БІР АУЫЛДА ҚОС ҚУАНЫШ: МӘДЕНИЕТ ҮЙІ МЕН КІТАПХАНА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Уақыты: 16.09.2022
Оқылды: 2615
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алакөл ауданының рухани өмірінде елеулі жаңалық болды. Ақтүбек ауылында жалпы құны 657 млн.теңге тұратын жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Мұнда 150 орынды мәжіліс залымен қатар, 16 мыңнан астам кітап қоры бар, оқырман залы жасақталған кітапхана ашылды.

Жалпы алаңы 2 мың шаршы метр болатын екі қабатты ғимарат «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен салынған. Бірінші қабатында 150 орынды көрермен залы, қызметкер кабинеттері, асхана, медпункт, киім ілетін орын қарастырылған. Екінші қабатта би залы, оқырман залы бар кітапхана, үйірмелер жұмысына және шаруашылық қажеттіліктеріне арналған бөлмелер орналасқан.

Ғимараттың қатты отынмен жылытатын жеке қазандығы бар. Нысанның маңайы абаттандырылып, 30 жас шырша, қарағай мен емен отырғызылған. Құрылыс жұмыстарын «Алакөл-Асыл-Құрылыс» ЖШС мердігер мекемесі жүргізді.

Ақтүбек тұрғындарын қуанышымен аудан әкімі Алмас Абдинов құттықтады.

Жалпы, Ақтүбек ауылындағы тұрғындардың тең жартысы – жастар. Олардың саны 520-ны құрайды. Сондықтан жаңа нысан жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, қоғамның рухани-мәдени өміріне белсене қатысуына мүмкіндік береді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"