"АЛАТАУ" ЖАСТАР ХОРЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КОНЦЕРТІ ӨТТІ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 26.04.2022
Оқылды: 1832
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің 90 жылдығына орай "Алатау" жастар хорының шығармашылық концерті өтті.

Аталмыш шараның шымылдығы «Алатау» жастар хоры дайындаған бейнефильммен ашылды. Өз кезегінде алқашқы құттықтау сөзді Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев алды. Ол:

- П.Чайковский колледжі 1932 жылы құрылған. Яғни, биыл – 90 жылдығы. Соған орай біз пандемиядан кейін концерттік сапарларымызды Талдықорған қаласынан бастадық. «Алатау» хорын алып келдік. Бұл хор соңғы 3-4 жылда көптеген байқаулардың жеңімпазы атанды. Шетелдегі байқаулардың лауреаты болды. Жетісудің халқын өзіміздің хор музыкасының жетістіктерімен таныстыру және бір жағынан мерейтойды атап өту үшін келіп отырмыз. Концерт жоғары деңгейде өтеді деген сенімдемін, – деп өзінің ақжарма лебізін білдірді.

Шарада сахнаның сәнін келтірген жеке дауыста Әдемі Оңдасынның орындауындағы Гершвиннің «Любимый мой» әні ел назарын өзіне аудартты. Сондай-ақ, Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің білімгерлері де тәжірибе алмасу мақсатында өз өнерлерін паш етті.

Жиында хордың көркемдік жетекшісі және дирижері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Зияда Накибаева мен "MAGIC VOICE" вокалды ансансамблінің көркемдік жетекшісі Мақсат Төлеумырзаға, қылқобызда ойнаған халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Дана Есеналиеваға көрермен ерекше құрмет көрсетті.

Шарада Қ.Байсейтов атындағы саз колледжі ұжымының атынан П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев пен оның ұжымына Алғыс хат табысталды. Тыңдарманның ыстық ықыласына бөленген «Алатау» жастар хорының концерттік бағдарламасы Nathaniel Brenner and Merrill Garbus-тың «Water Fountain» әнімен өз мәресіне жетті.

Кәмила ТҰЯҚОВА

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы