"БАЙЛЫҒЫМ ДА, БАҚЫТЫМ ДА ОСЫЛАР!" - ДЕЙДІ ОН ЕКІ БАЛАНЫҢ АНАСЫ

Уақыты: 01.06.2022
Оқылды: 1243
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талғар қаласында 12 балалы Күшбаевтар отбасы тұрады. Оларды бүгінгі күннің батыры  деуге толық хақымыз бар. Өйткені, осыншама баланы өмірге әкеп, қатарға қосып отырған бұл отбасының өнегелі өмірі көпке үлгі болмақ. Отау құрғандарына 25 жыл толған көпбалалы отбасының арманы асқақ.

Бақытқа бастаған көктем

Жер жаннаты Жетісудың Жаркент қаласының байырғы тұрғындары Нұрділдә әкей мен Жеңісхан ананың шаңырағында 7-ші сәби боп дүние есігін ашқан Гүлназдың маңдайына жазылған тағдырдың сыйы ерекше еді. Жастайынан жүрегі нәзік, мінезі жұмсақ боп өскен баланың кенжесі Гүлназ Отынбекова Луначарский орта мектебінде білім алып, аяқтаған соң Алматыға жол тартады. Мақсаты – үлкендердің ізінен ілесіп жұмыс істеп, жалғызбасты анасына қамқор болу, өзін-өзі асыраудың амалын табу. Ауылдағы жұмыссыздықтан қалаға ағылған жастардың қатары көп. Оларға дайын тұрған жұмыс та жоқ. «Енді не істесем екен?» деп аңтарылып жүргенде аға-жеңгесінің үйінің маңайынан нан сататын дүңгіршекке сатушы керектігін көзі шалып, ізін суытпай барады. Сөйтіп, нан сатушы болып жұмысқа орналасады. Ас атасы – нан сатып, одан қолы қалт еткенде даяшы да болып тыным таппай еңбек етіп, табыс тауып жүрген бойжеткен бірде екі иығына екі кісі мінетіндей қазақтың батыр бейнесіндегі азаматпен танысады. Алғаш көргеннен-ақ әзіл-қалжыңдары жарасқан жастарды белгісіз күш жақындастыра түседі. Аз уақытта бір-біріне бауыр басып, қимастық сезім қалыптасады. Қалаға келгеніне біраз уақыт болысымен алыстағы анасын аңсап, жүрекке жылы Жаркентіне қайтқысы келетін Гүлназды маңайындағы дос-жарандары жібергісі келмей, күнде қолқа салатын. Ондай сәттерде «мені таңғажайып бір дүние алып қалмаса, қалада қалмаймын» деп, кері қайтуға белді бекем буған бойжеткен Марат Күшбаевпен танысқалы райынан қайта бастағандай болады. Сөйтіп 1997 жылдың қаңтар айында 18-ге толып, толған айдай болған аруға көңілі ауған жігіті ұсыныс жасап, махаббаттарының мәңгі болуына серттеседі.

– Екеуміз наурыз айының 22-сі күні отау құрдық. Ұлыс күнгі ақ тілектер қабыл болды. Өсіп-өнген үлкен шаңырақтың кенже келіні болып босаға аттадым. Атам кенже ұлы Мараттың 2 жас шамасында дүниеден өткен екен. Енем Муршида апа 14 құрсақ көтеріп, 10 баласын аман-есен қатарға қосқан ержүрек кісі. Өте сабырлы, мейірімді жан еді. Кенжесі болғандықтан ба, бізді жанына жақын тартты. Өмірінің соңына дейін бірге тұрдық, – деп ағынан жарылған Гүлназдың енесіне деген құрметі ерекше.

Сөйтіп, өміріндегі 18-ші көктемі бақыттың есігін айқара ашып, тұла бойы тұңғышын 19 жасында туған Гүлназ Отынбекова мен Марат Күшбаев Алматы қаласында 6 жыл пәтер жалдап тұрады. Базарда күзетші болып еңбек еткен күйеуі отбасын тарықтырмай, күнкөрістің қамын жасайды. Одан кейінгі 10 жылда Талғар қаласына қоныстанған туыстарына көшіп келеді. Мұнда енесі мен қайын апасы бар, үш отбасы бірге тіршілік етеді. Ынтымағы артып, бірлігі жарасқан туыстықтың арқасында тарықпай, ел қатарлы өмір сүреді.

Қазақта «қайын ененің топырағынан» деген даналық сөз бар. Он төрт бала көтерген алтын құрсақ ененің жолын Гүлназ жалғастырады. Тұңғыштары Рашид, одан кейін Гүлжан, Мирас өмірге келеді. Балаларын енесі бағып, өзі «Зета» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа шығады. Пластмас заттарды жинаумен айналысады. 2006 жылы 4-ші баласы Диас дүниеге келген соң көпбалалы отбасы ретінде тұрғын үйдің кезегіне тіркеледі.

Құтты босаға

Жылдар жылжып, қалыпты тіршілік жалғасын тауып жатады. «Бір қозы туса бір түп жусан артық шығады» демекші, Күшбаевтар отбасын толықтырған нәрестелердің де арасы жиілей түседі. Бірлі-екілі жүктіліктің үзілген сәттерінде қатты науқастанып қалған Гүлназ құрсаққа біткен шарананы ай-күніне жеткізіп туғаннан артық бақыт жоғын түсінеді. Алланың ісіне қарсы келудің өз өміріне зиян екендігін жүрегімен сезініп, бала санын шектемей, бергенін дүниеге әкелуге бел буады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Үйленіңдер, көбейіңдер. Мен сендердің көптігіңді басқа үмбеттер алдында мақтан етемін», –деген екен. Жаратушыға деген нық сенімінің арқасында алғашқы 4 баланы Гүлдана, Ілияс, Айдана, Аяна есімді ұл-қыздары жалғастырады. Үйелмелі-сүйелмелі 8 баламен отырған енесінің үйі қыс көзі қырауда өртеніп кетіп, бір-ақ күнде баспанасыз қалады. Алайда жергілікті әкімшілік көпбалалы отбасын далаға тастамай, бірден қолұшын созады. Сол жылдағы аудан әкімі Райхан Садықованың шешімімен Талғар қаласында бой көтерген бес қабатты жалдамалы пәтерден үш бөлмелі үйдің кілтін қолына алған Күшбаевтар отбасының қуанышында шек болмайды.

Босағасын аттаған жаңа қонысымыз құтты боп, 9-шы баламыз Анеля жарық дүниеге келді. Және сол жылы Қазақстан Республикасының азаматы ретінде заңды некеге тұрдық. Оған дейін ескермептік, – деп езу тартқан көпбалалы ана Гүлназ Отынбекова балаларының алды еңбекке жарағанына қуанады.

Балалардың үлкені Рашид Талғар экономикалық колледжін бітіріп, әскер қатарына қабылданып, азаматтық борышын абыройлы өтеп келген. Қазір Алматы қаласында жұмыс істеп, еңбекке араласуда. Қызы Гүлжан Еуразиялық колледждің 4-курс студенті, диплом алмақ. Ал Мирас политехникалық колледждің 2-курсында оқиды. Алдағы шілде айында 18 жасқа толысымен әскерге кетуді армандап жүр екен. Кез келген еңбекке епті ұлдарының жұмыс істеп, нәпақа тауып, бауырларына қамқорлық көрсетуге жарағандарына ана көңілі дән риза.

Үлкені кішісіне қамқор боп, бір-біріне қарайласып өсіп келе жатқан балапандарының бұл күнде қанаттары қатайып, буындары бекіп қалған. Сондықтан болар, кей сәттері жүгі жеңілдей түскендей сезілгенмен... Әттең, «әкелері аурудан құлан таза айығып кетсе ғой» деген ой көкейге келгенде Гүлназдың көңілін мұң торлайды. Жігерін жасытпауға, қамықпауға тырысады.

Сабыр түбі – сары алтын

Әр баланың өз ырызғы-несібесі бар. Олардың қарны тоқ, киімі бүтін болуына әкесі аянбай жұмыс істеді. Жиырма жылдан астам базарда күзетші, одан соң күзет бөлімін басқарып, тыным таппай еңбек етті. Ерте кетіп, кеш келетін. Қамқор әке үйге келген соң да балаларды жуындырып-шайындыру, тамағын әзірлеу сынды шаруалардың басы-қасында жүреді. Алайда, сол еңбектің зардабы тиді ме соңғы екі-үш жылдан бері денсаулығы кеміп барады, – деп мұңайған Гүлназ Отынбекованың күйеуі Марат Күшбаевқа 1-ші топтағы мүгедектік тағайындалған. Екі бүйректің солып, істен шығуы салдарынан аптасына 3 рет гемодиализге барады екен. Ал науқас күйеуінің бесінші қабатқа көтеріліп, түсуі де жанына бататындығын жасырмады.

Қанағатшыл халықпыз ғой. Көшіп-қонып, пәтер жалдап, туыстарды паналап жүріп осы үйге кіргендегі қуанышымызды ұмытпаймыз. Алтын босағамызда тоғызыншы бала Анеля дүниеге келсе,оның артынан Әмина, Мансұр, 12-ші сәбиіміз Данеля өмірге келді. Қазір ол жастан асты. Алғаш кірген 2014 жылы салқын болды, уақыт өте жылылап, жағдайымызды жасадық. Содан бері тұрып жатырмыз. Күйеуімнің денсаулығы сыр бергелі бері 5-қабатқа көтерілу қиынға соғып отыр. Құдай көп көрмесін, бала саны да өсті. Осы себепті, үйді кеңейтудің мүмкіндігі болмай тұр. Себебі, жекешеленбеген. Бұл проблеманы аудандық әкімдіктегілер мен «Аманат» партиясының қызметкерлері жақсы біледі, – деген көпбалалы ана Гүлназ Отынбекова жан жарасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанның да алдында ақтарып салған болатын. Халық қалаулысы көпбалалы ананың жанайқайын жауапсыз қалдырмауға да уәде берген.

Жанарбек ӘШІМЖАН,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– 12 баланың анасы Гүлназ Отынбекова Талғар ауданына барған халықпен кездесуімде отырған үйін кеңейту мәселесін ортаға салған еді. Кездесуге қатысқан жергілікті атқарушы биліктің өкілдері, «Аманат» партиясының мүшелері айтылған мәселелерді бірге қарастырғанбыз.

Бірінші кезекте жан санына байланысты үйді кеңейту мәселесінде ешқандай заңнамалар кедергі келтірмеу керек. Гүлназ Отынбекова – біздің еліміздегі батыр ана. Жиында да ол кісіге деген құрметімізді айттық. Батыр аналарымызды бірінші кезекте құрметтеуіміз керек. Екіншіден, күйеуінің бүйрегі істемейді, мүгедек жан. Оның 5-ші қабатқа көтерілуі де қиындық туғызатындығын айтты. Сондай қиындықтарға мойымай, жасымай балаларды өмірге әкеп, тәрбиелеп отырған батыр анаға құрметімізді кемітпеуіміз керек.

Өзінің көпбалалы аналарының мәселесін шешпеген қоғамның келешегі қиын болады. Бұл көпбалалы отбасы мәселесінің әлі күнге дейін күн тәртібінде тұруы – жергілікті атқарушы билікке де, қоғамымызға да сын.

Мен бұл мәселе шешілген шығар деп ойлап едім. Құжаттарын «Аманат» партиясының филиалы арқылы рәсімделетіні айтылған еді, әлі күнге дейін ауада тұрғаны жанға батады. Көпбалалы ананың тілегі заңға қайшы емес, жеңілдетілген категорияға жатады. Бірінші кезекте жекешелендірілуі де, кеңейтілуі де қиындық туғызбауы тиіс.

Құрқылтайдың ұясындай болған үш бөлмелі пәтердің үлкен залына қыздар жайғасса, жатын бөлменің біріне ұлдар, ал бірі ата-аналарының еншісінде екен. Аядай ас үйде қозы қарнын тойғызған балалардың ересектері сабаққа әзірлікке кіріссе, кішкентайлары ойынның көрігін қыздырған. Бал-бұл жанған жүздерінен бақытты балалық шақтың лебі еседі.

– Балалардың мінез-құлықтары да әрқалай. Тамақ ішістері де ұқсамайды. Бірі етті жақсы көрсе, енді бірі картоп жемейді. Сол үшін бір мезетте екі-үш түрлі тамақ пісіруге тура келеді. Кей сәттері балалар тамақтарын өздері дайындайды. Мен күйеуімнің ас-ауқатын жасаймын, ол кісіге ерекше күтім керек, – дейді 12 баланың анасы Гүлназ Отынбекова.

Бауырындағы балапандарының бал күлкісінен күш-қуат алып, тағдырдың тартуына ризашылығын білдіруден айнымаған ерлі-зайыптылардың ендігі арманы – бала санына байланысты шаңырақтарын кеңейту. Көзге көрінген балаларының тіл-көзден аман, ауырмай-сырқамай қатарға қосылуына қамқор болу. Осылай деп жүзінен нұр төгіліп, жүрегі мейірімге тұнып тұрған Гүлназ маңдайына тағдырдың өзгеден ерен сый бергеніне шүкіршілік етеді. Ол ата-баба ізін жалғап, ұрпағын көбейту.

Құдайға шүкір, балалардың ырызғы-несібесі мол. Екі жылдық карантин уақытында еш қиындық көрмедік. Қайырымды жандар ылғи көмектесіп азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етті. Балаларым оқитын №3 орта мектептің ұжымы да үзбей көмектеседі. Ай сайын тұрақты түрде су май, ұн-шай әкеп тастайтын апам бар. Бірақ, ол кісілер аты-жөндерінің аталғанын қаламайды. Осындай кең пейіл азаматтардың көп көмегін көріп келеміз. Ол кісілерге алғыстан өзге айтарымыз жоқ, – дейді 12 баланы өмірге әкелген алтын құрсақты ана.

Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,

Екі балас бардың болар-болмас халі бар,

Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар,

Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар,

Бес баласы бардың дес бермейтін жөні бар,

Алты баласы бардың алмай қоймас саны бар,

Жеті баласы бардың алмай қоймас жаны бар,

Сегіз баласы бардың сергелдеңге салар кәрі бар,

Тоғыз баласы бардың толғандырар жолы бар,

Он баласы бардың орда бұзар қолы бар,

– деген екен Досай би. Олай болса, аман-есен ержетсе 12 баланың әрқайсысы рулы елге, қалың қолға айналары сөзсіз. Жаңа Қазақстанның уығын құрап, іргесіне берік кірпіш болып қаланатын да осы қаракөздеріміз.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы