БҮГІН - ҚАРТТАР КҮНІ. ЖАРКЕНТТЕ АРДАГЕРЛЕРДІҢ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІ АЯҚТАЛДЫ

Уақыты: 01.10.2022
Оқылды: 1526
Бөлім: РУХАНИЯТ

1 қазан - Халықаралық қарттар күні. Осыған орай Жаркент қаласындағы Мәдениет үйінде «Республикалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығы аясында «Өнерім - өмірім» атты өнер фестивалінің қорытынды концерті болып өтті.

Бұл аудандық өнер фестивалі «Республикалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Панфилов аудандық филиалының төрағасы Тоқтарбай Керімқұловтың басшылығымен және аудандағы Жаркент қаласы мен 13 ауылдық округтегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының ұйымдастыруымен әр елді мекенде өткен. Оған Панфилов аудандық Мәдениет үйінің директоры Мұрат Қатубековтің жетекшілігіндегі өнер адамдары қазылық еткен болатын. Соның нәтижесінде Талды ауылдық округінің өнерпаз ардагерлері бас жүлдеге ие болды. Ал, І, ІІ, ІІІ орындарды тиісінше Қоңырөлең ауылдық округінің, Үшарал ауылдық округінің және Жаркент қаласының өнерпаз ардагерлері иеленді. Сондай-ақ, бір топ өнерпазға ынталандыру және жекелеген номинациялар бойынша жүлделер тапсырылды. Барлығына дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Аудандағы әрбір өнерпаздар ұжымдарынан іріктелген қорытынды концертті «Республикалық ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Жетісу облыстық филиалының төрағасы Ермек Келемсейіт бастап келген өнер тарландары тамашалап, сарапқа салды. Мұнда таңдап алынған үздік нөмірлер облыстық гала-концертке қатысатындықтарын айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"