ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 01.06.2022
Оқылды: 1677
Бөлім: РУХАНИЯТ

Балаларды қорғау күніне орай І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымы Талдықорған қаласындағы "Күншуақ" оңалту орталығындағы балақайларды құттықтады. Оқу орнындағы әлеуметтік-шығармашылық бөлім мен Жастар орталығы мерекеге арнап "Қуанса - бала қуансын" атты мерекелік концерт қойды.

Концертте Жетісу университетінің Басқарма мүшесі - жастар саясаты жөніндегі проректор Болат Сериев университет атынан балаларға сыйлықтар тапсырып: "Әлемде балалардың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ. Сіздерді ерекше мейірімге толы Халықаралық балалар күнімен құттықтаймын. Балалар үшін қолайлы жағдай жасау - мемлекеттің борышы. Осы тұста ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен заманауи мектептер, жайлы балабақшалар, инновациялық орталықтар, Оқушылар сарайы мен спорт кешендері салынып, үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылып жатыр. Жеткіншектердің мықты азамат болып өсуі - еліміздің дамуына жол ашады", - деді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департамент басқармасының басшысы Асқар Жұмаханұлы да балаларға ізгі тілегін айтып, сыйлықтар тапсырды.

Өз кезегінде оңалту орталығының басшысы Советхан Әуелханқызы сөз сөйлеп, балалаларды құттықтап, Жетісу университетінің ұжымына алғыс айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"