ҚҰДАЙДАН ТІЛЕЙТІНІ АТАМЕКЕН ТЫНЫШТЫҒЫ ЕДІ. ҚОНАЕВ ТУРАЛЫ КӨРКЕМ ШЫҒАРМА

Уақыты: 11.05.2022
Оқылды: 1910
Бөлім: РУХАНИЯТ

Шығармашылығын өлеңмен бастап, «Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Темірқазық», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өркен», «Биіктей бер, тауларым», «Жетіген», «Тамұқ отына жанбаған», «Шешендер», «Ичкерия» атты жыр кітаптарын жазған белгілі қаламгер Рафаэль Ниязбеков проза жанрына да қалам тербеген жан. Оның «Отағасы», «Қаңтар», «Қызғыш құс» сияқты повестері мен «Қызыл үй», «Тас құдай» атты романдары көзіқарақты оқырманның көңілінен шықты. Төменде ғұмырының соңында халқының сүйікті ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев туралы жазған «Көсем» атты романынан үзінді беріп отырмыз:

Жыл өткен сайын Хрущевпен жұмыс істеу қиындап бара жатты. Көп қайралған пышақтың қырындай боп жүйкесі де жұқаруға айналған. Туған елдің мүддесі жолында қабырғаңды біртіндеп сөгіп, қоң етіңді жұлып жеп жатса да шыдауың қажет. Басқа жол жоқ. Румыниядан қай­тып оралған бойда Орталық Комитеттің пленумын өткізіп, онда астық жинау мен жемшөп дайындау барысы қаралған еді. Жағдайдың онша мәз емес екендігі бірден байқалды. Жаңбыр жаумай, өрістің шөбі қу­рап, жердің тандыры тартылып, барлық өңірді құрғақшылық жайлаған. Әсіресе, астықты облыстардың жағдайы мүшкіл екен. Ең басты шаруа – барын базар көріп, жер бетіне қылтиып өніп шыққан астықты төкпей-шашпай жинап, содан соң келесі жылға дайындық жұмысын мықтап жүргізу керек еді. Мәскеу де, Хрущев те бұған онша көңіл бөлмеді. Оның есесіне кадрларды әрі-бері ауыстырып, сабандай сапырылысты­рып жатты.

Никита Сергеевич ойына бірдеңе түссе, ол – дұрыс па, бұрыс па, оған мән беріп, сүзгіден өткізіп, толғанып жатпайды. Сол бойда ұлы иде­яға айналдырып, тездетіп жүзеге асыруға жанын салады. Оның бір облы­сты екіге бөліп, ауылшаруашылығы және өнеркәсіп облыстарын құруы сондай асығыс ойдан туған қателіктер еді. Кадр жөнінде де солай. Ол кетігін тауып қаланған кірпіш секілді өз орнында отыр ма, жоқ па, оған қарамайды. Көңілінің хошы жоқта бір сылтауды табанда ойлап тауып, қызметінен жылжытып, сандалтып жіберуден тайынбайды.

Бір жолы Хрущев телефон шалып:

– Димаш Ахметович, сөздің ашығын айтайын. Сіздің екінші хат­шыңыз өте дәрменсіз басшы. Қолынан іс келмейді. Оны дереу орнынан алып, бізге жіберіңіз, – деді.

Көнбеске шара қайсы? Орталық Комитеттің бюро мүшелерін жинап, Хрущевтің нұсқауын айна-қатесіз жеткізген. Родионов жылы орнын бо­сатып, Мәскеуге кетті. Бірақ бұл бұнымен бітпеді. Артынша совминнің төрағасы Дәуленов қызметінен босатылды. Орнына Алматы обкомының бірінші хатшысы Мәсімхан Бейсебаев тағайындалды.

Қонаев шындықты ізгіліктен іздеген басшы болатын. Сырт қараған­да момын көрінгенмен көкірегінде небір бұрқанған асау ағыстар жүріп жататын. Рас, ол кезде көптеген мәселе Мәскеуде шешілетін. Бірақ соған қарамай қарауындағы қызметкерлерден одақтық ұйымдарда республи­каның мүддесін жан салып қорғай білуді талап ететін және қажет жерін­де өзі де сол іске бел шешіп кірісіп, оң шешілуіне ықпал жасайтын. Он­дай тұста серттен таймайтын ақ семсер еді.

Араға едәуір уақыт салып Хрущев тағы хабарласты.

– Мен тың облыстары жөніндегі Бюроны таратып, оның орнына құрамына бес облыс бар Тың өлкесін құруға шешім қабылдап отырмын. Бұл жөнінде сіздің ойыңызды білгім келеді.

Қонаевтың Мәскеудің әрбір қадамын алдын ала сезіп, небір қылует­те жатқан құпиясын да біліп отыратын бір сиқыры бар-ды. Хрущев мына сауалды өзіне тегін қойып отырмағанын жіті аңғарып:

– Сонда ол өлке екі жаққа да бағынышты бола ма?

– Әрине.

Ұлы державалық саясатқа қарсы тұру мүмкін емес-ті. Алайда бұл жолы шегінер жер қалмаған еді.

– Жоқ, болмайды. Бұл түбірімен қате, Никита Сергеевич! Жерді кесіп-пішкенде жетер мұратымыз қайсы? Мұның зардабы кейін өте ауыр болады, – деді Қонаев шамырқанып. Ол:

– Сізге мұны түсіндіру қиын сияқты, – деді телефон тұтқасын ор­нына қойып жатып.

Дінмұхамедтің Құдайдан тілейтіні: ата-мекеннің тыныштығы, ата-баба аруағы, ақ некенің беріктігі еді. Шовинистік жат пиғыл бел алып тұрған мына бұзық заман екі күннің бірінде қара боранын суырып, қағы­нып тұр. Ақылға көнетін сыңайы байқалмайды. «Күштінің арты диір­мен тартады» деген осы. Ақырында Тың өлкесі құрылды. Мұның арғы жағында бір арам пиғылдың бұғынып жасырын тұрғанын Қонаев білді, әрине. Бірақ тыпырлағаннан басқа қолынан еш қайран келмеді.

Артынша Мәскеуде тағы бір мәселе көтерілген.

– Сіздерге айтар менің мынандай ұсынысым бар, – деді Никита Сергеевич тағы бір сұмдықты ойлап тауып. – Бөліп-жармай Қа­рағанды облысын Тың өлкесіне қоссақ деймін.

Мәслихат Хрущевтің кабинетінде өтіп жатқан. Оған Микоян, Коз­лов, Брежнев, Косыгин, Первухин және басқа да ығай мен сығайлар қа­тысып отырған. Бұлар қапелімде үндей қоймады. Бірақ Қонаев оның әлгі сөзін естігенде күйінішін жасыра алмады.

– Бұл қай сөзіңіз, Никита Сергеевич! Бұлай істеуге болмайды. Қай­талап айтам, мүлде болмайды. Егер Қарағанды көмір бассейнін өлке құрамына қоссақ, онда астық өндіру жұмысы біржола тоқырап тоқтайды. Өлке астықпен айналыспайтын болады. Сізге керегі осы ма?

Хрущев сөзін аяқтатпай бөліп:

– Өнеркәсіпсіз тыңды көтеру мүмкін емес. Сіз тағы да жете түсін­бей төске өрлеп отырсыз. Біз Қарағандыны жат қолға бергелі жатқан жоқпыз ғой. Өзіміздің игілігіміз үшін Тың өлкесінің құрамына қоссақ деймін. Сондықтан, Қонаев жолдас, қарсыласа бермей жөнге көнгеніңіз дұрыс, – деді ызбарланып. Ашуланған­да алқымы буаз кесірткенің бауырындай ісініп шыға келетін еді. Бұл жолы да тура солай болды.

Мәслихаттың ауаны өзгеріп, әңгіменің қайда желі тартып бара жатқанын аңғарған Микоян осы кезде сөзге араласып:

– Босқа қызына берме, Никита Сергеевич! Сөзге қонақ бер. Бұл арада сені қолдамаймын. Дұрыс айтып отырған жоқсың. Ал, Қа­рағандыны Тың өлкесіне қостық дейік. Содан келер, кетер пайда қайсы? Сен соны ойладың ба? Қонаев дұрыс айтып отыр. Егер Қарағанды Тың өлкесіне қосылды бар ғой, қашан айтты деме, өлке басшылары көмірмен айналысып кетеді де, астық екінші қа­тарға ысырылып, бірде еленіп, бірде еленбей ақырында ұмыт бо­лады. Шынтуайтына келгенде Тың өлкесі көмір емес, астықтан мол өнім алу үшін құрылып отырған жоқ па, – деді Хрущевпен етжақын адамдай еркін сөйлесіп. Соған қарағанда екеуінің ара­сындағы достық, сыйластық мығым көрінді.

Қарағанды өлке құрамына кірмейтін боп бұрынғы көмір өндіретін қалпында қалды. Қонаев бір қағаберісте Микоянға таяу барып:

– Рақмет. Сіз болмағанда бұл жағдай шиеленісіп, соңы дау-дамай­ға ұласып кетер ме еді, әлде қайтер еді. Оған жібермей тігісін жатқызып, жымдастырып жібердіңіз, – деп алғыс айтып еді.

– Оқасы жоқ. Ақиқатты оқтаулы мылтықтан қорғай білмесем, онда менің кім болғаным, – деді көзінде бір қуақы жылт ойнап...

Соңғы уақытта Хрущев алыстан торуылдаған қарақшыдай Қонаевқа жиі-жиі телефон соғып, әйтеуір бір мәселе төңірегінде әңгіме қозғап, сол жөнінде ақылдасқан боп, көңіл ауанына зер сап байқастап, барлап отыратын болған. Қандай мәселе болмасын, оны жоғары жақта әбден пісіріп алып, шешімін күлтелемей бір-ақ айтатын ол шын мәнінде Қонаевтың пікіріне зәру емес-ті. Жай әшейін сарт мезірет секілді сасық қулығы еді оның.

Бірақ бұл Қонаевты ойландырмай қоймады. Ол телефон соққан сайын оның арғы жағынан бір жат пиғыл қылаң беріп көрініп қалатын. Сонан ба, оның Тың өлкесін тегін құрмағанын да, кейін бір орайын тауып қазақ елінің солтүстік байтақ өңірін жайлаған астыққа бай және өнеркәсіп орналасқан аймағын түгел бөліп алғысы келетінін де жіті аңғара білді. Содан соң тың өлкесі өзге өңірден ерекшеленіп көрініп тұрғанын көңілі хош көрмей айтысып, тартысып жүріп республиканың оңтүстігі мен батысында да өлке құруға қол жеткізді. Ондағы мақсаты: барлық аймақты тепе-теңдікте ұстап, болашақта қазақ жерінің бөлшектелуіне жол бермеу еді.

Әдетте Хрущевтің аузынан қайбір жібі түзу сөз шығушы еді.

– Димаш Ахметович! – деді ол және бір телефон шалып сөйлескенде. Үнінде бір зіл бар сияқты сезілді. – Айтқанға көнбей оңтүстік, батыс өлкесін құрдыңыз. Одан пайда бар ма, жоқ па, мен білмеймін. Алайда, мен білетін жалғыз шындық: ол – осы таяу жылдары республика арасындағы шегара бүтіндей жойылатындығы.

– Сенімдісіз бе?

– Сенімдімін.

Тың өлкесі қалай құрылды, келімсектер солай өз үстемдігін сезініп: «Целинный край – Хрущевский край» деп түнгі ауаны қақ жарып, ән шырқайтын болған. Онсыз да бұл оғаш қылық жүйкеге тиіп, діңкелетіп тұрғанда оның соңғы бейпіл сөзі Дінмұхамедтің жүрегіне оқтай қадалған. «Мынау не деп сандырақтап тұр» дегенше ол телефон құлағын орнына қоя салды.

Оңтүстік және Батыс өлкелері құрылғаннан кейін енді Шығыс Қазақстан өлкесі туралы ұсыныс дайындалып жатқан. Істің қалай, қайда ауан алып бара жатқанын бұл кезде ешкім жете түсіне қойған жоқ-ты. Дәл осы тұста Орта Азия бюросы құрылып, оның құрамына Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан және Қазақстанның Шымкент облысы басшылары енген болатын. Хрущевтің ішке түйген жымысқы ойы осыдан кейін бұлттан шыққан күндей жарқырап, айқын көрінген еді.

Ол осы орайда өз идеясын қалайда жүзеге асыруды көздеп, республика арасындағы шегараны жоюға барынша күш салды. Өйткені оны қызыл империяның құзырына қараған өзге ұлт, ұлыстың барлығын тілінен, ділінен, дінінен... қысқасы, қасиет ерекшелігінен түгел айырып, біржолата орыстандырып жіберсем деген бір ғана усойқы ой басын шырмап, онсыз да кембағал миын улап, шовинистік айықпас дертке ұрындырған еді.

Ол, затында, арыстанның сыбағасын аузынан тартып жеп үйренген жырынды басшының бірі болатын. Тек Ресейдің ғана мүддесін көздеп жүргізіп отырған мың қатпарлы құйтырқы саясатын Қонаевтың жете ұға бастағанын іші сезіп, түбінде кедергінің қайдан келетінін ойлап, көңілге бір түйіп қойған-ды.

Екеуі Тың өлкесінде тағы жолықты. Кездескен бойда:

– Маңғышлақ түбегін Түрікменге беру қажет, – деді бірден ықтырып алмақ болып.

– Неге?

– Оларда тәжірибелі мамандар жеткілікті. Маңғышлақ мұнайын тез игеріп алып кете біледі деп ойлаймын.

Бұл буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей еді. Дінмұхамедтің қатқыл айтпасқа шарасы қалмады.

– Сіз біздің мүмкіндігімізді бағалай білмейді екенсіз. Мұнайшыларымыз да, геологиялық барлау ұйымдарымыз да ешбір елдің мамандарынан кем емес, қайта артық болмаса. Бірақ соған қарамай сіздің бұл ұсынысыңыз жүзеге асар болса, оң қолымды жүрегімнің тұсына қойып айтайын, тарих сіз бен бізді ешқашан кешірмейді.

Ол Дінмұхамедтен мұндай оқыс мінез күтпеген еді. Бір қызарып, бір сұрланып отырды да іле-шала мұның бетіне сұғын қадай қарап:

– Бір халықтың ғана мүддесін көздемеңіз. Бүкіл Кеңес Одағына мұнай керек, білдің бе? Және орасан мол мұнай қажет екенін бұдан былай ұмытпай есте сақтаңыз, – деді ашуға булығып. Сол кезде тұз көзінен бұған қарай тікенек суық ұшқындар шашыраған.

Қонаевтың көзі бұл уақытта мұнар мұңға тұнып тұр еді. «Коммунизм, теңдік, интернационализм, әділеттік дегенің тек жиналыста айтылып, сосын баспасөз беттерінде ғана жазылатын жалған бірдеңе екен ғой, бұрын кім білген мұны?» – деді көкірегі ащы қыжылға толып.

– Сіз Ресейдің мүддесін көздегенде мен өз халқымның тағдырын неге ойламауым керек. Мұның несі сөлекет, несі айып, өзіңіз айтыңызшы, Никита Сергеевич! – деді Дінмұхамед ендігі жерде аласара бергенді жөн көрмей шамырқана тіл қатып.

Хрущевтің беті кәдімгідей қайтып қалғандай көрінді. Ашумен Қонаевты ықтырып, дегеніне көндіре алмасын біліп:

– Өйтіп менімен дауласпа. Ақылға кел. Маңғышлақ түбегін Түрікменге береміз бе, жоқ па? Одан да соны айт, – деді дауысын жорта жұмсартып.

Қонаев та жағдайды одан әрі ушықтыра бергісі келмеді. Баяғы сабырлы қалпын қайта тауып:

– Никита Сергеевич, менің уәжіме тоқталғыңыз келмесе, онда Геология министрі Сидоренкомен сөйлесіп көріңіз. Ол не дейді екен, тыңдалық, – деді.

Ол Сидоренкоға жалма-жан телефон шалды. Дінмұхамед қалай болар екен деп дүдәмал көңілде күпті боп отырған. Бағына қарай Геология министрі екеуінің ойы бір жерден шығып, едәуір сергіп, көтеріліп қалды. Саңқылдаған дауысы телефоннан анық естіліп тұрды.

– Никита Сергеевич, Қазақстанда геологиялық қызмет жүйелі әрі мықты дамыған. Оған күмәніңіз болмасын. Өзге елге қарағанда қазақтар Маңғышлақты тез игереді, оған тәжірибелері толық жетеді. Оның бер жағында түбек осы таяу күндері Ақтөбе және Гурьев темір жолымен жалғасып, қарқынға қарқын қосқалы тұр. Мұның өзі, түптеп келгенде, Маңғышлақ мұнайын игеруді шапшаңдата түседі, – деді сөздің тоқетерін бір-ақ айтып.

Хрущев министрдің уәжіне тоқтарын да, тоқтамасын да білмеді. Екіұрық халде сәл аңырып отырды да ләм-мим деп тіл қатпаған күйі телефон тұтқасын сылқ еткізіп орнына қоя салды. Сосын Дінмұхамедтің жүзіне тіксіне қадалып:

– Маңғышлақ жөнінде әлі де ойланайық. Қазір мені басқа бір мәселе мазалап тұр. Кешке осы менің вагоныма кел. Екеуара оңаша отырып, дастарқан үстінде әңгімелескенді құп көріп отырмын. Мүмкін сонда екеуміз ортақ бір мәмілеге келіп қалармыз деп үміттенем, – деді маңғазданып.

Хрущев екеуміздің арамызда қандай әңгіме болуға тиіс деп Қонаев таңырқаса да құзырлының меселін қалай жықсын, белгіленген кешкі уақытта вагонына келген. Көл-көсір жайылған дастарқанды көргенде бір жайсыздықты сезіп, іші қылп ете қалды. Ол бұл келгенше едәуір сілтеп, қызара бөртіп алыпты. Дінмұхамед, бірақ, оған онша көңіл аудармады.

Никита Сергеевич бұл жолы елде жоқ елгезектік танытып:

– Келгеніңіз дұрыс болды. Төрлетіңіз! Сіздің денсаулығыңыз үшін! – деп қолына ұстаған арақ толы рюмканы жоғары көтеріп іркілмей тартып жіберген. Содан кейін көсіліп бір сөйледі дейсің. Қызығы мен шыжығы мол өз өмірінен бастап, биліктің шырқау биігіне қалай көтерілгенін, сол арпалысқа толы қым-қуыт күрес жолында кімдермен шайқасып, кімдерді омақаса құлатқанын, ендігі жерде өзінен асқан құдірет иесі жоқ екенін, қарсы келгеннің қабырғасын қақырата сөгіп, құрдымға жіберетінін шегелеп айтып келді де, кенет әлдене есіне түсті ме, немене, негізгі мәселеге ойысып:

– Таяу арада шегара жойылады. Соған байланысты қазақ даласының солтүстік өңірін жайлаған астықты бес облыс Ресей Федерациясының құрамына өтеді. Ал, Жамбыл облысының шығыс жақ бөлігін өзіне қосып алған Алматы облысы ұйғыр автономиясына айналады. Алматы қаласы соның орталығы болғандықтан Қазақстан астанасы Қарағандыға көшіріледі. Шымкент түгел өзбектің құзырына қарайды. Маңғыстау түбегі Түрікменге беріледі, – деді ақыл-естен айырылған адамдай жөнсіз сандырақтап.

Мына сұмдық сөзді естігенде Қонаевтың өңі сілтіге салған сүйектей бозарып кетті. Қапелімде не істерін білмеді. Оның ішкі тыныштығын кетіріп жүрген бір түйткіл – өсіп келе жатқан қазақ елінің солтүстік байтақ өңірін жайлаған астықты бес облысының тағдыры еді. Бүйірін ақ сайтан түрткен Хрущевтің бұл орайда аянып қалатын сыңайы байқалмайды. Аузын арандай ашып тұр. Заман тарылып, уақыт қуарып, қан тілеп тұрғандай көрінді. Шегінетін жер де қалмай барады. Қайтпек керек?!

Мұхаммед пайғамбар Алланың атымен билік құрған еді. Дінмұхамед те сол ізгі жолды ұстанып, партияны бетке ұстап ел басқарды. Әйтсе де партия жұмысында жоғары қызметте жүріп ұлан-байтақ жері бар, байлығы бастан асатын және даңқы жер жарып тұрған қазақ елін, оның көп ұлтты халқын жалғыз билеп-төстеп отырмын деп ешқашан астамшылық жасап, асып-тасып, бейпіл сөз айтып көрген жоқ-ты. Бірақ ол дәл осы минөтте бір жағы әр шығанға алып қашқан ойлардан басы қатып, бір жағы ақкөз ашуға булығып, ызалы отырған еді. Өзіне есеп бере алмады.

– Сонда Қазақстанда сіздің шонтайыңыз қала ма? – деп қалай айтып салғанын аңдамай қалды.

Хрущев басынан қалай сөз асырсын. Бұрқан-талқан болып:

– Әй, не тантып тұрсың сен? – деп ақырған.

Бұдан кейін Дінмұхамед те тартынбады.

– Енді не деуім керек? Қазақ жерін бөлшектеп, шүлен етіп таратқалы отырсаңыз, – деді шабынған бурадай бұрқ-сарқ қайнап.

– Құзырымызға қараған жердің тағдырын біз шешеміз.

– Жоқ, халық шешеді.

– Халық деген не өзі? Қара тобырды айтып отырмысың халық деп... мал сияқты қай жаққа айдасаң солай қарай маңып жүре беретін.

– Бірақ қазақ халқы сіз ойлағандай емес. Мінезін, сырын білмеген соң айтып отырсыз бұл сөзді. Қазақ сырты момын болғанымен іші асау халық. Жер сияқты қозғалуы қиын. Ал бір қозғалды ма, дүниенің астан-кестеңін шығарады. Байқаңыз. Елдің қытығына тиіп, көтеріп жүрмеңіз.

– Сіз мені қорқытып отырмысыз.

– Жоқ, ай, күннің аманында екі елді жауластырмаңыз. Ақылға келіңіз деп отырмын. Кешегі қанды қырғын соғыста Мәскеуді қорғап қалған қазақстандықтар, соның ішінде, Бауыржан Момышұлы басқарған двизия екенін ұмытпаған шығарсыз, – деді Дінмұхамед те тайсалмай.

Оның бұл сөзін естігенде ол жынданып кете жаздады. Орындықтан атып тұрып:

– Бұл қарғыс атқыр ұлтшылдық қашан құриды? – деп үстелді жұдырығымен қойып қалғанда хрусталь ыдыстар бір-біріне соқтығысып, бірлі-жарымы сынып, шашылып қалды. Бұдан кейін отырыста не сән болсын. Дінмұхамед орнынан жедел көтеріліп, өз вагонына кетті. Артына бұрылып қарамады да, тіпті қоштаспады да... сенен келген керді көріп алдым дегендей тоңтеріс күйде кете барған.

Қазақ елінің тұтастығын, шегарасын сыйлауды Мәскеу баяғыда ұмытқан. Сол себепті ендігі жерде ол жақтан жақсылық күтудің қажеті жоқ-ты. Өзіне қауіпті адамдарды өлтіру арқылы өз өмірін ұзартып келген партия мен үкіметтің инициативасы бойынша бұл уақытта солтүстіктің астықты бес облысына байланысты былайғы көз байқай қоймайтын астыртын әрекеттер жүріп жатқан. Мұның үлгісі әуелден дайындалып қойған-ды. Қай күні, қай жақтан бір шатақ шығар екен деп танауын желге төсеп, жаланып жүретін мысықтілеу, жыланбауыр Хрущев Ресей аймағына жататын Қырымды уағында Украинаға ойланбай беріп жіберіп, Қырым халқы мен Қара теңіз флотының арасына сына қағып, өмірі бітпейтін дау, өмірі шешілмейтін проблема тудырып, екі жақты да сарсаңға түсірген еді. Енді, міне, өзі үкімет басында отырғанын пайдаланып, тұтас бір халықтың көз жасына қарамай ана бес облысты Ресейге қосқалы алқымы уға толы әбжылан сияқты ысқырып тұрғаны мынау.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері,

Шешен Республикасы Жоғарғы мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің,

Шешенстан Мемлекетік сыйлығының лауреаты Рафаэль НИЯЗБЕКОВТІҢ (1943-1921)

"Көсем" романынан үзінді