АҚЫЛДЫ УНИВЕРСИТЕТ: ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ЖАҢА ҒЫЛЫМИ ЖОБАСЫ

Уақыты: 07.04.2022
Оқылды: 1876
Бөлім: РУХАНИЯТ

Университеттер адами капиталды қалыптастырудың маңызды субъектілері ретінде рухани-адамгершілік тәрбиеге баса назар аудара отырып, озық технологиялар негізінде білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етуі тиіс.

Заман талабына сай үнемі жаңашылдыққа ұмтылатын және білім берудің жаңа сапасын қамтамасыз етуші жоғары оқу орындарының бірі - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Smart-университет жолында цифрлық жүйеге көшудің соңғы кезеңіне аяқ басты.

ҚазҰУ-да ізгілікті қоғам және рухани-адамгершілік, технологиялық платформалардың симбиозы туралы ұлы түркі философы әл-Фарабидің іліміне негізделген аl-Farabi university Smart City ғылыми-инновациялық жобасы табысты жүзеге асырылуда. Жоба жаңа буын университеті - 4.0 университетінің үлгісін қалыптастырудың құрамдас бөлігі болып табылады.

Жетекші қазақстандық университет Smart City жоғары оқу орындарының халықаралық консорциумының мүшесі бола отырып, Еуропалық Одақтың жоғары оқу орындарымен бірлесіп ERASMUS+ жобасы бойынша Ақылды қалаға арналған магистрлік бағдарламаны әзірлеуге кірісті.

Бағдарлама интеграцияланған оқу-әдістемелік кешенді, даярлау сапасын басқару жүйесін, оқытушылардың біліктілігін арттыруды, еуропалық әріптес жоғары оқу орындарының Smart University моделінің тұсаукесерлерін өткізуді, сондай-ақ, Еуропаның үздік университеттерінде академиялық ұтқырлық бойынша оқытуды қамтиды.

Erasmus SMARTCITY «Ақылды қалалар технологияларының магистрлік бағдарламасының инновациялық тәсілі» жобасына Қазақстан, Германия, Грекия, Болгария, Латвия, Ресей және Монғолия елдерінің ғалымдары мен профессорлары қатысады.

Жобаның мақсаты - Ақылды технологиялар мен университеттерді әзірлеу және құру саласында тәжірибе алмасу, сондай-ақ, жоғары білім беруді трансформациялау процесін ұсыну.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті - прогрессивті технологиялық дамудың, сондай-ақ, адамзаттың әлеуметтік және мәдени қайта құрылуының драйвері. ҚазҰУ қолданыстағы 30-дан астам халықаралық Erasmus+ бағдарламасына қатысып, Erasmus Mundus жобаларының ұлттық үйлестірушісі ретінде бірнеше рет өнер көрсеткенін және іске асырылып жатқан жобалар саны бойынша қазақстандық университеттер арасында көшбасшы болып табылатынын атап өткен жөн.

Жаннұр КЕҢЕСБАЕВА,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебі «экономика» мамандығының 4-курс студенті