөздi жазған ақын Евгений Евтушенко болатын. Турбина Венецияда өткен фестивальде бас сыйлықты жеңiп алады. БАҚ өкілдері “талантты кiшкентай қыз” туралы қадау-қадау мақалалар жаза бастайды. Алайда 16 жасқа толғанда, оның аты-жөнi бұрынғыдай еш жерден көрiне бермейдi. Оқып жүрген Әдебиет институтын да аяқтамай, орта жолдан тастап кетеді. Дарынды қыз бiрнеше рет алкогольден емделедi. Сөйтiп, ешкiмге керегi жоқ ақын қыз 27 жасында өз-өзiне қол жұмсайды.
***
АҚШ тұрғыны Кристофер Ланган төрт жасында тілі шығып, алты жасында кiтап оқиды. Сонымен қатар, мектепте барлық пәннен ылғи “бестiк” алады. Бiрақ университетке түскен соң, “мен профессорларданда көп бiлемiн” деген желеумен оны тастап кетедi. Содан кейiн оның аты өшедi. 1999 жылы бiр кездерi газет бетiнен түспейтiн Кристофердi журналистер тауып алады. “АҚШ-тағы ең ақылды бала” қазiр бiр провинцияда тұрады. Орманшы болып жұмыс iстейдi екен.


Мұхтар КҮМІСБЕК