НАЗАРБАЕВ МЕКТЕБІНІҢ ҮЙІРМЕ ЖЕТЕКШІСІ БІР МИЛЛИОН ТЕҢГЕ ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 29.11.2022
Оқылды: 1542
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алмас Жексенбаев - Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі домбыра үйірмесінің жетекшісі. Ол Астана қаласында өткен республикалық "Жеті қазына" жобасына қатысып 3-орынды иеленді.

Алмас «Жерұйық» тобы құрамында көрермендерге халық әндерінен попурри орындады. Олар қазақтың дәстүрлі ән өнері өкілдерінің танымал әндерін бес дауыста қосыла шырқап, көпшілікті саф өнердің тұнығымен сусындатты.

- Атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнерімізді, ән, жыр-термелерді, күйлерді, ұлттық құндылықтарымызды одан әрі дамытып, қазіргі заман талабына сәйкес жаңашаландырып келеміз. Басты мақсат – дәстүрімізді өскелең ұрпаққа насихаттау, - дейді жас әнші, домбырашы Алмас Жексенбаев.

Зияткерлік мектебінің домбыра үйірмесінің жетекшісі өзінің жетістігімен оқушыларға қазақ халқының дәстүрін насихаттап, отансүйгіштікке тәрбиелеуде.

Бүгінгі таңда Алмас Жексенбаев халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, бірнеше рет бас жүлдегер атанған. Оның ішінде республикалық "Бозторғай", "Жасұлан", "Жас қанат", " Жырлайды жүрек" байқаулары, Санк-Петербургте өткен "Military songs" халықаралық фестивалінде 1 орын алғаны бар.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"