МӘДЕНИ ШАРАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРАТЫН МЕКЕМЕЛЕР ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТТЫ

Уақыты: 07.12.2022
Оқылды: 1703
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгін Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде бірқатар мемлекеттік мекеме өкілдері бас қосты.

Атап айтсақ, өңірдің мәдени-тарихи дамуында, туризмнің өркендеуінде өзіндік орны бар «Есік» мемлекеттік тарихи-музей қорығы», Алматы қаласының «Мемлекеттік қуыршақ театры», Алматы облыстық «Қоғамдық келісім», Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы, Алматы облысының жастар рестурстық орталығы, Алматы облысының туристік ақпараттық орталығы мен «Алматы облысының музейлер бірлестігі» мемлекеттік қазыналық кәсіпорны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

- Меморандумға сәйкес аталаған мекемелер өскелең ұрпаққа эстетикалық тәлім-тәрбие беретін, отансүйгіштікке баулитын бағдарламаларды жүзеге асырады. Сонымен қатар, көрмелер, мәдени-ағарату іс-шаралары мен экскурсиялар ұйымдастырып, көрнекті тұлғалардың өмір жолы, қоғамдық қызметі мен ізденістерін жан-жақты насихаттау барысында бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады, – дейді Алматы облысының музейлер бірлестігі директорының орынбасары Әлия Қайратқызы. 

Олай болса, алдағы жылдан бастап меморандум аясында Алматы облысының мәдениет басқармасына қарасты Алматы облысының музейлер бірлестігі мен жоғарыда аталып өткен мекемелер өзара ынтымақтастықты нығайта отырып, ұрпақ тәрбиесін жандандыру жолындағы жарқын істерді жүзеге асыратын болады.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы