ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ҰСТАЗДАРДЫ МАРАПАТТАП, СЫЙ-СИЯПАТ ТАПСЫРДЫ

Уақыты: 30.09.2022
Оқылды: 1694
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара өтті. Залға «Ардагер –ұстаздар аллеясы» атты суреттер көрмесі қойылды. Мерекеге орай ұйымдастырылған жиынға келген ұстаздарға Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінің этно-фольклорық ансамблі күйден шашу шашты. Сахнада ұстаздарға арналып, «Білім әлеміне жол» әдеби-театрландырылған композиция ұсынылды. Бейнекөрсетілімде өз уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған ұстаздар қауымының еңбегі шынайы бейнеленді. Қойылымды тамашалап отырған біраз ұстаздың елжіреп, жанарына жас алғанына куә болдық.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бейбіт Исабаев ұстаздарды мерейлі мерекемен құттықтады.

– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға береке-бірлік тілеймін. Мұғалім білім бере отырып, балалардың ғана емес, бүкіл қоғамның болашағын қалыптастырады. Ұрпақ тәрбиесі – өте жауапты іс. Оларды білімге, ізгілікке, еңбексүйгіштікке баулу, бойына елжандылықты сіңіру – үлкен ерік-жігерді қажет етеді. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз, елдің дамуына қосып отырған үлестеріңіз зор, – деді Бейбіт Өксікбайұлы.

Өз сөзінде ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында білім саласына жете көңіл бөлгенін тағы бір қайталап еске салды. Президенттің: «Білім беру жүйесіне жігерлі әрі білікті мамандар қажет. Мұғалімдер қазіргідей  5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өтуі керек. Өйткені, олар шәкіртінің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушы болуға тиіс», – деген сөзін мысалға келтірді.

Мемлекет басшысы дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету, оларды дайындаған ұстаздарды моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандыру жөнінде айтқаны белгілі.  Бұл да ұстаздар қауымын қолдаудың бір парасы екені сөзсіз.

Ұрпақты  ізгі тәрбиемен өсіргенде ғана еліміздің болашағы жарқын, келешегі кемел болмақ. Мемлекет оған қажетті барлық жағдайларды жасап келеді. Жыл сайын білім мекемелерін салуға қомақты қаржы бөлінеді. Бұл орайда, біздің облыста да айтулы шаруалар атқарылуда. Мәселен, биыл облыс бойынша 17 білім беру нысанында құрылыс, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Жаңа оқу жылының басында 2 мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 11 мектептің құрылысы жыл соңына дейін, ал тағы 4 білім беру нысанының құрылысы 2023 жылы аяқталуы тиіс. Тағы да 9 білім нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жиында өңір басшысы «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдар аралығында Талдықорған қаласы, Алакөл, Панфилов, Көксу аудандарында 7200 балаға арналған 7 мектеп салу жоспарланғанын тілге тиек етті.

Сөзінің соңын Бейбіт Өксікбайұлы: "Халқымыздың ержүрек батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», – деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім. Келешек ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім берудегі еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық тілеймін", – деп ақжарма тілегімен аяқтады.

Салтанатты жиын барысында «Айналайын» балар үйінің анасы, облыстың Құрметті азаматы Жамал Баймадиева ұлағаттың басында тұрар ұстаздар қауымен мерекемен құттықтап, баланы бауырыңа басқан сайын бар болмысы, мүмкіншілігі ашылатынына тоқталды. Ол Абай Құнанбаевтың:

Ақырын жүріп,анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстаздық қылған жалықпас ,

Үйретуден балаға, – деген өлеңін мысалға келтірді. Бұл күні шетелде білім алып, жетістікке жеткен оқушылар ұстаздарын бейнекөрсетілім арқылы құттықтады.

Салтанатты шарада 13 ұстаз Жетісу облысы әкімінің Құрмет грамотасы, 12 ұстаз облыс әкімінің Алғыс хаты, 2 педагок-психолог «Еңбек ардагері» медалімен және бірнеше ұстаз Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Мұғалімдер күнінде  «Жетісу» ұстазы,  «Дарынды ауыл балаларына – талантты ұстаз» атты  мараптаттар да ұсынылды. Әулетімен ұстаздық жолды  таңдаған адамдар бар. Олардың өмірі көпке үлгі. Биыл сондай отбасылар арасында  «Ұстаздар әулеті» атты байқау ұйымдастырылды.

Шарада «Ұстаздықты ұлық тұтқан әулет», «Өмірін ұстаздықпен өрнектеген әулет» аталымдарының жеңімпаздары да анықталып, сый-сияпат табысталды. Алыптың да, дананың да, тәрбиесі – ұстаздан. Ендеше, құрметті мамандық иелерінің еңбегіне жеміс тілейік.

Гүлжан ТҰРСЫН

Жетісу облысы