Тезек төре мен Шоқан тағылымы

Уақыты: 26.05.2023
Оқылды: 909
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әбікен Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде ақын, жазушы, публицист, Тезек төретанушы,   Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы Азамат Ақылбековтің 60 жасқа толуына орай «Көріңдер Абылайдың Тезек ханын...» атты ғылыми-танымдық, мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Шараны өткізудегі  мақсат – Азамат Ақылбековтің қызметі мен шығармашылығын зерделей отырып, Тезек төре тұлғасына жаңаша ғылыми көзқарас қалыптастыру және Шоқан Уәлиханов туралы тың ойлармен бөлісу. Өскелең ұрпаққа патриоттық, отансүйгіштік тәрбие беру. 

Конференцияда зиялы қауым Тезек төренің қазақтың бірлігін сақтаудағы еңбегіне тоқталып, атын мәңгі есте қалдыру барысындағы ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ,  тарихшы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығын атап өту барысында атқарылуы тиіс игі шаралар жөніндегі  ой-пікірлерін айтты. 

Азамат Ақылбеков көптеген өлең-жыр, 30-дан астам дастан,  100-ден астам публицистикалық-зерттеу мақала мен 50-ге жуық әзіл-сатиралық әңгіме жазған, 9 кітаптың авторы. Сондай-ақ, 3 жинақ құрастырып,  2 кітапқа  редакторлық еткен.  Аталған шығармалардың ішінде шоқтығы биігі – «Тезек төре» кітабы. 

Ақылбековтің «Жошы ханға ие болайық», «Тезек төренің күйі», «Шоқан туралы бірер сөз», «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» тақырыбындағы мақалалары, «Абақтыдағы соңғы түн», «Хан ием бабам Абылай», «Кене хан» атты поэмалары, «Күзгі шөп», «Жағалауда», «Су перісі», «Күзгі гүлдер» атты лирикалық өлеңдері, «Бәйге», «Бәсіре», «Қуыршақ» атты балаларға арналған тақпақтары газет-журналдарда жарияланып, көптің ықыласына бөленген шығармалар. 

«Көріңдер Абылайдың Тезек ханын...» атты ғылыми-танымдық конференцияда ардагер журналист Ерғали Ахмет  баяндама жасады. Қарт қаламгер: «Тезек төре өмір сүрген кезең қазақ елі, оның ішінде Ұлы жүз жұртының тарихындағы бір жағынан Қытай, екінші жағынан Ресей, үшінші жағынан Қоқан хандығы анталап, бодан етуге ұмтылған алмағайып, қиын-қыспақты заман еді. Әсіресе, Кіші және  Орта жүз жерінде мықты қаруланған  әскері бар  Ресей басқыншыларына қарсы тұру қиындық тудырған заман.   Отарлаушылардың Жетісуға тұмсық тығып кіруінің басталуы, 1825 жылы алғаш рет олардың әскери отрядының, оның ішінде дәрігер Зибберштейн сияқты барлаушы-жансыздарының Қаратал, Көксу, Іле өзендерінен өтіп, Алатау қойнауларын аралап, Ыстықкөл маңындағы қырғыздарға дейін жетіп, жер-сулардың, өзен-өткелдердің жағдайын, оған апаратын жолдар мен асулардың мүмкіндігін, дулат, жалайыр, шапырашты, суан, албан руларының орналасу тәртібін, Әділ төре мен Сөк Абылайханов ұрпақтары, сұлтандар жайлы мәліметтерді, Қытайдың біздің елмен шегаралық аймағы барысындағы дәйектерді бастықтарына жеткізгені жайлы құжаттар табылды. Тезек төренің әртүрлі жағдайда өзіне көмек сұрап келген жалайыр, албан, суан, қарақалпақ, түрікпен, қаңлы, керей, жағалбайлы, арғын, найман руларына  Алтынемелден жер беріп,  көршілес қоныстанған кейбір рулардың арасындағы жер дауын шешіп, меже белгілегені тарихи деректерден белгілі. Ел әңгімелерінен оның өз халқының қамын ойлаған билік иесі екені көріне түседі. Ел ішінде «Жер иесі – Тезек, ел киесі – Шоқан.  Осы екеуінің аруағын риза қылмағанның ісі алға баспайды  деген тәмсіл бар», – деп сөзін аяқтады. 

Ерғали аға болашақта Тезек төреге мұражай ашылып, есімі ауданның көрнекті жеріне жазылып, ілінсе  деген ойын білдірді.   Бұдан кейін сөз алған  жазушы Әли Ысқабай:

«Елдің бірлігін ойлап, мемлекетті сақтап қалуға күш салған Тезек төредей тұлғаларды ұлықтауды кең көлемде жүргізуіміз керек. Олар арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелейміз. Шоқан мен Тезекті бөле-жара қарауға болмайды. Сондықтан Тезек төренің переселен  орыстар қиратқан кесенесін қайта қалпына келтіру қажет. Сонымен қатар, Шоқан жерленген жердегі  Көшентоған деген тоғаннан тартылған арықтар жүйесін де қайта қалпына келтіріп, туристік нысан ретінде пайдалану қажет», – деген ойымен бөлісті.  

Облыстық  тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Ермек Ақшабаев жер аттарын тарихи атауларына қайтару жайында көптеген мәселелердің қозғалып жатқандығына тоқталды. Бұл орайда  Кербұлақ ауданындағы Шанханай елді мекеніне Шоқан атын қайтару жөнінде де ұсыныс түскенін мәлімдеді.  Мәселе бүгінгі таңда  комиссияның қарауында екенін айтты.  2025 жылы Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толатынын ескерсек, ғалымға байланысты көтерілген мәселелер уақыт күттірмей қолға алынуы тиіс.

Аталмыш конференцияға  Мәскеу қаласынан арнайы келген  Ресей және Қырғызстан  Жазушылар одағының мүшесі,  ақын-аудармашы,  қоғам қайраткері Жанна Сабаева Азамат Ақылбековтің лирикалық туындыларына,  тарихи шығармашылығына талдау жасады. Және оның  түрік тілдес халықтарының тілдеріне аударылып, жарияланып жатқанын жеткізді. Осы еңбегі үшін Жанна Сабаева  Азамат Ақылбековке төсбелгі табыстады. 

Жанна Тұрдақылқызы Азамат Ақылбековтің Түркі мәдениеті мен өнерін бірлесіп дамыту жөніндегі халықаралық  ТҮРКСОЙ ұйымының белді  мүшесі ретінде атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, Азаматтың біз білмейтін тағы бір қызметінің маңызы жайлы сөз қозғады. Қырғызстанның «Билип ал» журналының редакторы  Бақтыбек Молдалиев, редакция мүшелері Манат Бөбекова,  Сымбат Рысмендеевалар кезекпен сөз алып, қазақ ақынына деген ілтипатын білдірді. Конференцияда түркі әлемі Жазушылар одағының Алматы облысы бойынша төрайымы Айжан Шайқықызы, Бауыржан Момышұлы атындағы  рухани орталықтың жетекшісі  Ерлан Нұрпейісұлы 60 жасқа толып жатқан Азамат ақынды Алғыс хат және  одақтың  төсбелгілерімен марапаттады. Жиында Қазақстан Республикасы  Ауылшаруашылығы министрлігінің аумақтық басқармасының басшысы Саят Сақмолдин мемлекеттік қызметкер Азамат Ақылбековке Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің «Агроөнеркәсіптік кешен саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті. «Аманат» партиясының Панфилов аудандық филиалының төрағасы Ерлан Оспанбаев Панфилов ауданы әкімінің құттықтауын жеткізді. 

Аталмыш конференцияда Тезек төремен жақсы қарым-қатынаста болған Қырғыз елінің атақты тұлғасы Тілекмет батырдың ұрпағы, тарихшы Мұрат Жетимишбаевтың құттықтауы бір туған ағайынның  қазаққа деген пейілін білдірді. 

«Ауылға әкім келсе босағаңа ат байланады, ақын келсе шаңырағыңа бақ байланады» деген тәлімді сөз бар. Халықаралық деңгейдегі ғалым, ақын-жазушылар келіп, елдік мәселелерді көтерген жиынға аудан атқамінерлерінің қатыспағаны ұят-ақ. Әлде оларды елдің рухани мәселесі алаңдатпай ма екен деген ойға қалдық.    

Жиында көтерілген мәселелер шешімін тапса, өз елі өз ерлерін ескеріп, кемеңгерлерін ұлықтаған жиынның халқына рухани күш берудегі түпкі мақсат-мүддесі орындалар еді.  

Гүлжан ТҰРСЫН
Суретті түсірген: Руслан ҚАДЫРОВ