БҮГІН - АБАЙ КҮНІ. АДАМЗАТТЫ БАУЫРЫМ ДЕП СҮЙЕ АЛДЫМ БА ОСЫ МЕН?!

Уақыты: 10.08.2022
Оқылды: 3749
Бөлім: РУХАНИЯТ

ТЕМІРҚАЗЫҚ

І.

Боздағы ұшқан боз далада бозінгендей боздағам,

Қасіретімнің қыл пернесін қапыда кім қозғаған?

Кебір жердей бозаң тартқан жамалыма күз қонып,

Адастым мың көшке ілеспес диуанадай түз қорып.

Саяқ жүрдім, сая тапқан кезім бар ма бірауық:

Заман үзбей зарлана ма, мен бе, әлде жылауық?

Ей, зарлы өмір, тауарихтың айғыз-айғыз бетіне,

Не сызғансың, ойлы көзбен оқып шықтым шекіле.

Еңку-еңку жерді шалып, ғасырларды сапырып,

«Ат шаба алмас мінім» теріп, мұңға баттым аһ ұрып.

Алдаспаным сусып түскен білек күшім сарқылмай,

Араздықтың нажағайы зәу басымда жарқылдай.

Бегімді итке талатқанмын бейбіт шақтан безініп,

Бұлың-бұлың бұлттай мұңға бастырылдым, езіліп.

Уай, көктемнің көзін шұқып, қарашаға үй тіккен,

Менен аңғал жұрт бар ма осы атажаудан сый күткен?

Қас надандық – өз кінәсін сезіне алмау... соқырлық,

Соқырлықтан қанша асылды жерге тықтық, опындық:

Ұлы Ақының әз жүрегін осы емес пе жаншыған,

Қанталап тұр кең маңдайы қақ айырылып қамшыдан...

Адамзатты бауырым деп сүйе алдым ба осы мен,

Сан сауалдан жүзім жанды-ау, енді кімге өшігем?

ІІ.

Салқар түздің жаулығын жел жыртады есіріп,

Сары сағым мен көкжиек сүйісе ме-ей көсіліп,

бал тұндырған ойымның омартасын опырып,

Уақыт қалай зырлайды, өкінер ме, опынып?

Кешірер ме табиғат мендік мінді мың басты,

Бабалардың балбалын мүк бүркеді, құм басты.

Кешір бізді, қара шал, мұхитыңа шым батып,

Ұлы арманның әуенін ұлы аспанда тыңдатып:

Саған қарап жыр саптау – бүгінгінің машығы,

Ал, сен болсаң –  Арымның жоқтап жүрген ғашығы!

...Шыңғыстаудан төгілген адамзаттың күні едің,

Ал мен болсам сан ғасыр көлеңкеде түнедім.

Ніл сөзіңнен нәр тамып, тақыр желек бүркенді,

Құбыладай қасиетке айналдырды жұрт енді.

Діл-дінім мен тіл десе сен оралдың санаға,

Қанша өзен суалды, қанша бел тұр арада?

Соның бәрін көктеп кеп, саған қарай еміндім, –

Еміндім де есіл шақ естен тана егілдім.

Бірақ, әттең, қойторы қоғам әлі тым шабан,

Оны билер сол «надан» саған қамшы жұмсаған.

содан бері өзгермеді табиғат та, аспан да,

Бәз-баяғы өзен-көл  жер-ананы жастанған.

Тек дәуірлер вагонында жаңа буын алмасып,

Келеді әлі сол буынмен сенің мұңың жалғасып.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Жетісу облысы