ЖЫР ӘЛЕМІНІҢ ТАРЛАНЫ

Уақыты: 02.02.2023
Оқылды: 1625
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жер жаннаты Жетісудың жері тұмса табиғатымен, айдарлы батырларымен, айбарлы ақындарымен танымал. Қазақ жұртшылығы көмейіне сөз қонған ақындары мен жырауларын аса жоғары құрметтейді. Ұлы Даланың ұлылығын сөздің  құдіретімен  сақтап, киесімен тіршілігін үзбеді, ұлттың ұлылығы сөздің сырында сақталды. Аласапыран астаң-кестең кезеңінде «Абыз ата», «Ақын ата», «Әулие ата» атанған Қабан жырау (Қабылиса) Асанұлы Алаштың туын жоғары ұстап, рухын асқақтатқан, даланың данагөйі болған танымал тұлға. 

Құймақұлақ қариялардың айтуына қарағанда, Қабан ақын қапсағай денелі, өр мінезді, өжет, айбарлы, нұрлы адам болыпты. Оның кез-кезінде ел қорғап, ерлік көрсетіп, тіпті, елінің амандығы үшін аманатқа өз еркімен кеткен кездері де болған. Есейе келіп, елшілікке жүріп, билікке араласып, халқының қамын жеген. Әділдік пен адамдықты жоғары ұстаған. Ақын ата әркімнің қайғы-қасіретіне ойлы көзбен қарап, оларға хал-қадірінше жұбаныш айта білген. Деректерге сүйенсек, Сырдың бойымен сырғып, Жетісудың Іле өзені бойын мекендеп, Қаратал өңіріне көшіп келген. Жыраудың балалық шағы мен жігіттік кезеңі Шаған тауының шатқалдарында, Лабасының өзегінде өткен. Ел арасындағы ақындардан бөлек Қабан Асанұлы туралы ғылыми-зеттеу еңбектерін арнаған ғалымдар да баршылық.  
Көнекөз қарттардың айтуына қарағанда, Қабан ақын 18 мың ғаламды, яғни, бүтіндей бүткіл жаратылысты бір жырлап кетсе, бірнеше айға дейін тоқтамайды екен. Батырлар дастанын көп біліпті. Айтысының өзі бір төбе. Халықтың батагөй қариясы, данагөй дариясы болғандығы баршаға аян. Жыраудың көріпкелдігі, болжағыштығы, 90 ауыз сөздің тобықтай түйінін айтып, алқалы топты аузына қаратқан шешендігі, қалың жаудан қаймықпай қол бастаған ерлігі, халқының қамқорлығы ешқашан елдің санасынан ұмытылмайды, ұрпақтан-ұрпаққа ұлықталады. Сол Жыраудың атымен аталған мектептің де шәкірттерінің бойына түрлі қасиет дарып, Жаңа Қазақстанға қадам басқан әрбір ұрпақ  бойына сіңіріп, дәріптеп алға қадам басу керек. 
   

  Жамиға  МӘДЕНБЕК, 
 ақын  Қабан жырау атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі 
Көксу ауданы