ӨНЕР - ҰЛТТЫҢ ЖАНЫ. ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ МАУСЫМЫ АШЫЛДЫ

Уақыты: 26.09.2022
Оқылды: 1540
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кез келген ел өнерімен, мәдениетімен танылып, бағаланатыны анық. Осыған орай ұлттық мәдениетімізді ұлықтау мақсатында «Жастар» саябағында Жетісу облысының Мәдениет маусымының ашылу салтанаты өтті.

Мерекелік концертті Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли тамашалады. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары:

– Ұлттық мәдениетімізді насихаттау барысында өнер күндеріне арналған шаралар өтуде. «Өнер – ұлттың жаны» дейді дана халқымыз. Баға жетпес өнерімізді насихаттап жүрген жандарға алғыс білдіремін, – дей келе өнерпаздарға шығармашылық табыс тіледі.

Мерекелік концертке Өмірқұл Айниязов сынды танымал әншілер, М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі, «Талдықорған әуендері» ансамблінің өнерпаздары қатысты.

Салтанатты шарада қос ішек­тен күй төгіп, қоңыр дауыспен дәстүрлі ән шырқап, үкілі тақия мен бүрмелі көйлегін киген өнерпаздар киелі сахна төрінің шырайын кіргізді.

Күмбірлеген күйден, жергілікті ақындардың жыр-өлеңдерінен шашу шашқан жандар жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ