РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МҰҚАҒАЛИ ОҚУЛАРЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ. БАС ЖҮЛДЕ КІМДЕ?

Уақыты: 24.04.2022
Оқылды: 2211
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Аққу ұшып, қаз қонған, қайран Қарасазым-ай», – деп туған жерін сағынышпен жырлап, асқақ бейнеде суреттеген мұзарт таудың мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың оқулары қасиетті Қарасаз топырағында өтті. Ақынның шығармашылығын насихаттау, өскелең ұрпақтың поэзияға деген құштарлығын арттыру, өлең сөзінің құдіреті мен қуатын жанымен сезініп, жүрегімен түсіне білуге және шығармашылық қабілеттерін, табиғи дарындылығын анықтау мақсатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды оқушылар қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады.

Жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында өткен республикалық байқаудың алғашқы күні елдің әр пұшпағынан үмітін үкілеп келген оқушылар мен тәрбиешілерді, ата-аналарды қарасаздық жомарт көңілді тұрғындар қарсы алды.

Келесі күні Албан Асан Барманбекұлы атындағы орта мектеп оқушылары дайындаған концертпен рухани байқаудың шымылдығы түрілді. Қарасаз ауылындағы Е.Ібітанов атындағы Мәдениет үйінде республикалық Мұқағали оқулары үш кезең бойынша өрнек тапты.

Додада Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі Бағдат Мүбәрак, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы, филология ғылымының докторы Гүлім Шүкенай, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің оқытушысы Ерханат Совет, ақын, айтыс ақындары мен жыр-термешілердің Халықаралық одағының мүшесі Айтуған Жетебаев, облыстық «Jetisý» газетінің тілшісі, ақын Асыл Сұлтанғазы қазылық етіп, жүйріктерді анықтады.

Мұқағали Мақатаев оқуларының республикалық кезеңіне әр облыстан жеңімпаз болып келген 58 оқушы қатысты.

Нәтижесінде республикалық Мұқағали Мақатаев оқуларының жеңімпаздары әр бағыт бойынша Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің дипломдарымен марапатталды.

«Айтып өткен ақында арман бар ма?» аталымы бойынша бас жүлдені Шымкент қаласы, Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының оқушысы Еркежан Сансызбай иеленді. Өз кезегінде І орынды Ұйғыр ауданындағы М.Жалилов атындағы орта мектептің оқушысы Мөлдір Ермұханова, ІІ орынды қарағандылық Нұрғасыр Изат пен Іле ауданы Т.Бокин атындағы №41 орта мектептің оқушысы Қастер Ерболат қанжығалады. Ал ІІІ орыннан алматылық Әлия Долқын, павлодарлық Мерей Рамазанқызы, маңғыстаулық Қазына Бақытжанқызы көрінді.

Ақын поэмаларын жатқа оқу мақсатында айшықталған «Жыр эстафетасы» бағыты бойынша бас жүлдені қарасаздық Айым Бүтінбаева еншіледі. Осы аталым бойынша І орынды Жамбыл ауданы, Ә.Мәмиев атындағы негізгі орта мектептің оқушысы Айым Әпсемет, ІІ орынды маңғыстаулық Жансая Теңелова, қостанайлық Марал Қабдрашова жеңіп алды. ІІІ орыннан Жамбыл облысының жүйрігі Ұлжан Мақталы, Алматы облысының атынан сынға түскен талғарлық Мадияр Ерқанат пен еңбекшіқазақтық Аяжан Илиян көрінді.

«Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» мүшәйра бағыты бойынша бас жүлдені Ақтөбе облысы №4 Мәртөк орта мектебінің оқушысы Александр Маруаұлы иеленді. І орыннан алматылық Жалғас Қазбек көрінсе, жүлделі ІІ орынды қызылордалық Мейіржан Қартбай мен Еңбекшіқазақ ауданы А.Бубенцов атындағы орта мектептің оқушысы Ербол Медетбекұлы қанжығалады. Ал, ІІІ орынды Шығыс Қазақстаннан Еркебұлан Оразанбаев, Түркістаннан Бектөре Бегалы, Елордадан Аяулым Өркенқызы иеленді.

Республикалық Мұқағали оқуларының жеңімпаздарына облыстық білім басқармасы атынан бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Айта кетерлігі, додаға қатысқан өзге де оқушылар Алғыс хаттарға ие болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"