ДІНМҰХАМЕД ҚОНАЕВ ҚАПШАҒАЙДЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАН - ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР

Уақыты: 26.11.2022
Оқылды: 1701
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазіргі кезде Қонаев аталып, Алматы облысының орталығы мәртебесін иеленген Қапшағай осы кезге дейін халқымызға жасанды су қоймасы мен соның  жағасындағы жас қала ретінде ғана белгілі еді. Негізі су қоймасы пайда болғанға дейін бұл аймақта әскерилер тұратын шағын ғана Николаевка елді мекені болған деген деректер бар. Ал су қоймасының арғы бетінде Алматыға тіке барар теміржол стансысы орналасқан делінеді.

Елімізді басқарған кезінде Д.Қонаев геодезия, геология саласының білікті маманы ретінде сол аумақтың бедерін (рельефін) зерттеп, болашақ су қоймасы орналасатын аумақты бірнеше мәрте аралап, зерделеп барып тәуекелге бел буған. Сөйтіп, Іле өзенін бөгеу арқылы қазіргі Қапшағай теңізі аумағына су толтыру туралы шешім қабылдайды. Ол үшін жоғарыда аталған стансыны жауып, Алматыға кіретін пойыздарды айналма тармақпен жүргізе бастайды. Кезінде бұған қарсы шыққандар да болған.

Осылайша, Қапшағай суға толып, жасанды теңіз атанды. Димекең өз қолымен аймақтың табиғи құрылымына өзгеріс енгізді, құмды өңірде жарқыраған айдын көл пайда болды. Бүгінде Қапшағай Алматы облысының ғана емес, халықаралық маңызы бар туристік орталыққа айналды. Алматылықтар мен қала қонақтарының жиі баратын демалыс орындары да осында.

Алматы Жоғары партия мектебінде оқып жүргенде біздің топ сол жерге арнайы барды. Болашақ теңіз түбін көзімізбен көрдік. Түскен фотосуреттеріміз де бар. Сол кездің өзінде сапарымыздың тарихи танымдық жайт ретінде бағаланатындығын байыптағандаймыз.

Студенттік жылдарымда Қапшағайдағы әскери бөлімде інім Жолдасқали келісімшартпен майор шенінде клуб бастығы болып еңбек етті, отбасымен сонда тұрды. Кейін елге оралғасын бар өмірін әскери салаға арнады. Олар Алматыға маған келетін, демалыс күндері мен Қапшағайға баратынмын.

Димаш Ахметұлы 1994 жылы шығарған «От Сталина до Горбачева» дейтін кітабында (254 бет): «Балқашқа қатысты қолданылған шаралардың дұрыстығына күмән келтіруге болмайды. Қапшағай су қоймасы 13-13,5 миллиард текшеметр көлемінде сақталуға тиісті. Балқашқа жоғалып кету қаупі төнбейді. Тек кейінгі бір жарым жылда су деңгейі бір метрден астамға көтерілді», - деп көрсетіп, су қоймасының салынуы Балқаш көлінің болашағына ешқандай кері әсер етпегенін жазады.

Ал оралдық әріптесіміз Н.Ізтелеуов: «Дінмұхамед Қонаев ел есінде» деген кітабында (2012 ж): «Бұл істе бір жерден қате кетсе, кейін бір қауіптің болатынын әулие Димекең білді. Сондықтан Іленің Балқаш ауданы өңіріндегі Тасмұрын жаққа су келтіруге қарсы болды. Себебі теңіз Тасмұрынға тірелсе, Бақанас өңірі су астында қалатындығын болжады. Сөйтіп Қонаев ақыл-оймен, ерен еңбек, ерлік, тәуекелдің арқасында сайын далада тасқынды теңіз, айдынды көл жасап, онда аққу мен ақ шағала қондырды. Димекеңнің көрегендік, кемеңгерлік және таңғажайып ісі мен қасиеті қашанда қайран қалдыра береді», - деген пікірді келтіреді.

Осы автордың «Көкте аспан, төменде қара жер тұрғанда, Қапшағай мәңгі жасайды. Ол қазір 18 мың ғаламның көзге көрінбейтін бір бөлшегіне айналып кетті. Теңізде су иесі Сүлейменнің рухы лаулайды. Қалада аспан шырақтарындай жұлдыз жанып, сәуле шашады. Теңіз жағалауы мен жартастар қысы-жазы көз арбап, өзіне баурап ынтықтырады» деген Қапшағайдың болашағын пайымдаған пікірін оқып, Нұрлан ініміздің де әулиелігі бар ма деп қаласың!

Әлем картасында Дінмұхамед Қонаев ағамыздың жеке бастамашылығымен, басшылығымен жасалған шалқар теңізді көріп ақын, қайраткер Жұбан Молдағалиев:

«Көкорай боп көде жатыр,
Теңіз төсін кере жатыр.
Кешегі біз мал баққан жерде,
Кеме жүзіп келе жатыр»,
– деп жырлаған екен.

Сонымен, Қапшағай теңізінің дүниеге келуінің, соған орай қаланың пайда болуының, оның бүгін Алматы облысының орталығы атануының түпкі негізінде қадірлі Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың көрегендігі жатқанын ешкім жоққа шығара алмас! Президенттің халыққа «Қапшағайға Д.Қонаевтың атын берсек қалай болады?» деген ұсынысы да жүзеге асты. Болашақта бүгінгі Қонаев қаласының мәртебесі асып, мерейі үстем бола берері анық.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

Атырау облысының Құрметті азаматы