НАРЫНҚОЛ АУДАН ОРТАЛЫҒЫ БОЛҒАЛЫ ӨҢІРДЕ ТӨРТ МЕКТЕП ЖАҢАРДЫ

Уақыты: 02.04.2022
Оқылды: 1386
Бөлім: РУХАНИЯТ

Райымбек ауданының қайта қалпына келгеніне төрт жыл болды. Бұл жылдардың аудандағы білім саласына тигізген шарапаты мол. Атап айтар болсақ, таулы өңірдегі Жәмеңке, Қ.Шорманов, Ш.Уәлиханов, М.Мақатаев атындағы орта мектептерге күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, уақыт талабына, кезең келбетіне сай жаңғырып, жайнады. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы тұсында Қарасаз ауылындағы А.Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназияға ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді.

Қазіргі уақытта Тұзкөл ауылындағы Т.Мұсақұлов атындағы орта мектепте күрделі жөндеу жұмысы жалғасып жатыр. Биыл аудандағы Көксай, Көмірші, С.Сауранбаев атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Одан бөлек Қызыл Шегара ауылындағы К.Байшығанұлы атындағы мектепті күрделі жөндеуден өткізудің құжаттары жасалуда. Оған қажетті қаражат бөлінді.

Соңғы жылдары аудандағы Сарыжаз орта мектебіндегі физика кабинеті, С.Сауранбаев атындағы мектептегі ІТ кабинеті, А.Барманбекұлы атындағы орта мектеп-гимназиясындағы ІТ кабинеті, О.Жандосов атындағы мектептегі биология кабинеті, Шалкөде орта мектебіндегі ЛМК кабинеті, Қ.Шорманов атындағы мектептегі химия кабинеті жаңа модификациялық үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мұндай жақсылық аудан аумағындағы Көксай, Жәмеңке, Б.Соқпақбаев, М.Мақатаев, Т.Мұсақұлов, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептердегі бір-бір кабинеттерге жасалды.

Облыс орталығынан ең шалғай, мемлекеттік шегараның шетіне қоныстанған Райымбек ауданындағы білім саласына жасалып жатқан қолдау мен қамқорлық үшін облыстық әкімдікке, білім басқармасына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы