ТАЛДЫҚОРҒАНДА АПТАСЫНА ЕКІ РЕТ ДАЛА КИНОТЕАТРЫ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Уақыты: 09.04.2022
Оқылды: 1106
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жастар» мәдениет және демалыс саябағында “Каникулы оff-line” киносының көрсетілімі өтіп, оны Талдықорған тұрғындары мен қонақтары тамашалады.

Алматы облыстық ішкі саясат, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармалары, жастарға қызмет көрсету және «Jetisý Media» орталықтарының ұйымдастыруымен өткен шараға 600-ден астам көрермен куә болды.

Жанға жайлы салқын кеште басқосқан көпшілік аталмыш туындыны тапжылмай отырып тамашалады. Пандемиядан кейінгі оффлайн форматтағы жиындарды, кездесулерді сағынған қонақтардың көңіл-күйі ерекше көрінді. Сонымен қатар, кино көрсетілімнің соңында ойын ойнатылып, жеңімпаздарға жүлделі сыйлық табысталды.

Бастама мұнымен шектелмейді, алдағы уақытта кино көрсетілімдер әр аптаның сәрсенбі және жұма күндері жалғасады деп күтілуде.

Қала тұрғындарының бір-біріне деген қарым-қатынасын нығайту, ән салдырып, би билетіп, түрлі ойындар ойнатып, өзара тіл табыстыру, жақындастыру, достастыру мақсатында орын алған шараның көпшілікке берері мол деп түйдік.

Рас, адам уақыт пен қоғамның жүйрік желісіне ілескенде ғана жақсы өмір сүреді. Бүгінгі таңда жастар уақытын мәнді де мазмұнды өткеріп, айналасымен түсіністік орнатып өмір сүруі керек. Бірлігі бекем, талғамы терең жастар елдің ертеңі екені айтпаса да түсінікті. Ендеше осынау игі шаралар аудан, қалаларда жалғасын тапса нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Сонымен қатар, біз атап өткен талғам мен таным, білім мен бірлікке әсер ететін, отбасылық құндылықтарды, ұрпақ сабақтастығын, туған жерге һәм елге деген сүйіспеншілікті насихаттайтын туындылар көрермен назарына ұсынылса деп ойлаймыз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы