Тәуелсіздікке тілекші тұлға

Уақыты: 19.10.2017
Оқылды: 1248
Бөлім: РУХАНИЯТ

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш жұртының айтулы тұлғасы Бәйкен Әшімовтің 100 жылдығына арналған мерейтойлық кеш өтті. Салтанатты шараға Алматы қаласының зиялы қауымы, мәдениет және әдебиет қайраткерлері, ардагердің көзін көрген замандастары қатысты. 
Алғаш сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қайраткердің өмір жолына, елге сіңірген еселі еңбектеріне жан-жақты тоқталды. Бәйкен Әшімов 1917 жылы 10 тамызда бұрынғы Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Айыртау болысы, Шабанбай би ауылында дүниеге келді. Қарапайым қазақ отбасында өсті. Бәйкен Әшімұлы жөргегінде жатып-ақ тағдырдың сынағына жолықты. Әкесі Әшім дүниеден озды. 
Тумысында зерек болған дала перзенті жанына сабыр мен қайратты серік етті. Сондықтан да құрбы-құрдастарынан озып, өзіне тән ерекшеліктерімен дараланды. Еңбекке құлшынысы, оқу-білімге ұмтылысы – соның дәлелі. Қызылжардағы ауылшаруашылық техникумын бітірді. Білікті маман атанды. Жігерлі жас мұнымен шектеліп қалған жоқ. Білім қуып Ленинградқа барды. Сынақтардан сүрінбей өтеді. Нәтижесінде, зоология және фитопология институтына оқуға түсіп, ғалым-агроном мамандығы бойынша бітіріп шығады. Кейінірек Мәскеудегі жоғарғы партия мектебін де ойдағыдай тамамдайды.
Бәйкен Әшімұлы өмірдің ыстық-суығында шыңдалады. 1942-1945 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысады. Әскери антын адалынан атқарады. Осындай жауапкершіліктің арқауын Айыртау, Зеренді аудандарында және Көкшетау облыстық партия комитетінде басшылық қызметте болған кезеңдерде одан әрі ширатты. Қарағанды, Талдықорған облыстарын абыроймен басқарды. Аймақтардың нығая түсуіне ықпал етті.
Қайраткердің кемелденіп өскені Мәскеудің де, Алматының да назарынан тыс қалған жоқ. Сондықтан оған Қазақ ССР Үкіметінің тізгінін сеніп тапсырды. Республика Министрлері кеңесінің төрағасы болды. Жоғарғы кеңес төралқасының Төрағалығына сайланды. Ең бастысы, қолынан келген мүмкіндіктердің бәрін ұлт болашағына арнады.
Бәйкен Әшімұлы – ел тәуелсіздігін қуана қарсы алған абыз қариялардың бірі. Тоқсаннан асқан шағына қарамастан елдік шаралардың басы-қасында жүрді. Өтпелі кезеңнің қиындықтарын қайыспай көтерген қайраткер інілеріне сүйінді. Соларға тілекші болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап: «Ел аман болсын, ел бағына туған ер аман болсын!» – деп ақ бата бергені қазақ жұртының әлі есінде.
– Қазіргі таңда Алматының орталық көшелерінің бірі қайраткердің есімімен аталады. Өйткені, Бәйкен Әшімұлы өз кезеңінің лайықты тұлғасы. Ол кісінің ғибратты ғұмыры жас ұрпақ үшін өнеге мен тәлім болмақ, – деді Бауыржан Нұрғалиұлы.
Мерейтойлық кешке кезінде қайраткер атамыз өзі басқарған облыстардан арнайы делегация келді. Олардың арасында облыс әкімі Амандық Баталов та бар.
Бәйкен Әшімұлы – Социалистік Еңбек Ері. Төрт рет Ленин екі мәрте  Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Соғыс кезінде төсіне Қызыл Жұлдыз орденін қадаған. Еншілеген халықаралық марапаттары өзінше бір төбе. Мұның бәрі еңбекпен, ерлікпен келген абырой.
Салтанатты кеште ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің құттықтау хатын оқыды. Кешті жүргізушілер ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықовадан және ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан мерейтойға арналған құттықтаулар келгенін хабарлады.
Кезінде Алматы облысын басқарған ардагер Кеңес Аухадиев қайраткермен бірге жүрген күндердің жарқын сәт-      терін есіне алды.
– Бәйкен ағамен бірге жүріп, ұстаздық тәлімін алған күндерім көп болды. Ол кісі адамдарды жылы қабылдайтын. Сөзіңді зейін қойып тыңдайтын. Қандай шешім қабылдаса да оның халыққа, қазаққа тигізетін пайдасын ерекше ескеретін, – деді Кеңес Мұстаханұлы.
Салтанатты кеш  Қазақстан өнер жұлдыздарының концертіне ұласты. Концертте Бәйкен Әшімұлы сүйіп тыңдайтын әндер орындалды.

Болат МӘЖИТ.
Алматы қаласы.