ЖАЛҒЫЗДЫҢ ЖАСЫ (ӘҢГІМЕ)

Уақыты: 22.01.2023
Оқылды: 1301
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қарсы алдындағы жас келіншектің жылы жамалынан жүрек тояттардай. Ажар мен ақыл түйісе келе адамды асылдандырып жібере ме, апта басында қызметке тұрған үрімдей келіншекке іштарта қарайтын. Келгеннен қағазға көміліп жатқан бөлімнің жұмысын үйіріп-ақ кеткенде тіптен сүйсінген.

Жұма күнгі жұмыс тосын тапсырмалармен басталды. Түс ауа жаны тыныш тауып, өзінің әдепкі машығына кіріскен Сейтен көне дастандар басылған кітапқа құмыға бас қойды. Әдетте иығынан жұлқи тартқан әріптестеріне бағжия қарап, кітап кеңістігіне шығандап кеткен қиялын қайырымға келтіре алмай дел-сал күй кешуші еді, бұл жолы олай емес. Өзінен бір мүшел кіші келіншектің қаздиған денесін одан әрі сұңғақ етіп көрсеткен биік өкшелі топылайдың тықылына елегзи берді. Ойын бөлмеге бір кіріп-бір шығып жүрген Дарияның беймаза әрекеті бөле берген. Одағай ой кешкеннен жөн сұрағаным дұрыс деді ме:

– Тыныштық па, қарындас? – деген момақан кейіпке еніп.

Сейтеннің сұрауына қысылған жас келіншек мардымды жауап бере алмады. Жақсы танып үлгермеген жанға сыр шашарға ұялса да, санасын қысаған ой аз уақыт аял қылуға ғана шыдатты-ау шамасы, кермек жасын жанардан құлата отырып болған жайтты термелей жөнелген. Үш көктем отасқан күйеуі бүлініпті. «Құрсағыңа құт қонбады, енді бөлек тұрайық» деп кесіп-пішкен. Кесімді байламның соңын сұйылтып «өзіңмен оңашада жолығысып тұрармын, пұшпағыңа жан бітсе қайта қосылармыз» деген. Сүйген жардың ер секілді шарт кеспей, енесінің емеурінімен осындай сарсаңға салғанына налыған келіншек ендігі тиянақ табар тұсты, пана болар күшті іздеп әлек.

Тұнжыраған жүздің жарық жанарын тұман тұтқандай абдырап қалған Сейтен ықылымнан сөз қозғаған. Сұлудың қабағын қою мұңнан аршып алғысы келді ме, ұзын-сонар бәйтті баяндай бастады.

...Мұса пайғамдар заманында байлығымен жер-жиһанға мәшһүр патшалық болған-дүр. Билеушісі парасатты, елі ынсапты патшалықтағы тәж иесінің ішін өрттей шарпыған, өзегін шоқтай қарыған жалғыз арманы бар екен. Бір күні Мұсамен кезіккен ол:

– Уа, асыл текті пайғамбар! Құдаймен тілдесер мұғжизаға иесің, жер таянар жасқа дейін байлық пен ләззат дәмін қатар таттым. Оның бәрі бір перзенттің исі мен былдырына татымайды екен. Маңдайыма сәби сүюді жазып па, соны сұрашы? – дейді.

Жер мен көктің елшісі Тұр тауына барып Тәңірмен тілдеседі. Пендесінің арзу-арманын жеткізеді. Алайда жазмышқа өрнектелген бедердің бұзылмайтынын айтқан көк иесі, маңдайына перзент жазылмағанын, енді бұл тақырыпты қозғамауын ескертеді. Мұса ақ дидарлы патшаға құдіреті кемел иенің кесімін баяндайды.

Пұшайман патша қатты егіледі. Арада аз уақыт өткенде Мұсаға қайта жолығып, мұрагерге деген іңкәрлік пен ынтызарлық жан шыдатпайтынын айтып, тағы да қолқа салады. Осылайша үш мәрте Тұрға көтеріліп патшаның өтінішін жеткізген Мұсаға Хақ: – Маңдайына бір перзент жаздым, ғұмыры үш-ақ күндік! – депті. Жан толқынтқан сүйінші хабарды естіген патша сол күннен той жасап, жақсы мен жайсаңды сыйлап, міскін мен кембағалдарды тегіс тойдырады. Сынап уақыт сырғып ханзада дүниеге келеді. Патша одан да ұлы той өткереді. Осылайша жеті жыл думаны тарқамаған патшалықта кедей-кембағалдар дәулеттілермен теңеседі. Ал перзент тірі еді. Жолай көңілі ауып сарайға енген Мұса баланы танып, Алламен тілдеспекке Тұр тауын бетке ұстайды.

– Уа, Жаббар ие! Адам өтірік айтса күнә, тартары азап, барар жері тозақ. Әлемнің Раббысы айтқан өтірікті қалай түсінеміз? – дейді салған жерден. Сонда Жасаған ие:

– Жазмыш та адам ниетіне қарай ұлы сыйлармен түрленіп, өзгеріп отырады. Күллі ел тілеген баланың есендігін жомарт сипатқа ие Мен қалай бермеймін? Патшаның сұрап алған перзентіне ұлы қасиеттер дарытып, өмірін ұзақ қылдым, – депті.

Осы тұсқа келгенде Дария толқып кетті ме, жер таянар жасқа дейін әйел затын кінәға жықпай, жаратқаннан үмітін үзбей ақ тілеу үстінде жүрген патшаның парасатты екенін жымия жеткізді. Сол сыңарезуге сырғыған жымиыстың өзінде екіұшты ой жатқанын байқаған Сейтен, дастанның түпкі мәнісін ұғынбады деді ме, толғамын қайта жалғастырған.

...Патшаның құдайдан сұрап алған баласы – Әбділмәлік жеті жасқа келгенде білім жолына түседі. Дүние ілімін бойға жиған ұстазы 8 жыл да берерін беріп, патшаның дәргаһына келіп: «Ханзада сұңғыла һәм парасатты болуымен мендегі бар ілімді меңгерді. Енді ғалам сырын бізден терең білетін жанға табыстағаныңыз жөн» деп 15-ке толған шаһизаданы патшаға табыс етеді.

– Бұл дастанның әрбір қыр-сырын баяндап отырсақ ит арқасы қиянға сапарлағандай шалдығармыз, шаршаймыз. Сізді де мезі етіп алармын, – деген Сейтен бәйтті мазмұндауға көшкен. Сегіз жыл білім берген ұстазы өмірлік тәлімгері атанып, екеуі шаһар кезгенін, базар аралағанын айтты. Бір күні базардан былғарыға бастырылған перизаттың суретін көріп Әбділмәліктің жүрегіне шоқ түсіпті. Шаһизада шерменде күйде сол сұлуды іздейді. Ақырында мәһшүқ хәліне айла таба алмай тілден қалады. Үнсіз жүрген жалғызының дертін ойлаған патша данышпандар мен көрегендерді, ділмарларды жиып кеңес сұрайды. Сонда бір жиһангер тоғыз жолдың торабына шатыр құрып, ішіне былғары суретті іліп, келген-кеткеннен жөн сұрағанды құп көреді.

Жыл ауғанда 700 түйеге жүк артқан салтанатты керуен аял қылып, шатырдан дәм татады. Керуенбасы төрдегі суретке қарағыштап қоймаған соң, Әбділмәліктің ұстазы жөн сұрайды. Сонда керуенбасы: «Біздің елдің ханшайымы. Пері мен перизат екені айырғысыз хагшайымға талай жігіт тілек білдірді. Қолы жетпей шерменде күйге түсті. Ал ханшайымның ешқашан үйленбеймін деген серті бар», – деп баяндайды. Мәнісін сұраған ұстазға «Ханшаның жеке сарайындағы орманды өрт шалып, ағаш басындағы алақандай құс ұясымен өртеніп кетті. Мекені өртенгенде қоразы жансауғалапты. Соны көрген ханшайым отбасы үшін қайыр қылмаған, айла жасамаған ер атаулы қораз секілді болса, онда жалғыз өткенім жақсы деген байламға келеді», – дейді.

Керуанбасымен өзара келісімге келген ұстаз Әбділмәлікті қырық сарбазымен ертіп, Ирия еліне аттанады. Тоғыз айлық жол өткеріп, Ирия еліне жеткен керуен оңаша жерге дамылдайды. Сөйтіп өнердің сан түрін меңгерген шаһизаданың ұстазы сыршылықпен айналысып, аз уақытты ириялықтардың құрметіне кенеледі. Ғажайып кескіндеме, сәулет пен сурет өнерін ұштастырып сарайлар мен үйлерді сырлағанда жергілікті халық таң-тамаша күйге түсіпті. Мұны естіген ханша қырық қызын жіберіп, үйін сырлап беруді бұйырады. Белгілі мерзім жеткенде қабырға жұмысы бітеді. Суретті тамашалған ханшаның көзіне алтын тақ үстінде жағын таянып отырған ханзаданың бейнесі түсіп, сымбатты да айбынды ханзадаға іңкәрлігі оянып, суреттің сырын сұрайды.  Сонда ұстаз «Жер-жиһанға аты мәшһүр патшалықтың тақ иесі, айбынды ханзадамызды бейнелегім келді. Көзі тірі, өмірде бар адам. Дегенмен шаһизаданың өмірлік серті бар. Иелігіндегі ормандағы арынды өзен шетінде ойнап жүріп қос лағы суға кеткенде аталығы құтқармақ болып бірге ажал құшады. Елік болса басын сауғалап өз бетімен кетіпті. Осыны көзімен көрген шаһизадамыз әйел затынан опа таппаспын деген шешімге келіп, үйленбеске серт едеді деп ханзаданың өмірі жайлы сыр ақтарады.

– Өмірде бір дүниеге бола түпкілікті шешім шығаруға бола ма? – деп терең күрсінді Сейтен.

– Бұл әшейін дастан ғой.

– Дастанның өзіндік шындығы бар. Соңғы оқиғаны, туындыны Әбділмәліктің ұстазы ойдан шығарған. «Сыршыл молда» тақырыбымен берілген мың жолдан тұратын дастандағы осы бір эпизод ұнайды. Еліктің еркегі лағымен ажал құшқаны, сөйтіп шаһизаданың үйленбеске серт еткені – бәрі өтірік. Қиял жемісі! Бірақ осы арқылы ханшайымды райынан қайтарып, Әбділмәлікке қосты. Екі патшалықты құдандалы қылды.

Сейтеннің маңдайында тарғылданған үш сызық әжімге зер салған Дария маңдай сүйектің арғы жағында қандай ой жатқанын болжап болар емес. Үнсіз тыңдап, ықылым заманға сапар шекті. Қызық әрі тартымды аңыздың көңіл қытықтар туысында толқыды. Бала көтере алмаған патшаның тілеуқорлығындай тәңірден үміт үзбе дегісі келді ме, байламды шешілместей түюге болмайды дегенді айтқысы келді ме түсініксіз. Әлде сыршыл молда секілді ата-ана үзілгелі тұрған жіпті жалғап, қиюы қашқан дүниені ұштастыру керек деді ме екен? Олай істерге хайла жоқ, әке-шешеден ерте қалған жетім келіншектің желегін кім көктетер? Соны ойлаған Дарияның жанарынан жалқы жас сырғанап барып сүйкімді топылайға тырс-тырс тамған.

Арда БИ,
Жетісу облысы