ҮШЕМ ТУҒАН КӨПБАЛАЛЫ АНА: "АТА-ЕНЕМ МӘРТЕБЕМДІ ӨСІРІП ОТЫРДЫ"

Уақыты: 14.05.2022
Оқылды: 1378
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл отбасын құрғанына 6 жыл, жалпы таныстықтарына 9 жыл болады. Жас отбасы Алланың берген алты баласын тәрбиелеп отыр. Былтыр облыстағы басты жаңалық болған үшемнің әке-шешесі, бүгінгі кейіпкеріміз – 28 жастағы Кеңшілік пен 27 жастағы Ардагүл. Отбасы күніне орай арнайы Көксу ауданы, Балпық би ауылында тұратын отбасының қонағы болдық.

Әуелгі таныстық Ардагүлдің Балпық би ауылында тұратын жиен інісінің туған күніне келумен басталады. Кеңшілік те сол ортада болып, әдеміше келген кішкене сары қызды ұнатып, жақын танысудың амалы есебінде биге шақырады. Билеп жүріп өзіне қажетті сұрақтарға жауап алғаннан кейін қызбен телефон арқылы байланыс орнатып, кездесуге ұсыныс білдіреді. Қыздың қарсылығына қарамастан өзінің дегеніне жеткен жігіт – көп ұзамай әр адал ісімен, шынайы бейнесімен қыз жүрегін жаулайды.

Журналистика саласында оқып, болашағынан мол үміт күттірген қыз оқуының тең жартысына келгенде тұрмысқа шығып, дипломын алатын сәтте бірінші баласын дүниеге алып келеді. Сол сәттегі жарының қолдауына, жанашырылығына әлі күнге дейін Ардагүл дән риза. Жар болуға асықпаған және оған дайындық жүргізбеген қыз Сарқан ауданының Бірлік ауылынан Балпық би ауылына өзі ойламаған жерден, сол кездегі жігітінің тосын ұсынысынан кейін келін болып түсті.

Ата-енемен тұрудың шарапатын алғаш табалдырық аттағаннан көрді. Мәселен, кіл ұлдармен бірге өскен жалғыз қыз үй шаруасына келгенде, сөзден іске көшкенде көп бөгеліп қалатын. Ал енесі осы тұста өзі көмектесіп, тіпті, өзі бірлесіп жайған дастарқанын да «келіннің дайындағаны» деп мәртебесін өсіріп отырған. Ал егерде әр іске шүйлігіп, әр мінді бетке баса бергенде жас келін бүгінгідей тәжірибелі, өз ауылында сыйлы келін болар ма еді? Осы тұста Ардагүл атаенемен тұрудан жақсылық көп көргенін айтады.

Журналистің ойында қашанда бір жазудың шеті шығып тұратыны бар. Сол сияқты Ардагүл де бүгінде өзекті мәселеге айналған ене мен келін арасындағы істің оңтайлы шешілуі турасында, ата-енемен тұрудағы жақсылықтар жөнінде материалдар әзірлеп, тіпті, кішкене ғана кітапша шығарғысы келеді. Енемен келіспеушілік басында тұңғыш бала дүниеге келгенде қызғаныштан болған. Оны шешу үшін Кеңшіліктің ақылымен Ардагүл толықтай баланы әжесіне беріп, өз бойын уақытша аулақ ұстауға тырысқан. Сол бір кезеңдегі істің бүгінде оң шешім болғанын көреміз. Бірінші бала әжесінікі, екінші бала атасына тиесілі, үшінші бала әкесінікі болса, төртінші балаға өзім иелік етемін деп жүргенде үшемді дүниеге алып келді. Жаратқаннан жақсылық күткен жанның тілегі қабыл болып, өзі ойлағандай болды.

Ардагүл тоғызыншы сынып оқып жүргенінде әпкесі егіз босанып, жалпы алты баланың анасы атанады. Сол сәтте кішкене қыз әпкесіне қызыға қарап, Тәңірден дәл сондай ана болуды сұраған. Бүгінде Ардагүлдің өзі де көпбалалы ана.

Үшемнің дүниеге келуі де қызық. 15 сәуір – бүгінгі қазақтар белгілеген Ғашықтар күні. Сол күні Кеңшілікке сый есебінде аяғының ауыр екенін айтса, Қадір түнінде тұңғыш қызын жалғызсыратпай, екі ұл, екі қыз беруін өтінген Ардагүлге үшем болатындығы белгілі болған еді. Ана болу – әкешеше, ата-енеңнің қадірін арттырады, жарыңды жақсы көруді үдетеді, өмірдің бар мәні бала екенін түсінесің. Бұл Ардагүлмен болған арадағы сұхбаттан түйген ой.

Ардагүл тұңғыш баласын дүниеге алып келгенінде өзінің анасына хабарласып: «Анашым, рақмет сізге!» – деп айтуы да осының дәлелі. Дәл қазіргі сәтте бала тәрбиесі – бұрынғымен салыстырғанда екі есе салмақты. Осы сәтте кейіпкеріміз ата-енемен тұрудың тағы бір үлкен көмегі осы екендігін айтады. Студент болып жүргенінде де, бүгінде журналистика саласында жұмыс істегенінде де баланы атаенеге аманаттап жүре береді. Тәрбиенің бастау-бұлағы да солар деп есептейді.

Алты баласы да бесікке жатты, сол сәттен бастап қазақтың бала тәрбиесімен өсіп келеді. Ата-әженің ертегісін тыңдайды, әңгімесін естиді. Бұл бала болашағы үшін үлкен рухани қазына екендігі анық. Журналист әртүрлі іссапараларда жүреді, редакцияға мұң айтып, қуанышын бөлісуге келген әр жанмен көңілін аулай сөйлесіп, мықты материал жазып шығуға тырысады.

Ардагүлге әсер еткен кейінгі жазған материалдарының ішінде «Искра Жетысу» газетінің редакциясынан тапсырма алып барған «Аналар үйінінен» әзірленген материал. Әр ананың қайғысын, оқиғасын білген сайын ет жүрегі езіле қабылдап, ол материалды жазып шығу да ауыр болған. Өмір ағысын басқа арнаға бұрып, бұрынғы ойлап келген кей ойынан 360 градусқа өзгергенін айтады.

Студент кезінен журналистер арасында жақсы таныс есім келешекте де өткір тақырыптарды қозғап, қоғамға, адамға өз үлесін қосқысы келеді. Көпбалалы ана есебінде әкімдіктің есігін күнде қағып, «анау керек, мынау жетпей жатыр» деп айтып көрген емес. Тек үй мәселесі бойынша ғана әкімдікке барып, кезекке тұрып, көпбалалы ана екенін бір мәрте ескерткен. Үкімет үшін емес, өзі үшін дүниеге алып келгенін айтады. Алла амандық берсе еңбектеніп жүре бермек. Әр баланың өз несібесі бар екеніне және олардың келешекте елі мен туған жері үшін еңбек ететініне кәміл сенеді.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы