АҒЫНҒА ҚАРСЫ ЖҮЗГЕН АҚЫН

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 1748
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жалғанның жартысындай кең даланы мекен еткен қазақ халқы тарихтың әр кезеңінде найза ұстаған батырды, сөзден жеңілмеген шешенді, жамандық атаулыны өлеңмен өртеген ақынды дүниеге әкеліп, тағдырдың талайына салып, шыңдап отырған. Міне, солардың бірі,  сөздері құзар шыңдарда ғасырлар қашаған жартастардай,таудан құлап жатқан сарқырамадай болып көрінетін ақын – Жамау  Бұхарбай. 

Дала. Дала – тұрағым,тірегім де,
Одан қымбат асылды білемін бе?
Дала десең, кеудемнен дауыл тұрар,
Дала мұңы жатады жүрегімде.
Ақынның бүкіл шығармашылығының өн бойында үзілмей жүріп отыратын жібек желісі, алтын арқауы туған жерге деген перзенттік адал сезімі.  Махаббат пен сағыныш алауымен үнемі жалаулатып тұру Жамау ақынның болмысына тән төл қасиеті екен. Еліміздің барлық өңірін араламаса да, кең- байтақ Қазақстанды  асқақ рухты шабытпен жырлай білді.  
Адал батыр туғызған, аруана қыз, 
Маралындай Алтайдың арман – абыз, 
Итін-дағы қимаған жамандыққа,
Ары таза, ақ пиғыл ел боламыз.
Осылайша гауһардан жасалғандай асыл, маржандай таза жырымен тарихын түгендеп, дәстүрін дәуірлетті. Қазақтың бүкіл қайғы-қасіретін жүрегінен өткізіп, еңкейсе де жығылмаған ерекше қасиетін оқырманға жеткізді. Кезінде Гогольден кейбір замандастары: «Россияны осыншама неге құбыжық етіп көрсеттіңіз» деп сұрапты. Сонда ұлы жазушы ешбір ойланбастан: «Халқының болашағын ойлайтын азаматтың «шынында да біз не боп бара жатырмыз» деп, намысын оятып, жанын күйзелткім келді», – деп жауап берген екен. Жамау да әліптің артын бағып, заман ығында шуақтап отырмаған ақын. Ағынға қарсы жүзіп уақыт мінін бетке айтқан. Бір сәт те өзінің кесек мінезінен, берік ұстанымы мен азаматтық қайсарлығынан айырылмаған. Көңіліндегі қыжылды қағазға түсірмесе қолына қалам алмаған. Сондықтан да жырларында ащы шындықпен қатар халқының уайымы, мұңы басым. Ұлтының бар мұң-зарын, бақыты мен сорын, қызығы мен қасіретін сезіп, санасына сіңіріп, жүрегінде шайқап, ақылымен саралаған ақын 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінде бодандықтың қамытын шешеміз дегені үшін жазықсыз жазаланған жастарды арашалауда көп еңбек етті. Нәтижесінде биліктің қырына ілінді, сөз аңдыған, ойына өрмек құрған 37-нің ызғарын бар болмысымен сезінді.
Қылыш болып қажеті не шаппасаң,
Әділетті қорғай қалсаң, жақтасам.
Ұшынамын аярлықты көргенде,
Қысыламын көп алдында мақтасаң.
Ар алдында ақиқатпен беттесем,
Кеселі көп кей мықтыда кетті есем.
Бірде олай, бірде былай мінезім
Алақұйын боп көрінсе, сөкпе сен! – деп қандай қиыншылық болса да жеңіліс мұқата алмағанын, шегініс ұсата алмағанын айтып,  «шын перзенттік сезімнен туған тебіреністерім алақұйын болса сөкпе» дейді. Ұлттық поэзия дегеніміз – көне сөздерді, ежелгі тұрмыстық атрибуттарды жырлау емес. Ол ұлт тағдырын көрсету. Жамау ұлт тағдырын көрсете білген ақын. Шындықты шымылдықпен бүркемей, ақиқатты іздеу өзіңді-өзің шыңырауға итеріп жіберумен тең қоғамда басын бәйгеге тігіп:
Соқырланып салқын сабыр, сезім де,
Оған куә басқа ма еді, өзің бе?
Тірлік үшін туғанына қол салып,
Адам етін жеген екен кезінде;
Таба алмай, сені іздеп таусылдық.
Не бітірдің, қайда болдың-ау, шындық?! – деп шындықты іздеді. 
Кейде ақынның балалығы, кейде даналығы таңғалдырса, келесі бір сәтте ақынның болашағын болжап жан алғыш Әзірейілдің келіп қалғанын сезетіндігіне қайран қаласың.
Мейіріммен қарайтұғын мөлдіреп,
Мойыл көздің шарасында – тас тұмар.
Қайран ақын қайғы кешіп өлді деп,
Қарашыққа қалтыраған жас тұнар.
Жас тұнар да, сырлы беттен тайғанап,
Төмен қарай тарам-тарам жосылар.
Менің суып қалған тәнімді аймалап,
Тозаңданған топыраққа қосылар.

Толғанбай, Молықбай, Ілияс, Сара, Ғали, Құдаш, Тұрсынзада сияқты ақын-күйшілердің кіндік қаны тамған, сол талантты толқынның жалғасындай болып Ақсу өңірінде дүниеге келген ақын 45 жасында өмірден өтіпті. Ажалдың қарауылына таланттар бірінші ілінетін заңдылық па? Әлде, өмір шуағының арасында өлім сәулесінің қатар жүретінін Жаратушы тағы да бір ескерткені ме? 
Бөгет болмай жауған қар, нөсерің де,
Қарайламай артыма көшерімде.
Жетіп жатыр
Татитын жүз жайсаңға
Жалғыз өлең қалдырсам осы өмірде...
Шыңыраудан шыңғырған шындықтың шырақшысындай болған ақын өскелең ұрпақтың талдауына таусылмайтын бай мұра қалдырып кетті. Шашыраған шындықтардың басын қосқан жырларын тұтас оқып шыққан абзал. Сонда ғана оның философиялық ой тереңдігін, адамгершілік парасатын,  ақындық асқақ болмысын, мұң шағып, сыр меңзеген, түпсіз тұспалын түсінесіз. Төрткүл дүниенің ғұламалары түгелдей жиналып ақылын иіп, санасын сауса да ажалға қарсы тұрар амал таппайтыны анық. Өмірге келу, өмірден өту Жаратушының ғұзырында. 
Естуші едім самалды жыр сарынын, 
Қайран Ақсу, қайда кетті қара ұлың?
«Жарқ етті де көрген түстей жоқ болды-ау»
Жанарымда жарқыраған жарығым!
Қадірлейтін, қастерлейтін мына өлке
Қатар өсті бір талант пен бір ерке...
Кім ойлаған: «мәнді өмірі үзіліп,
Мәңгі өмірі басталар, – деп тым ерте.
 Әбен Дәуренбеков досына осындай жыр арнап еді. Қалай десек те, ақынның мәңгілік өмірі жырсүйер қауымы бар жерде жалғаса береді.

 

Жұмахмет ЖАНАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі