"ҚАЗЫБЕК БИДІҢ 355 ЖЫЛДЫҒЫ": ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРҒАН

Уақыты: 02.02.2023
Оқылды: 2086
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қоғам және мемлекет қайраткері Қазыбек Келдібекұлы қазақ халқының XVII- XVIII ғасырда өмір сүрген үш биінің бірі. Ол 1667 жылы Сырдария өзенінің бойында туған. Биыл оның туғанына 355 жыл толады. Орта жүздің Арғын тайпасы, оның ішінде Қаракесек руынан шыққан. 
Қазақ хандығының мемлекеттік саяси жүйесін сақтаудың бірден-бір кепілі билер институты болды. Негізі әлі де болса, қаз дауысты Қазыбек бидің халықаралық дипломатиядағы қызметіне баса назар аудару керек. Нақтырақ айтсам, қазақ-орыс, қазақ-қытай және қазақ-қалмақ арасындағы қарым-қатынасқа Қазыбек би өзі тікелей қатысқан. Екі елдің арасын бейбіт дипломатиялық келісіммен жарастыру миссиясын атқарды. Халықаралық бейбітшілік келісімшарттар, яғни, халқының шаруашылығы мен тұрмысын және дәстүрін жалпы алғанда мемлекеттің барлық ішкі саяси механизмдерін құру Қазыбек би секілді билердің қызметі арқылы қалыптасты.
Төле мен Қазыбек және Әйтеке би көл жағасында орыс елшілеріне не жауап айтамыз деп кеңеседі. Сонда Әйтеке би: «Мына көлдің қазын атып алар ма еді?», – дегенде оған Қазыбек би: «Қазды атып алып қатерге тап болмайық», – деп жауап береді. Осы сөз арқылы үш би «Елшіні өлтіру керек пе, жоқ әлде тиіспей еліне қайтару керек пе?» деген сөзді тұспалдап айтып тұр. Қаз дауысты Қазыбек бидiң «Бiз қазақ деген мал баққан елмiз, бiрақ ешкiмге соқтықпай жай жатқан елмiз. Елiмiзден құт-береке қашпасын деп, жерiмiздiң шетiн жау баспасын деп найзаға үкi таққан елмiз, ешбiр дұшпан басынбаған елмiз, басымыздан сөз асырмаған елмiз. Досымызды сақтай бiлген елмiз, дәмi-тұзын ақтай бiлген елмiз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай бiлген елмiз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды.Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын ел-                                                            мiз», – деп басталатын толғауы   18 жасында емес, 78 жасында, 1743 жылы Қалдан Серен қолынан Абылайды босатуға барғанында айтылған. Бұл ондаған жылға созылған қазақ пен қалмақтың жаугершiлiгiн ауыздықтап, екi елдiң бейбiт қарым-қатынасын бастап берген кездесу болды.
Қазыбек би 1764 жылы  97 жасында Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі қыстағында дүние салды. Ұлының ұлылығын тереңнен түсінген замандастары оны киелі жер – Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерледі.«Артына жаман жұраттан жақсы сөз қалдырған артық» дегендей, қазақ қоғамында би-шешендердің орны ерекше. Олардың түйінді сөздеріне хан, сұлтандар да жығылған. Қара қылды қақ жарып, әділ билік айтқан билердің игі істері, бойындағы қасиеттері жылдар бойымен ғасырларға айналып, құнды мұра болды.
Тәуке хан тұсында «Жеті жарғыны» түзеуге атсалысты. Төле би, Әйтеке би үшеуі «Жеті жарғыны» жазып, сол арқылы ел ішіндегі әдет-ғұрып нормалары, жер-су, қоныс иеліктерінің мөлшері, жесір дауы, құн төлеу, кек алу, ұрлық-қарлыққа тыйым салу, ағайын-туыс, ру арасындағы дау-дамай, ел бірлігі, мемлекет басқару, Отан қорғау, сыртқы жаулардың шабуылдарына тойтарыс беру, ұрпақ тәрбиесі секілді мәселелердің шешілу жүйесі жаңаша белгіленді. Қаз дауысты Қазыбек бидің шешендік сөздері әлі күнге дейін мәнін жоғалтпаған.

Назгүл  ӘМІРЕЕВА,
Сарыөзек орта  мектебі  МДШО тарих пәнінің мұғалімі 
Кербұлақ ауданы