ЯКУТИЯДА ДОМБЫРАМЕН ӘН САЛҒАМ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ

Уақыты: 24.09.2022
Оқылды: 1589
Бөлім: РУХАНИЯТ

Біздің кезде әскерге бару зор мақтаныш болатын. Шақырту қағазын алған соң, алдымен жақын ағайындардың үйіне барып, ата-апаларымыздың батасын алатынбыз. Былайғы уақытта ауыл баласы болып көрінгенімізбен дәл сол сәтте ел қорғайтын азаматқа айналып, ерекше құрметке бөленетінбіз.

Әскерге кететін күні арнайы дастарқан жайылып, таңға достарымызбен, аға-бауырларымызбен ән салып, олардың тілегін тыңдап, ұйықтамаған күйі аудандық әскери комиссариятқа келіп, құдды соғысқа аттанып бара жатқандай қоштасып кететін едік. Мені де қазіргі Көксу ауданынан шыққан жол – Чита қаласына бір-ақ апарды ғой. «За Байкалский военный округ» дейді, сол жерде 6 ай сержанттық оқудан өткеннен кейін, Якутияның Текси портты қаласына әкелді.

Нағыз қыс дегеніңіз сол жерде екен. Аяз ұрған кей күндері казарма мен асхананың ортасына арқан тартып қояды, содан ұстап барамыз. Себебі боран ұрғанда қайда кетіп, қайда қалғаныңды білмей, орта жолда қатып қалуың мүмкін. Міне, осындай қысты көрдік.

Аталарымыз баяғыда «итжеккенге айдалыпты» деп жатушы еді ғой, сол «ит жеккенді» көзіммен көріп келген қазақпын. 9 ай қыс, 3 ай күн төбеңде тұрады. «Белый ночь» қазақша «ақ түн» деуші еді ғой, соны да көрдім. Бала кезімізден әкеміздің аямай қара жұмысқа салғанының және өзімнің домбырадан бөлек, спортпен айналысқанымның пайдасы тиді. Ауылдан шыңдалып барғаннан шығар, аз күннің ішінде-ақ ширығып шыға келдім. Соның арқасында бір жыл өтпей рота командирі болдым. 

Қалың саха мен бурияттың, орыстың ішінде бір кәріс, бір өзбек және мен жалғыз қазақ болдық. «Өнерде шегара болмайды» деген рас сөз. Сібірде жүрсем де әншілік, күйшілік өнерімнен шет қалған жоқпын. Тұрмыстық құрал-жабдық жасайтын шеберханадағы жігіттерге өзім көрсетіп отырып, ағаштан ойғызып, бетін сапалы панерден қаптатып домбыра жасаттым. Кәдімгідей кәдеге жарады.

Түрлі мерекелік кеш ұйымдастырамыз, сол сәтте міндетті түрде қазақтың қара домбырасының үні естіледі. Бір қызығы якуттардың қасында менің қазақ екенім білінбей қалатын. Топтасып түскен суретке қарасаңыз, өңкей қазақтың жігіттері сияқты көрінетін. 

Арқамызға дәу-дәу битон арқалап, күнде кешкілік 5 шақырым жерге жүгіріп барамыз да мұз ойып әкелеміз. Өйткені ішетін су жоқ. Якуттар меңгеріп алған емес пе, ломды қиғаштап тұрып бір ұрғанда мұз кесек-кесек болып сынып түседі. Ал мен қара күшке салып бір ұрсам, мұз шыныдай шашылып кетеді. Сөйтсем оның да өз әдісі бар екен. Оны да үйреніп алдық қой. 

Міне, екі жылдық өмірім Сібірдің ақ қар, көк мұзында өтті. Одан жаман болғамыз жоқ. Ал қазіргі тәуелсіз еліміздегі әскер өміріне көңілім аса толмайды. Ең бірінші біздің қорғаныс саласына үлкен реформа керек. Ұлттық идеологияға басымдық берілуі тиіс. Жоғарыда айттым ғой, біз әскерге кетерде қандай құрметке бөленетін едік. Солдат болу зор мәртебе еді.

Қазір ше? Әлеуметтік желіден көріп отырмыз ғой, ашығын айтқанда көше-көшеден қуалап жүріп әкетіп жатыр. Бұлай болмайды. Отан қорғаудың орасан зор мақтаныш екенін жасына қарай тіпті, балабақшадан құлағына құю керек деп ойлаймын. Мектептің жоғары сыныбына барғанда ұл балаларымыз сымдай тартылып, сапқа тұруға дайын болуы керек қой.

Қазіргі жастар ұсақталып бара жатқандай. Оларды бала кезінен қара жұмысқа тәрбиелеу керек. Біздің кезімізде қандай еді? Мектептің алдындағы қарды да күрейтінбіз, арба сүйреп жүріп темір тасып өткізетінбіз, көше көшені қоқыстан тазалап, одан қалса үйдің барлық жұмысын өзіміз істейтінбіз. Қалалы жердегі балаларға тіпті жаным ашиды. Ең ауыр көтеретін заттары сөмкелері шығар, қолынан телефоны түспейді. Қазіргі таңда патриоттық сабақтарды көптеп өткізсе жақсы еді.

Әскердегі әлімжеттілік бәріміздің басымыздан өтті. Ер-азамат оған шыдауы керек. Бірақ солай екен деп, өз-өзіне қол жұмсайтын жағдайға жеткізбеген жөн. Ол үшін әскерде де Отан қорғау үшін ең алдымен бір-біріне деген бауырмалдық қажеттігін, олардың басты мақсаты – елі ішін даудан, сыртын жаудан қорғау екенін түсіндірсе. Қорғаныс министрлігі жастардың әскерге келіп, кетуіне ғана есеп бермей, осы салада болып жатқан олқылықтарды дұрыс жолға қоя білсе бәрі оң шешімін табар еді.

«Өзіңе-өзің берік бол, көршіңді ұры тұтпа» дейді. Қазіргідей іргедегі көршілеріміздің толқып тұрған сәтінде біздің етек-жеңімізді жиып, айналамызға саналы көзбен қарап, сапалы әскер қалыптастыруды басты ұстанымға айналдыру керек деп ойлаймын!

Бақберген АСҚАРБЕКОВ,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері