АСҚА АСАБА КЕРЕК ПЕ? ДІНІМІЗ НЕ ДЕЙДІ? ҚҰРАН МЕН ШАРИҒАТТА НЕ АЙТЫЛҒАН?

Уақыты: 06.08.2022
Оқылды: 4954
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бірден ашып айтайын – өз басым ас жүргізгелі біраз жыл болды. Бұл тақырыпты мәселе қылып көтеруіме: «Асқа асаба жалдап не керек? Бір сағаттың ар жақ, бер жағында өтетін нәрсеге ақы иесінен бір адам басқарып, табағын ретімен қойып, тамақ алыңыздар деп құрмет көрсетіп, Құран бағыштаса жетіп жатыр емес пе?» – деген пікірлер себеп болды.

Алдымен анықтап алайық, ас берудегі бірінші мақсат – ас ішу ме, әлде өмірден өткен адамды еске алып, рухына Құран бағыштау ма? Әлбетте, марқұмға керегі Құран оқып, дұға жасау. Ал ас беріп, аста-төк дастарқан жайып, 100-ден 300-ге дейін, кейде одан да көп адамның басын қосу тірілердің тірлігі. Ата-бабадан қалған жол.

Артынан ас берілмеген адамның ақыреті қиын болады деген Құран аятында да, Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінде де айтылмаған. Ал дәстүрімізде аруаққа деген құрметке ерекше мән берілгендіктен тіпті, құдайға деген құлшылығымыз болмаса да, ас беруді парызымызға айналдырып алғанымыз ақиқат. 

Жетісін беріп, қырқын таратып, жылдық асын өткізу де шариғатымызда мөр басып бекітілмеген. Бірақ есте жоқ ескі заманнан іске асырылып, дәстүріміздің бір бөлшегіне айналып кеткен салтымыз екені рас. 

Әлқисса, «Өлі разы болмай, тірі байымайды», – деген қағиданы берік ұстанған халқымыз аруағын сыйлап, ас таратуды ешқашан естен шығарған емес. Тіпті, өмірден өткен жақыны түсіне кірсе қорасындағы жалғыз қозысы болса да қан шығарып, жеті шелпегін пісіріп, Құран бағыштатқан. Бұл үрдіс қазіргі күнде де жалғасып келе жатыр. Жаңарған заманмен бірге ас беру тәртібі де жаңғырып, уақыт талабына сай өзгеруде.

Яғни, бір кездері дала төсін дүбірлететін ас мейрамханалар мен кафелерде өтіп келеді. Дастарқан мәзірі де әркімнің жағдайына байланысты. «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың – артын ашады», дегенді де осы тұста байқауға болады. Имам-молдалардың: «Құранда Алла тағала ысырапқорларды жақсы көрмейтінін айтқан. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Ішіңдер, жеңдер. Бірақ ысырап қылмаңдар», – деген. Ас бергенде бір-біріңізден асырып, бәсекелеспеңіздер. Оданда жоқ-жітікке, жетім-жесір мен ғаріп-міскінге таратқандарыңыз әлдеқайда  қайырлы болады», – деп айтқан уағыз-насихатын құлаққа іліп жатқанымыз шамалы. Ілуде біреу болмаса, екінің-бірі имамның сөзін ескере қоймайды-ау. Негізгі тақырыбымды қозғамай тұрып, асқа қатысты осындай ойларды да ортаға салғанымның артықтығы болмас. Өйткені, бұл жағдайлар да ақылға салып, ойланатын мәселе. 

Соңғы он шақты жылдың көлемінде ас беруге енген жаңалықтың бірі – арнайы асаба шақыру. Бұрындары марқұмның туыстарынан сөзге икемді, жөн-жосықты білетін бір адам тізгінші болатын еді. Ендеше сол үрдісті сақтамай неге асаба шақыруды дәстүрге айналдырдық? Өмірден өткен жанның кім екенін, қалай өмір сүргенін, қандай адам болғанын ақы иесінен артық білмейтін асаба неге алдыңғы қатарға шықты?! Оған бірінші себеп – Абай атамның: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел»  дегеніндей, той басқарып жүрген асабалардың біразы дінге бет бұрып, намазға келіп, ислам қағидаттарына бойұсынып, аят-хадистен нәр ала бастауы мен арзан ойын-күлкіден алшақтап, мәнді де мағыналы өткізуге салмақ салуында. Екіншіден, той дегеніміз – тойлап қайту, секектеп ойнап қайту ғана еместігіне жұртты сендіре білуінде болса керек.

Ізденгеннен із қалады

Қанат МАРАТҰЛЫ,

дінтанушы-психолог:

– Асқа асаба шақырғанның ешқандай ерсілігі жоқ. Бірақ сол шақырған асабаңыз сауапты амалға сауатты қарай білетін болса. Дүниеден өткен адамның асы болғандықтан ол жерде өмірдің жалғандығы мен өлімнің хақтығы міндетті түрде айтылады. Ас жүргізетін адам діннен хабарым бар екен, бес уақыт намаз оқиды екенмін деп бас-көзге қарамай  өліммен қорқытып, тозақпен үркітіп, келген адамды асыл дінімізден бездіріп алмауы керек. Құранда келгендей: «Күллі жан иесі өлімнің дәмін тататынын»  ескерткенімен, «Әрбір қиындықтың соңында жақсылық бар» деген аятты да алға тартып, Алла тағаланың уәдесі бар екенін айтып, алдағы күннен үміт үзбей, Алланың сабырлылармен бірге болатынын жеткізіп, көңілін серпілтіп отырғаны жөн. Бабаларымыздан қалған асыл сөзді де орнымен пайдаланып, асқа келген адам тағылым алып қайтатындай жүргізгені дұрыс. Ол үшін бір-екі аят пен бірлі-жарым хадисті жаттап алып, жүрген жерінде соны ғана азық қылмай үнемі ізденісте болғаны өзіне пайдалы.

Ас жүргізуші деген жөн

Қайрат ҚАЗКЕНҰЛЫ,

Жетісу ауылдық Мәдениет үйінің директоры,

Ескелді ауданы:

– Асаба емес, ас жүргізуші деп айтқанымыз дұрыс-ау. Өйткені асаба ол той жүргізушісі ретінде қабылданып кеткен. Ал енді сауалыңызға келсек, аста ас жүргізушінің болғанын қолдаймын. Бірақ ол асты діннен хабары бар жан ғана емес, бес уақыт намазы түгел, Құдай алдындағы құлшылығы бүтін адам жүргізсе. Неге десеңіз, аста уағыз-насихат көбірек айтылғаны жөн. Иә, Құран Кәрім үкімімен айтқан имамдарға жарасар. Бірақ біз неге бабалардан қалған даналықты жеткізбеске? Асқа келу – ас ішіп қайту емес қой. «Судың да сұрауы бар». Тәннің хақысы – тамақ ішу болса, жанның хақысы – жақсы сөз есту. Асқа келіп қарын тойғызып қайтқанымызға мәз болсақ, адамдығымыз қайда? Сол дастарқандағы: «Оралыңның барында ойна да күл, не қызық бар өмірде одан басқа» деп нәпсі қалауымен бар байлығын малданып, қызыл-жасыл дүниеге алданып жүргендерге неге: «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде одан басқа», – деген Абай атамыздың насихатын айтпасқа. Марқұмға берілген асты «Құдайы тамақ» деп қана қабылдамай, бір сәт Құдайымызды еске алып, ақыреттің барына иланып қайтсақ, ең пайдалы ас сол болмақ. Ол үшін ас жүргізушіге шариғи білім мен шешендік керек деп ойлаймын. 

Содан шығар, той үстінде ойлы сөз айтып, көп көңілінен орын алған асабаны ендігі жерде асқа шақыру үрдіске айналды. Әйтпесе, күлдіремін деп бүлдіріп, ойнатамын деп ойрандап жүргендер аз емес. Және той басқару мен ас жүргізу екеуі екі бөлек дүние. Бірінде қуанышына ортақтассаң, екіншісінде қайғысын бөлісесің. Тойда тілектен кейінгі ән мен би бағаланса, аста жұбатар сөз айтқан адамдардың арасын тағылымды насихаттармен, ғибратты қиссалармен байланыстыру арқылы сөздің қадірі артады.

Міне, асқа шақырудағы басты мақсат жоғарыда айтқанымдай – ас ішіп, аяқ босатуға ғана келгендей қылмай, жақынымыздан айырылу арқылы өмірдің өткінші екенін ұғындырып, тірліктің мәнін түсініп қайтса деген ниет. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын» деген тәмсілдің тек тірі адамға ғана арналмағанын, өмірден өткен жанның жақсылығын айту арқылы оның да Алланың рахымына бөленуіне себепші бола алатынымызды жеткізу. Өйткені адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с): «Дүниеден өткен адамның артынан жақсы сөйлеңдер, әйтпесе үндемеңдер», – деген хадисіне амал жасап, марқұмның жақсылығын айтып, арғы әлемінің нұрлануына себепші болып, артында қалып, қара жамылған әулеттің шаңырағына жылы сөз арқылы жарық түсіре білу.  Ол үшін, әрине, ас жүргізушінің діннен хабары бар, аят пен хадисті орнымен пайдалана білетін, бабамыздан қалған өсиетті сөздерді жүйелі қолдана алатын адам болмағы ләзім. 

Ақиқатында мына дүниенің жалған екенін білсек те, күйбең тірліктің илеуіне шырматылып, бақи дүниені ескере бермейміз. Сол үшін шариғат шеңберінен шықпай, ата-баба дәстүрінен аттамай ұлағатты сөз айтып, асқа бұйырған аз ғана уақытты мазмұнды өткізу асабаға жүктелген үлкен жауапкершілік. Мұндай жауапкершілікті Құраннан қуат, имамнан шуақ алған адам ғана көтере алады. Қандай той болсын дүркіретіп өткізгенімен асқа келгенде көптеген тамада аяқ тартады. Оның басты себебі – дін ұстанбағандығында. Өзі амал етпегеннен кейін өзгеге қалай насихат айтсын. Міне, ас жүргізетіндердің басқа  асабалардан артықшылығы Абай ілімінен сусындап: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас», деген аманатына қиянат жасамауында болса керек. 

Ендеше, марқұмға арналып жайылған дастарқаныңыз ас ішіп, аяқ босату ғана болып қалмасын десеңіз, дінді жақсы білетін, аят пен хадисті жөнімен қолданатын, бабалардан қалған даналық сөзден дән ұсына алатын асабаны асқа шақырғанның артықтығы жоқ!

Жұматай ӘМІРЕ