ШЕТЕЛДІКТЕР ҚАЗАҚТЫҢ КӘДЕСЫЙЫН ТАППАЙ ҚИНАЛАДЫ - "АЛТЫН АДАМ" БІРЛЕСТІГІ

Уақыты: 24.04.2022
Оқылды: 1350
Бөлім: РУХАНИЯТ

Біз әдетте: «Осынау ұлан-ғайыр даланы бабаларымыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғады» деген ұғымды жиі айтамыз. Бірақ осы тұста бір шындықты аттап кететініміз анық. Ол сол батыр бабаларымыздың бес қаруын жасап, олардың күшіне-күш қосқан қолөнер шеберлерінің еңбегі. Егер берен сауыт, өткір қылыш, тұлпардың тұяғын тоздырмайтын таға, тағы да басқа соғыс құралдары болмағанда, жалаң қолмен жауға шабу мүмкін емес еді.

Өкінішке қарай, Екатерина ІІ патшайым «Садақ ұстаған көшпенділердің қолы шабылсын» дегеннен кейін ұлттық өнерге үлкен тұсау салынғанын жасырмаймыз. Ал тоталитарлық жүйенің қазақтың өнерін ескіліктің жұрнағы деген желеумен түп-тамырымен жоғалтуға күш салғанын да білеміз. Бірақ парасатты бабаларымыз тағдырдың талқысын көре жүріп сол ұлттық өнерді сақтап қалды.

Бүгінде біз шетелге шықсақ, сол елдің ұлттық кәдесыйларын ала келеміз. Әрбіріміздің үйімізде Еуропа елдерінің, ТМД елдерінің кәдесыйлары бар. Ал елімізге туристік сапармен келген шетелдіктер қазақ халқының ұлттық құндылығын білдіретін кәдесыйларды таппай қиналады. Базарды, туристік орталықтарды қытайдың, қырғыздың, өзбектің, тағы басқа елдердің шеберлерінің қолынан шыққан дүниелер жаулап алған. Бұл да өзекті өртер мәселе.

Осы тығырықтан отандық қолөнер шеберлеріне қолдауды ұлғайтып, олардың жасампаз ойларын кәдеге жарату арқылы шығуға болады. Осындай мақсатпен өткен жылы «Алтын адам» қолөнер шеберлері орталығы» қоғамдық бірлестігі құрылып, бүгінге дейін бірқатар игілікті бастамамен жұрт сүйінішіне бөленді.

Біздің бірлестік бірнеше бағытта жұмыс істейді. Басты мақсат – аймақтағы қолөнер шеберлерін анықтап, олардың қандай өнер түрімен айналысатынын нақтылау. Сосын қолөнер шеберлерін облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерге қатыстырып, жұртқа танылуына көмектесу. Сондай-ақ, туристер жиі келетін өңірлер, ұлттық саябақтармен келісімдер жасай отырып, шеберлердің қолөнер бұйымдарын жұрт назарына ұсыну. Аудан орталықтары және «Қорғас» ерекше экономикалық аймағынан қолөнер шеберлеріне тән павильондар ашып, олардың дүниесін халықаралық деңгейдегі еркін сатылымға шығаруға қолдау таныту. Сонымен бірге, елді мекендерден экологиялық саябақтар салу, еріктілер жұмысын ұйымдастырып, жастардың қоршаған ортаны қорғау туралы білімін жетілдіру. Қысқасы, қолөнер шеберлерінің жұмысын өркендетуге қатысты қандай бағыт болса, соның бәрімен жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дина Бәкірова.

Иә, аталған бірлестік өткен бір жылда біраз шаруа тындырыпты. Республикалық, халықаралық 8 үлкен көрмеге шеберлерді қатыстырып, шетелдіктердің жетісулық қолөнершілердің өнерін тануына сеп болыпты. Жұмыс бағыты ұлғайған сайын бірлестіктің айналасына топталған шеберлерде көбейе түскен. Сондықтан, аймақты толық қамту үшін «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығы» ҚБ аудандық филиалдарын ашып, жұмыс бағытын кеңейте түсті.

Бүгінде аталған бірлестіктің Панфилов, Кербұлақ, Сарқан аудандарында филиалдары ашылып, Сүриям Тұрғанқызы, Кенжетай Жұмағалиқызы, Гүлмира Нұрсапанқызы аталған аудандық филиалдардың төрайымы болып бекітілді. Аталған аудандарда жергілікті билік өкілдері және қолөнер шеберлерімен кездесу ұйымдастырылып, жұмыс бағыты бекітілді.

Жуырда осындай игі шара Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров кентінде өтті. Ақсу ауданының әкімі Есім Базарханов бірлестік мүшелерін қабылдап, жұмысына сәттілік тілеп, игі істі өркендетуге қолдау танытатынын білдірді. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжановтың қатысуымен өңірлік қолөнер шеберлері арасында семинар ұйымдастырылып, қоғамдық бірлестік жұмысының алдағы жоспарлары таныстырылды.

Кездесуде бірлестік мүшелері Әуесхан Мажайқызы, Айнаш Рыскелинова, Бақыт Бакирова өз ойымен бөлісті. Ал бірлестік ұжымы қолдау танытып жүрген «Ақсу қант» ЖШС директоры Самат Надирбаевқа Алғыс хат тапсырса, ақсулықтар бірлестік төрайымы Дина Серікқызына Ақсу ауданының 90 жылдығына орай шығарылған кітаптарды сыйлап, сәттілік тіледі. Соңында Бағлан Нарышева «Алтын адам» Жетісу шеберлері орталығы» қоғамдық бірлестігі Ақсу аудандық филиалының төрайымы болып бекітілді. Алдағы уақытта бірлестіктің Жамбыл және Кеген аудандарында филиалы ашылмақ.

Бірлестіктің биылғы жұмысы да ауқымды. Олар «Алпамыс» мүгедектер ҚБ-мен бірге Еуразиялық Қор үшін гранттың тұсаукесеріне, 30 сәуірде Орталық Азия университеті ұйымдастырған велопарад пен этножәрмеңкесіне, 4 мамырда Алматы облысы құрылғанының 90 жылдығына орай Жоңғар Алатауы ұлттық саябағы ұйымдастыратын Сиверс алма ағашының гүлденуіне арналған этнофестивальге, 8-10 мамырда Бішкекте өтетін садақшылар чемпионатына, 20-21 мамырда «Алтынемел» этнофестиваліне, 28-29 мамырда «Экстрим» қауымдастығымен Көксу өзенінде өтетін рафтингке, 18-19 шілдеде «Арба вайн» жүзімдіктері этнофестиваліне қатыспақ. Сол қатарда Алматы облысы әкімінің қолдауымен облыс орталығы Талдықорғаннан шеберлер орталығының ашылуы да жоспарланған. Бұл бірлестік  жұмысына серпін беретіні анық.

Қажет АНДАС

Алматы облысы