ҚОҒАМДЫҚ ОРТАДА ТЕК МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ СӨЙЛЕУ КЕРЕК - ТІЛ САРАЙЫНДАҒЫ ЖИЫН

Уақыты: 24.11.2022
Оқылды: 3154
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы қашанда рухани шаралардың ұйытқысына айналып, ана тіліміздің тұғыры мен ғұмырын баянды ету бағытында игілікті бастамаларға бастамашы болып келеді. Күні кеше ғана «Тіл үйретудің заманауи әдіс-тәсілдері» атты аймақтық семинар өткізіп, алыс-жақын облыстардан келген ғалымдармен өзара сабақтастық орнатты.

Түркі тілдері арасында ең бай әрі шұрайлысы саналатын қазақтың сөз маржаны туралы, оның тілдік қасиеті мен қуаты,  ерекшелігі туралы толғанған жиынды аталмыш оқу-әдістемелік орталықтың басшысы Жеңіс Жолдыбай жүргізіп отырды. Ол алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтарды тыныстырып, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерін жекелей айшықтап өтті.

Өз кезегінде алғашқы болып сөз алған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Ермек Ақшабаев игілікті істер мен тың жобалар тұрғысында, ана тіліміздің асқақ болуы тақырыбында толымды баяндама жасап өтті.

ҚР мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламасы аясында тіл оқытудың базалық әдіснамасының негіздері мен әлемдік тәжірибелерді басшылыққа ала отырып оқытудың инновациялық тәсілдері мен білім беру әдістемелерін  жетілдіру мақсатында ұйымдастырылған семинарда Қарағанды облысы тілдерді оқыту орталығының басшысы Алмагүл Игенова баяндама жасады.

Бүгінгі таңда әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді терең меңгеруге тиіс екенін айтқан Алмагүл Ақмашқызы бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады. Сонымен қатар, тілдік деңгейі төмен азаматтарға арнайы әдістемелік кітап құрастырғандарын айтып, түсіндіріп өтті. Бұл бағытта атқарылған жұмыс нәтижесінде заң саласындағы көп кедергілер алынып тасталып, ресми құжаттар мен заң шешімдері іс жүзінде мемлекеттік тілге негізделіп отырғанын жеткізді.

«Қазақ тілі – түркі елдерінің ішінде түп-тамырын сақтаған ең таза тіл» деген ойды жеткізген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының директоры Анар Фазылжан ғылыми тұрғыда ана тіліміздің қадір-қасиетін тереңнен қозғады.

Ол заман ағымына сай түрленіп, дами бастаған қазақ тілі туралы тебірене термелей келе кемшіліктерді де атап өтті. Мәселен, көпшілік ірімшік деп қолданатын сөздің орысша баламасы жоқ екенін, орыстың «творогы» қазақша сүзбе екенін жеткізді. Сол секілді, «қайырлы таң», «қайырлы кеш» деп қолданып жүрген сөздердің түбірімен қате екенін айтқан ғалым, «Кеш жарық, «Таң жарық болсын» деген сөздер қазақы ұғымға жақын екенін айшықтап, «Сұрақтарыңыз бар ма?», «Сұрақ қойыңыз» деген сөздің де қате екенін көрсетіп берді. Қазақ тілінің заңдылығына байланысты сөйлем түрлерінің бірі «сұраулы сөйлем» болғандықтан «сұрауыңыз бар ма», «сұрай қойыңыз» деген сөздерді айту керектігін атап өтті. Сонымен қатар, көпшілік елеп-ескере бермейтін сан мысалмен сөзін көркемдеген Анар Мұратқызы өз кезегінде тіліміздің қадір-қасиетін арттыру үшін әрбір адам ана тілге деген талапты күшейтіп, қоғамдық ортада тек мемлекеттік тілде диалог құру керектігін айшықтады.

Ғалымдардың тілдік оқыту әдістемесі мен білім беру бағытында жасалған толымды баяндамаларынан кейін сөз алған І. Жансүгіров атындағы  Жетісу университетінің ұстаздары Шара Әсетқызы, Сайлау Қожақұл, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін, ақын Гүлбақыт Қасенова сынды қонақтар ұлт күретамыры саналған тіл туралы толғамдарын жеткізді.

Семинардан кейін «Келбет» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сонымен қатар, «Сауда үйінде. Сізге қандай көмегіміз қажет?», «Сәлем – сөздің атасы», «Сөмкеңізде не бар?», «Отбасы. Менің жақын адамдарым», «Ересектерге мемлекеттік тілді оқытуда айтылым дағдысын жетілдірудің тиімді тәсілдері» сынды ашық сабақтары өтті. Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстық тіл оқыту орталықтарынан келген мамандар облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы