ТҮРКІСТАНДА ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР ЖАРЫСЫ ӨТІП ЖАТЫР. ПӘНДІК ОЛИМПИАДА

Уақыты: 23.04.2022
Оқылды: 1919
Бөлім: РУХАНИЯТ

22 сәуір - Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өтіп жатқан жас журналистер жарысының алғашқы күні. Республикадағы 16 білім ордасынан 16 жетекші мен 48 шәкірттің басын қосқан дәстүрлі дода. Жыл сайын ұйымдастырылатын бәсекеге қатысушылар сақадай-сай келген. Әр топтың «сен тұр, мен атайын» деген азаматтары жеңістен дәмелі. Солардың бірі - ақын Ілиястың жерінен барған «Құлагер» тобы. Түркістанда өтіп жатқан пәндік олимпиадаға Жетісудың туын желбіретіп келдік. Толқыныс бар. Десе де, білімімізді сынап көрмекпіз.

Республикалық пәндік олимпиададан туған жерге жүлделі оралу - абыройлы іс. Ауыспалы кубокты жеңіп алатын білімгерлер ұстаздың үмітін ақтап қана қоймай, алдағы жарыстың өз өлкесінде өтуіне себепкер болады. Ол үшін жетекшісі қатарының алды деп таныған қыз-жігіттер 4 кезеңде де қарсыластан кем түспеуі қажет. Алғашқы екі сайыстың нәтижесі де белгілі болды. Алдымен қатысушылар өздерін таныстырды. Бұған, әрине, балл қойылмады.

Баға берер бірінші кезең – үй тапсырмасы. Әр команда бейнесюжет түсіріп, өз өңіріндегі түйткілді мәселелерді қозғауы тиіс. Туризм, экология, мейірімге мұқтаж жандар, жастардың жұмыссыздығы мен ауылдан алшақтау. Осы тақырыптарды ашуға тырысқан әр топтың жұмысымен қазылар алқасы жіті таныс болды. «Оңтүстік Рабат» газетінің редакторы Жәнібек Нұрыш пен белгілі журналист Мейіржан Әлібекұлы сынды ер-азаматтар бастаған әділқазылар қатарында «Түркістан» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар департаментінің директоры Гүлжазира Матенова, танымал тележүргізуші Анна Данченко мен тәуелсіз сарапшы Мариям Асанова бар.

Бірінші кезең қорытындысы бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті алға шықты. Ал, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үздік үштіктен көрінді. «Kahoot» платформасы арқылы өткен екінші сұрақ-жауап кезеңінде де жақсы нәтиже көрсете білген топтың жетекшісі Гүлжазира Ертасова. Ұстаздың: «Алғашқы екі кезеңнен жақсы көрсеткішпен шықтық. Десе де, ерте қуануға болмайды. Алда 2 меже бар. Сол себепті біз дайындықты одан әрі күшейтеміз», - деген сөздерінен қарсыластың дайындығын жоғары бағалайтынын байқаймыз.

Жерілікті жоғары оқу орны қатысушыларға қонақжайлық танытып, қаламен таныстырды. Алдымен, халықаралық телеарна - "Түркістан" медиа холдингіне апарды. Бұл ғимаратты 2019 жылы Түркістанның жеке дара облыс болуына орай Алматы облысы сыйға тартқан. Болашақ әріптестерінің жұмысымен танысып қайтқан жас журналистер білім ордасының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалады. Әсерлі кеште түрлі аспаптардың сүйемелдеуімен қазақша-түрікше ән шырқалып, би биленді, 30 жылдыққа орай 30 жоба таныстырылды. Білімгерлер мен ұстаздардың сахнада көрсеткен өнеріне көрермен орнынан тұрып қошемет білдірді. Кештің соңы университеттің студенттер асханасындағы түрік ұстаздарының берген ауызашарымен жалғасты. Артынша, қатысушылар жетекшілерімен бірге Түркістанның жаңа орталығына айналған Керуен-сарай кешені мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барды.

Міне, осылайша жас журналистер жарысының алғашқы күні сәулет өнерінің ерекше ескерткіштерін тамашалаумен аяқталды.

Бекжан СЕЙІТЖАН,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 4-курс студенті