АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖАСТАРДЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕГЕ ҮНДЕЙТІН ЖАҢА ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

Уақыты: 12.04.2022
Оқылды: 1264
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ел тірегі, келешегі – жастар. Ал жастардың болашағы бүгінгі алып жатқан біліміне, тәліміне, өмірлік бағытына тікелей байланысты. Жас буынға жол сілтейтін мектеп, қоғам, ұстаз, ата-ана екендігі сөзсіз. Шығыс әмір­лерінің бірі әл-Фараби бабамыздан: «Уа, ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қан­дай күйде болмақ?» деп сұрағанда, әл-Фараби: «Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонан соң айтып берейін», – деген екен. Жастардың мәселесі тек ұстаз бен ата-ананың ғана келісіп пішер тоны емес, ол қоғамға ортақ жайт. Осы орайда жастар саясатымен айналысатын облыстық ішкі саясат басқармасы жас буынның келешегіне жарқын бастама болатын жаңа жобаны іске асыруда. Бұл туралы Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Болат КЕРІМБЕКПЕН сұхбат барысында сұрап-білген едік.

– Болат Бақбергенұлы, өзіңіз бастамашы болып жүзеге асырып жатқан жаңа жоба жайында айтып берсеңіз. Оның ерекшелігі, артықшылығы қандай?

Кеңес дәуірінде адамдардың қабілетіне, ұнайтын кәсібіне қарай мамандық таңдауға мүмкіндік жасайтын жақсы жоба болған. Өйткені, кез-келген бала әлі буыны қатып, оң-солын танып болмағандықтан мамандық таңдауда қиналады. Бұл кезде мұғалімнің, ата-ананың көмегі керек. Ұстаз бен ата-ана балаға бағыт бере білуі шарт. Бүгінгі күнде жастарға тиісті деңгейде бағыт беріліп жатқан жоқ. Өйткені, қосымша ақпарат ізденіп, қандай гранттар, мамандықтар бар екендігімен оқушыларды хабардар етуге мұғалімнің мектептегі сабағынан қолы босамайды. Салдарынан ауыл жастары өздерінің бағытын анықтай алмайды. Оған көмектесетін мұғалімдер мен ата-аналар да тиісті ақпаратпен қамтылмаған соң балаларға бағыт бермейді. Сол себепті қоғамда мынандай жағдай қалыптасып отыр:

Бала өзінің ұнаған мамандығы бойынша оқуға түсе алмайды. Түскен күнде де грантқа емес, ақылы оқуға түседі. Оны бітіргеннен кейін меңгерген мамандығы оған ұнамай қалады, сөйтіп ол басқа салаға кетеді. Ол бойынша дипломның жоқтығынан сол саланың кәсіби маманы бола алмайды. Кәсіби маман атанбаған соң қызметінде өспейді. Ол жерде болашағы жоқ, яғни жұмыссыз қалады. Ақыр-соңында ары-бері сабылып жүріп, таксист немесе күзетші болады. Ал қазақтың балалары таксист немесе күзетші болу үшін туылған жоқ. Қазақ балаларының бойындағы қабілет үлкен. Оны Кеңес өкіметі кезінде аталарымыз дәлелдеді. Қазақтың мықты азаматтары инженер, энергетик, атомщик болды. Бір ғана Сәтбаевтың өзін мысалға алайық. Бүкіл қазба байлықтарды зерттеді. «Абай жолы» романымен-ақ қазақтың бүкіл болмысын, сөз бен ой тереңдігін көрсете білген, талай жасқа дәріс оқыған Мұхтар Әуезовті, қазақтың қайталанбас фильмдерін түсіріп тарихта қалған Шәкен Аймановты айтуға болады. Осындай қазақтың балалары бүгінде жоқ дейсіз бе? Әрине, бар. Біз тек соған жол көрсетіп, жарқырауына мүмкіндік аша алмай жүрміз.

Бұл жағдайды шешу үшін біз облыстық ішкі саясат, білім, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары бірлесіп, Алматы облысының «Азаматтық Альянсы» мен «Қоғамдық келісім» орталығының, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, журналистерді қатарымызға қосып, осы жобаны қолға алып отырмыз.

Жобаның аты – «Өмірлік бағдар» деп аталады. Бұл жерде айта кетерлігі, кәсіби бағдар беруде білім басқармасы тарапынан жылда жұмыс жүргізеді. Бірақ бұл жұмыс жеткіліксіз әрі формальді түрде жүзеге асады. Баладан қандай  мамандық таңдайтынын анықтап, оның есебін ауданға, аудан облысқа жібереді. Бір-екі сағаттық тәрбие жұмысын өткізеді де, сонымен жылы жауып қояды. Олай болмайды. Бала бойындағы қабілеттің қандай екендігін ұстаздан, ата-анадан артық ешкім білмейді. Сондықтан, баламен сырласа отырып, оның ішкі жан-дүниесін жете танып, қандай мамандыққа бейім екендігін анықтап барып, бағыт-бағдар беру керек.

Бір сөзбен айтқанда, қоғамда әркім өз ісімен айналысқаны жөн. Етікші етік тігуі керек, тарихшы тарихпен, мұғалім бала оқытумен деген сияқты. Әркім өз ісімен айналыспаған соң біріншіден сапа құриды. Екіншіден, білмейтін адам жұмыс істеп жүрген саласында көптеген қателік жібереді.Үшіншіден, білмейтін адамнан көп нәтиже күте алмайсыз. Себебі әр адамның қабілеті өзінің сүйікті ісін іске асырғанда ғана ашылады. Ішкі саясат басқармасы мұны зерделеп, осы істің қажет екендігін көріп, көз жеткізген соң ғана қолға алып отырмыз.

Қазір қоғам болып Жаңа Қазақстанды құруға атсалысып жатырмыз. Бұл бастаманың еліміздің жаңашыл жастарын қалыптастыруға ықпалы бар ма?

– Бұл Жаңа Қазақтанға тікелей қатысты. Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үшін жаңаша ойлау керек. Жаңаша ойлау үшін біз көзқарасымызды өзгертуіміз қажет. Ал көзқарасымызды өзгертетін сана. Сананы құры сөзбен өзгерте алмайсыз. Оған әсер ететін білім, бағыт, жаңа ақпарат. Сондықтан біз кәсіби бағдар беру арқылы ауылдағы, қаладағы жастардың өмірге деген көзқарасын жаңа бағытқа, шынайылыққа бұрғымыз келеді. Жылда қанша мемлекеттік грант бөлінетіні, оның көп бөлігі қандай мамандыққа бағытталатыны, ауылдық квота кімдерге берілетіні туралы ақпарат қолымызда бар.

Атап айтар болсақ, биыл білім басқармасы тарапынан кәсіби бағдар бағытында қысқа мерзімдік курстан өтуге 2000 грант бөлініп отыр. Бұл мектептен тыс жүрген жастарға бағытталады. Ол арқылы жастар күнделікті өмірге қажетті аспаз, шаштараз, наубайханашы, көлік жөндеуші, слесарь, дәнекерлеуші деген мамандықтарды оқи алады. Ол үшін шәкіртақы, жатақхана беріледі. Мұны үш ай оқып, сертификатын иеленген соң жұмыссыз жүрген жандар ары қарай қоғамнан өз орнын таба алады.

Қарап отырсаңыз, бұл арқылы мемлекет жастарға үлкен мүмкіндік жасауда. Ал жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы осы сынды 2500 грант ұсынып отыр.

Мәселен, Ақсу қант зауытына 50 маман керек болса, олар осыншама маманға сұраныс түсіреді. Білім басқармасы керекті қаражатты аударып, оларға керек маманды даярлап беруге мүмкіндік жасайды. Сонда бұл жерде кәсіпорын да ұтады, мемлекет те тиісті мамандарды даярлап, жастарды  жұмыспен қамтиды. Ал облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бұрыннан келе жатқан «Бастау» деген бағдарламасы бар. Ол арқылы ауылдағы жастардың 500 мың теңге қайтарымсыз грант алуына, 1 млн. теңгеге кәсіп ашуына мүмкіндік қарастырылған. Мұны ауыл жастары біле бермейді. Яғни, ақпаратты білмейтін адам бекерге сабылып жүріп, уақытын кетіреді. Түсіне білген адамға уақыттан бағалы дүние жоқ.

Жоба қалай жүзеге асады? Қанша жас қамтылады?

– Бұл жоба арқылы біз ауыл жастарының бәрін қамтимыз. Облыста 754 мектеп бар болса, осының барлығына барып, 9-10-11 сынып оқушыларымен кездесу жоспарымызда. Оларға бірінші жалпы жиналыс өткіземіз. Одан соң әр баланы алдымызға отырғызып қойып, оның неге қабілетті екенін сөйлесу барысында сұрап-біліп, мамандық таңдауға көмектесеміз. Оқушыларға қай жерде қандай грант бар екенін айтып ақпараттандырамыз. Өздерін қызықтырған мамандықты меңгерген соң қандай маман иесі болатынын айтып түсіндіреміз. Баланың өзімен жеке жұмыс жүргізген соң оның ата-анасымен де сөйлесеміз.

Мәселен, бала спортқа қабілетті болса, спорттық оқуларға жіберуге кеңес береміз. Спортшы болса ертең чемпион, тренер болатынын, жоқ дегенде ауылда дене шынықтыру пәні мұғалімі ретінде еңбек ететінін, қазір мұғалімдер 200-300 мың теңге көлемінде жалақы алып отырғанын айтып жеткіземіз. Осылайша ата-анаға да, балаға да сөйлесу арқылы бағыт-бағдар береміз. Қолымызда бар ақпараттық нұсқаулықтарды да табыстаймыз.

Біздің жоба төрт аудиторияны қамтиды. Бірінші – нысаналы аудитория – 9,10,11 сынып оқушылары, екінші – олардың ата-аналары, үшіншісі – мұғалімі, төртіншісі – ауылдағы мектептен тыс жұмыссыз жүрген жастар. Білім басқармасы арқылы жұмыссыз жүрген жастарды үш айлық курстарда оқытып, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жұмыспен қамтуға мүмкіндік жасаймыз. Кәсіпкерлік басқармасы арқылы грант алуға жол көрсетеміз, ауылшаруашылығы басқармасы арқылы қандай субсидиялар берілетіні туралы ақпаратты жеткіземіз. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл ақпаратты ауыл халқына таратып, жастардың болашағына жол сілтейміз.

Облыста жыл сайын мектеп бітіретін жастардың 20 пайызы орын тауып жатса, 80 пайызы адасып жүргені шындық. Сондықтан бұл көрсеткішті азайтуымыз керек. Ең болмағанда елу де елу пайызға жеткізуіміз қажет. Өйткені, өмірде адасқаннан жаман дүние жоқ. Оған біз зерделеу жасап көрдік. Бала егер сүйікті мамандығымен айналыспаса, университетте 4 жыл уақытын бекерге өткізеді. Онда ақылы бөлімде оқыса, төрт жыл ата-анасын шығынға батырып, мал-мүлкін саттырып, қинайды. Оны бітіргеннен кейін жан қалауы бойынша білім алмаған жас жұмысқа кіре алмайды. Жұмыссыз жүргеннен соң үйлене алмайды. Үйленсе де кеш үйленеді. Мұның бәрі неге әкеледі? Қоғамда жұмыссыз, билікке өкпелеген адамдардың қатарының артуына, ажырасудың көбеюіне әкеледі. Кеш үйленген соң баласы да өз уақытынан кейін туады. Демек, мұның салдары өте көп. Бұл барлық мәселенің бастауы десек болады.

Бұл жаңа бастама болғандықтан бір реттік қана жүзеге аса ма? Әлде жоспарлы түрде жалғасын таба ма?

– Бұл жай ғана бір реттік жұмыс емес, сәтті нәтиже көрсетсе, ары қарай жалғасын табатын үлкен бағдарлама, ғылыми жұмыс десек болады. Біз балаларға бағыт-бағдар беріп қана қоймаймыз, ауыл жастарының ойы, көзқарасы, құндылықтары, қызығушылықтарын зерделеп қайтамыз. Мемлекетке, қоғамға, ата-анасына деген ойын анықтаймыз. Бұл қалай жүзеге асады десеңіз, ол үшін арнайы сауалнама әзірледік. Өйткені балалармен қалайда кері байланыс орнатуымыз керек.

Сол сауалнамаға берілген жауаптар арқылы зерттеу жасап, белгілі бір қорытынды шығарамыз. Сонда бізде облыстағы барлық аудан, қала жастарының көзқарасы бойынша карта пайда болады. Ол арқылы деректер жинағын жасаймыз. Баланың аты-жөнін, жылын жазып, мәлімет қалыптастырамыз. Орыс халқы «балапанды күзде санайды» ғой. Біз қанша бала өзінің қалаған мамандығы бойынша оқуға түскендігін, немен айналысатынын зерделеп,  істеген жұмысымыздың нәтижесін күзде көреміз.

Жоба қай кезден бастау алады және кімдер жүзеге асырады?

– Жобаны қағазға сызу бар да, оны іске асыру бар. Бұл жобаның негізгі алаңы мектеп болады. Мәселен бір ауданда он ауыл бар десек, сол ауылдарды біз он күннің ішінде аралап шығуымыз керек. «Бір ауыл, бір мектеп, бір күн» деген ұстаным бойынша жұмыс істейміз. Орталықтан барған адамдар бір күнде бір мектепте болып, онда 9-11 сынып аралығында 150 бала болса, осыншама оқушымен бір күнде сөйлесіп, он ауылды он күнде қамтып шығады. Талдықорған, Қапшағай қалаларында мектеп саны көп. Сондықтан кесте бойынша жұмыс істеп, қаладағы барлық мектепті он күн ішінде толық қамтып өтеміз. Өйткені бұл жерде бір емес, бірнеше топ жұмыс істейтін болады.

Жобаны сәуір айында жүзеге асырмақшымыз. Неге десеңіз, мамыр айында мерекелер көп. Оның үстіне 9-11 сынып оқушылары емтихан, тест тапсыру үшін қарбалас дайындықта болатындықтан осы сәуір айын таңдап отырмыз. Әрі оқу орындарының қабылдау комиссиясы мамыр айынының аяғы, маусым айынан бастап жұмыс істейтіндіктен бала бір-екі ай ертерек өз таңдауын жасап үлгеруіне мүмкіндік туса дейміз. Сонымен қатар, бұл жұмыс жылына бір рет емес, науқанды түрде жылына екі рет өтеді. Сәуір айында бірінші кезеңі, қазан айында екінші кезеңі жүзеге асырылады. Демек, біз жылына екі рет мектеп оқушыларына бағыт беріп отырамыз. Бұл жүйелі әрі кешенді түрде жалғасын табады.

Ауылдарға кімдер барады дегенге келсек, Жастар ресурстық орталығының бес қызметкері барады. Сонымен қатар, облысымызда көптеген колледж бар. Колледждердің директоры, орынбасары, оқытушылары деген сияқты кәсіби бағдар беру бағытында жұмыс істейтін мамандар барады, олар да бес адам болуы мүмкін. Одан соң үкіметтік емес ұйымдардан екі адамнан аламыз. Еріктілер бар, оларды да осы қатарға қосамыз.

Бұл адамдарды алдын-ала дайындаймыз. Өйткені, ауылдарға дайындықпен баруымыз керек. Барған адам балаға не айтатынын білуі керек. Сондықтан осында жүз адам дайындасақ, олар аудандарға барып он адамнан дайындайды. Ол оқытқан адамдар ауыл-ауылдарға бөлініп кетеді. Мектеп оқушылармен тілдесуге мүмкіндік жасаса, ауыл әкімдері мектептен тыс жүрген жастарды жинайды. Сөйтіп, олармен жұмыс жүргізіледі. Көлік орталықтандырылған болады. Әр ауданда үздік педагогтар бар, мәселен, зейнетте жүрген. Ол кісілерді де бұл жұмысқа тартамыз. Себебі, ол кісілер жастар алдында сенімді сөйлейді және бағыт беруге көмектесе алады. Ауданда кәсіпте белгілі бір нәтижеге жеткен кәсіпкерлер бар, оларды да жастармен кездестіріп, үлгі-өнеге ретінде насихаттасақ дейміз. Өйткені кез келген істе адам еңбек арқылы ғана нәтижеге жетеді. Сондықтан еңбек адамдарын да бұл іске тартамыз.

Мақсатымыз – тек бағыт-бағдар беріп қою емес, жастардың көзін ашу. Қазір балалар қарапайым нәрсені білмейді. Университетке тапсырушы бала оның не екенін толық ұғынбайды. Колледж бен университетті ажырата алмауы, институт немесе академияның не екенін түсінбеуі мүмкін. Әр оқу орнының өзінің мақсаты бар, оқыту жылдарында да айырмашылық кездеседі.

Осындай нәрселерді білмейді, бірінен-бірін ажырата алмайды. Оқу орнының атын, затын білмеген соң мамандықтан тіпті шатасады. Өйткені мамандық көп. Бала болашағына қажет нәрсені білмесе, ата-ана оған қажетті дәрежеде ақпарат бермесе, мұғалім жол көрсетпесе, ол не істейді? Қалаға келеді де бір оқу орнына құжатын тапсырады. Ата-анасы үшін оқиды да, әйтеуір дипломын алып, жұмыс жоқ деп отырады. Үй ішіндегілерге салмағын салады. Ата-анасы таныстарынан жұмыс сұрап, реті келіп жатса бір жерге орналастырады.

Ол дұрыс емес. Мәселен, Еуропа, батыс елдерінде мемлекет мүмкіндік жасайды, бала өзінің таңдауы бойынша өмірін қалыптастырады. Сол сияқты бұл жоба баланың өзіндік таңдау жасауына мүмкіндік ашып, демеп жіберу, көмектесу, бағыт-бағдар беру үшін жасалып отыр. Алдағы уақытта бұл жоба сәтті іске асып жатса, өзге облыстарға үлгі ретінде таратсақ деген ойымыз бар.

Осы алдымыздағы 20 мамырда әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті VII шақырылымдағы ҚР Парламентінің ІІ сессиясына арналған ҚР Парламенті Сенатының негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Жаңа Қазақстан: жастар және жаңғыру» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтеді. Сонда Алматы облысы атынан осы «Өмірлік бағдар» жобасын ұсынбақпыз.

Қазіргі жастар еңбектенгеннен гөрі көп нәрсеге оңай, жеңіл жолмен жеткісі келеді. Бұл да өмірдің ащы шындығы. Осы орайда баланың ойын, санасын өзгертуге қалай ықпал етуге болады деп ойлайсыз?

– Кейбір жасқа: «Кім болғың келеді?» - десе, бастық болғысы келетінін айтады. Бастық ол мамандық емес, қызмет. Басқарма басшысы, бөлім басшысы деп жатамыз. Өзім басшылық қызметті сол жұмысты ұйымдастырушы, менеджер ретінде қабылдаймын. Жастар қызметті мамандық деп шатастырып, бастық болуға асығады. Тойға барғанда да бір-біріне тілек айтқанда «бастық бол» деп жатады. «Сен өз салаңның майталманы, мықты кәсіби маманы бол» деу аз. Әрине, бала соны естіген соң бастық боламын дейді. Бастық дегенді мамандық,  кәсіп деп қабылдайды.

Осы орайда айтатын тағы бір мәселе, қазақтың бәрі бай болғаны, әрине, жақсы. Бірақ та байлықтың негізі еңбекте екенін ұмытпауымыз керек. Еңбек етпей, дұрыс мамандық таңдамай адасып жүрген адам ешқашан бай болмайды. Материалдық және рухани тұрғыдағы байлық бар. Сіз өз мамандығыңызды жақсы көрсеңіз сіз рухани тұрғыда байсыз. Кәсібіңізді жақсы білген соң қызметіңіз де өседі, ақшаңыз да көбейеді. Демек, материалдық тұрғыда да баисыз. Бақытты өмір сүресіз. Оның түбі осы мамандықты дұрыс таңдауға келіп тіреледі. Сондықтан өмірде өз бағытыңды тура табу – ең негізгі іс. Мамандық таңдау – жар таңдау сияқты маңызды қадам.

Қазіргі жастардың құндылықтары мүлдем бөлек. Мәселен, кеңес дәуіріндегі азаматтар адалдық, адамгершілік, достық, бір-біріне көмек көрсету, мейірбандық деген қасиеттерді бойларында қалыптастырды. Қазіргі жастарда қатыгездік, жеке басын ойлаушылық, өзімшілдік басым. Өзін ғана ойлайтын адамның біреуге жаны ашымайды. Кеңестік тәрбие бізді ұжымдық ойлауға тәрбиеледі. Егер үйіңізде ұжымдық тәрбие болса, отбасында он бала, бес бала болса да бір-біріне қарайласады.

Бір ғана бала болса, ол эгоистік тәрбие алады. Жалғыз болып өседі де өзгелерден биік болғысы келеді. Бұл қоғамға да қауіпті. Сонымен қатар, жастардың санасы әлеуметтік желіде, Ютубта, жеңіл ақпараттарды көру арқылы да бұзылуда. Адамдардың бірден байығанын көреді де солай болу керек деп ойлайды. Оның байлыққа жету жолын оқымайды да, зерттемейді де. Жұмыс істеп оған өз тарапынан қадам жасамаған соң дайын асқа тік қасық, әке-шешелеріне масыл болады.

Шындығы керек, ауылдарда әке-шешесінің зейнетақысына қарап отырған тепсе темір үзетін азамат көп. Ата-анасы оларды өмірге әкеліп, өсіріп жеткізеді. Қартайған шағында да зейнетақсымен асырайды. Олай болмайды. Бұл намысқа тиетін нәрсе. Қазақ қоғамында ондайға жол бермеу керек. Ол масыл аамдар, ертең маған үй бер, жағдайымды жаса, жұмыс тауып бер дейді.

Мұндай жағдай орын алмас үшін әрбір адам патриот болуы тиіс. Патриотизм ту алып көшеде жүру емес, ол адал еңбек ету. Мәселен диханшы егінін орады, қамбаға түсіреді, өнімін халыққа жеткізеді. Өз ісін ұрлықсыз адал атқарады. Бәленбай гектар жерге бидай егіп, одан мол өнім алып, нәтиже көрсетсе, ол патриотизм емей немене? Ауыл бидайының бір дәнін жерге түсірмей жинап алу бұл елді сүю, жерді сүю емес пе?

Тәрбиенің, патриотизмның әлсіздігіне кінәлі мектеп те, мұғалім де, ата-аналар да емес. Оған кінәлі ақпарат құралдары. Өйткені, интернет, ұялы телефон пайда болғалы бері ақпарат адамның жанында жүреді. Онда түрлі нәрселер көрсетіледі. Оның көбісі қажет емес күл-қоқыс. Одан бала керек ақпаратты ала алмайды. Ал ой тоқтатқан, сана-сезімі толық азаматтар керегін сұрыптап алады. Өйткені, сіздің тәжірибеңіз соған лайық. Бала болса қоқыс ішіндегі барлық ақпаратты ала береді де, миы айналып не керек екенін түсінбейді. Сөйтіп өмірдегі бағытын да жоғалтып алады. Сондықтан мұның бәріне кінәлі ғаламтор, қазіргі ақпараттық заман. Адам сол адам, мектеп сол мектеп, қоғам сол қоғам болып қалды. Бірақ сол қоғамға әсер еткен ақпарат пен нарықтық жүйе.

Мұнымен қалай күресе аламыз?

– Меніңше, баланы шамалы болса да интернет, телефоннан шектеу керек. Каңтар оқиғасында бірнеше күн шектелдік, одан адамдар адасып кеткен жоқ. Интернеті жоқ Африканың, Азияның кейбір мемлекеттері бар. Олар жақсы өмір сүріп жатыр. Интернет не үшін керек? Мекемеде жұмыс істеу үшін керек. Кезінде телефон мекемеге қажет болды, сол арқылы байланыс орнаттық. Осы орайда «Телефонсыз мектеп» деген бағдарлама жасап жатырмыз. Бала мектеп табалдырығын аттады ма, сол жерде телефонды өткізіп кету керек те, сабақ біткен соң телефонын алып үйге қайту керек. Яғни, бала мектепке барған соң ештеңеге алаңдамай, таза білім алғаны дұрыс.

Мешітке барғанда телефон шұқылап отырмайсыз ғой, құлшылық етуге келдіңіз бе, құлшылығыңызды жасайсыз. Сол сияқты неге біз балаға мектепте телефон беруіміз керек? Мектепте балаға телефон ұстауды тоқтатсақ, ата-ана үйде шектеу қойып, түнде телефон қарауды қойдырса, бәрі қалпына келеді.

Содан соң біз ұстазды сыйламай кеттік. Ұстазды сыйламау деген – ананы сыйламау деген сөз. Анасын сыйламаған адам ол құдайдан да қорықпайды. Құдайдан қорықпаған адам адамзаттың қас-жауы. Сондықтан ішкі саясат басқармасы ұстазды, отбасылық құндылықтарды құрметтеу деген нәрселерді қолға алып жатырмыз. Жас ұрпақтың тәрбиесі дұрыс болу үшін кезіндегі білім, тәрбие жүйесін қайта қалпына келтіруіміз керек. Сонда ғана адамзат дұрыс бағытта дамиды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Алма ЕСЕНБАЙ

Алматы облысы