АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖЫЛДЫҢ ЕҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМІ ТЕМІР ТҰЛПАР МІНДІ

Уақыты: 30.09.2022
Оқылды: 1908
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деп ақын Мағжан Жұмабаев айтпақшы, адамзаттың тәрбиешісі мұғалімге қандай сый-құрмет, марапат көрсетсек те артық емес.

Соның бір дәлелі – Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде өткен Мұғалімдер күні мерекесі. Алматы облысының педагог қауымы бас қосқан «Ұстаз – мектеп жүрегі» атты салтанатты шара ұлағатты жандар құрметіне ұйымдастырылды.

Ізгілік иелерін мерекемен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев құттықтады.

– Адамзат дамуының шамшырағы, ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы болған ұстаздар қашанда құрметке лайық. Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – өздеріңіз! Еліміздегі білім саласындағы реформалардың нәтижесінде бүгінде ұстаздық қызмет – еліміздегі ең абыройлы, мәртебесі биік, жоғары сұранысқа ие мамандық. Қазірде Ұлттық бірыңғай тестілеуден кемінде 75 балл жинаған ең білімді түлектер ғана педагогикалық мамандыққа оқуға түсе алады және ең жоғарғы стипендияны иеленеді. Ұстаздықты таңдаған «Алтын белгі» иегерлерінің саны артып, педагогикалық бағыттар бойынша оқуға түскендердің орташа балы 90-нан асып отыр.

Соңғы 3 жылда педагогтер жалақысы 75 пайызға көтеріліп, келер жылдың қаңтарында тағы 25 пайызға артады. Бесінші жыл қатарынан жаңа форматта біліктілік деңгейін растаған педагогтердің жалақысы 30-50  пайызға артып, қазіргі кезде облысымыздағы 31 193 ұстаздың 9331-і модератор, сарапшы, зерттеуші, шебер санатында. Магистр-педагогтерге  10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қосымша ақы төленеді.

Педагогтердің білімін арттыру мен біліктілігін көтеру шаралары мемлекет есебінен жүргізіледі. Балаларын балабақшаға орналастыру кезінде де  жеңілдіктер қарастырылған. 2021-2022 оқу жылында облыс мектептеріне 1135 жас маман жұмысқа орналасса, оның 133-і «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға пайызсыз несие алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, биылғы жылы кадр тапшылығы бар өңірлерге үздік мұғалімдерді тарту арнайы бағдарламасымен 25 педагог облыс мектептеріне қабылданды. Сіздердің еңбектеріңіз шәкірттеріңіздің жеткен жетістіктерімен бағаланады. Ұрпақ тәрбиелеу жолындағы еңбектеріңізге шын пейілмен алғыс айтамын, – деді Алматы облысының әкімі.

Бұдан соң бірқатар ұстазды Оқу-ағарту министрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хатымен марапаттады. Ал «Жылдың үздік мұғалімі» атанған Іле ауданы №40 орта мектептің физика пәні мұғалімі Балауса Саримоваға автокөлік кілті табыс етілді.

Ардагер ұстаздар атынан сөз алған «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, білім саласының майталманы Тоққожа Естенов мұғалімдердің қоғамдағы орны, атқарар зор қызметін атап өтіп, мемлекет тарапынан берілетін атақтарға ұстаздардың көп жағдайда ілінбей қалатынын айтып, алдағы уақытта осы жайтқа мән берілсе деген ұсынысын жеткізді.

Ұстаздардың көңілін көкке көтерген, еңбектерінің жемісін сездірген шара «Алатау әуендері» концерттік ұйымының, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің, «Жерұйық» тобы әншілерінің, Мирас пен Құралай Бекжановтардың тарту еткен ән-би шашуларымен жалғасын тапты.

Алма ЕСЕНБАЙ

Қонаев қаласы,

Алматы облысы