ҚАЗАҚТАЙ МЕЙМАНДОС, ҚАЗАҚТАЙ ҚОНАҚЖАЙ ХАЛЫҚ ӘЛЕМДЕ БАР МА ЕКЕН?

Уақыты: 01.05.2022
Оқылды: 2838
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сан ұлттың тағдыры қыл үстінде тұрған алмағайып шақта құшағын айқара ашып, етегі жасқа толып, сайғақ құрлы пана таппай сақара кезген талай ұлыс өкілдерін ыстық көкірегіне басып, Отанынан ойып тұрып орын берген қазақтай меймандос, қонақжай халық бар ма екен? Еңіреген жан көрсе енекөкірегі иіп сала берер біздің қазақтың ұлы достық сезімі кімге де болса да шынайы, баянды.

Сонау қысыл-таяң заманда қазақ елін паналап, бүгінде Отанымызда туып-өскен ұрпақтары азамат болып атқа қонған ұлт пен ұлыстар Алаштың дарқан көңілінен мейір қандырып, құрметімен сусын басып бүгінге жетті. Аштық пен соғыс жұтатқан далада өзінің жанқұрсағын тоғайтар түйір дән таппай сансырап, кейінен жаңа ес жия бастағанда суалған емшегінен сүт дәметкен нәрестедей арып-ашқан вагон-вагон бейтаныстарды қарсы алған қазаққа деген құрмет қашанда жоғары. Дегенмен, кейбір тентек пен теліасаулар ел ішінде бой көрсетіп қалғанда әттеген-ай деп жататынымыз тағы бар.

Қашанда өзге елді жатсынбай, өз баласынан кем көрмей бауырына басып, бір мемлекет саясында салиқалы ғұмыр кешкен қазақтың дастарқаны кімге болса да жаюлы. Бұл - тектілігінің, ынтымақсүйгіш пейілінің айғағы.

Міне, осынау сүйегі асыл, қаны жалын, тауарихынан бүгініне дейін ниетін тарылтпаған тарпаң жұрттың қасиетті мекенінде мәуелеген өскіндер ынтымақтың ұйытқысы, бірліктің бал тұмасы болған қазаққа мәңгілік қарыздар! Осынау текті ел тұрпаты асқақ та айбынды болса, оның бар бойында, бүтін болмысында бірлікке шақыратын салқам мінез барын әлем мойындады. Сондықтан да, майса мамырдың алғашқы күнінде келген мерекенің астарында ұлы халыққа деген құрмет пен сүйіспеншілік жатуы тиіс секілді. Өйткені, меймандос халық шынайы алғысты айрықша бағалайтын тектілікке ие.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы