«Жетісу көктемі» атты прозашылар байқауы мәресіне жетті

Уақыты: 27.05.2023
Оқылды: 1384
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен «Janr» әдеби клубы ұйымдастырған «Жетісу көктемі» республикалық прозашылар байқауы мәресіне жетті. Бұған дейін де рухани шаралардың ұйытқысына айналып келген бірлестіктің бұл додасына еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан жазушылар бақ сынасты.

Қазіргі әдеби үдеріске серпін беру, жас прозашыларды қанаттандыру, қазақ әдебиетіндегі жақсы шығармалар қатарын толықтыру мақсатында өткен проза байқауы жоғары деңгейде өрнек тапты.

Ел мәдениетіне, казақ әдебиетіне үлес қосып жүрген танымал тұлғаларымыздың шығармаларын жас ұрпаққа үлгі ету, ұғындыру, сондай-ақ, олардың патриоттық сезімдері мен азаматтық жауапкершілігін арттыруға жол ашуды көздеген байқаудың марапаттау салтанаты С. Сейфуллин атындағы облыстық кітапханада өтті.

Рухани шараны ҚР Ақпарат саласының үздігі, белгілі ақын Жұматай Оспанұлы тізгіндеп, ұлт руханиятына, ел құндылығына қаламмен үлес қосып келе жатқан «Janr» әдеби клубының мүшелері атқарған жұмысты айшықтады. Өз кезегінде сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім меңгерушісі Гүлмира Қалқабаева, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, айбоз ақын Әміре Әрін, «Жетісу» телеарнасының директоры, белгілі жазушы-публицист Серік Сарыбай құтты болсын айтып, рухани байқаудың мәні мен мазмұнына тоқталып, аталмыш бірлестіктің ел көлемінде игілікті істерге бастамашы болып жүргенін, Есболат Айдабосынның тынымсыз ізденісі арқасында ерекше форматта байқаулар жалау желбіретіп келе жатқанын сөз етті.

Осыдан 2 жыл бұрын алғаш әңгіме жанры бойынша Сайын Мұратбековке арналған «Жусан исі» байқауының жалғасы ретінде ұйымдастырылған «Жетісу көктемі» биыл Кемел Тоқаевтың 100, Сәкен Иманасовтың 85, Шәкен Күмісбайұлының 80, Қайрат ӘлімбековтІң 60 жылдығына арналып отыр.

Байқау прозаның повесть жанры бойынша өтті. Оған 21 автордың шығармасы қатысты. Барлық шығарма авторы көрсетілмей реттік нөмір бойынша «Әдебиет» порталында жарияланды. Қазылар алқасына да сол тәртіппен авторының аты-жөні жазылмаған күйі жолданды.

«Жетісу көктемі» республикалық прозашылар байқауында «Қасқыр емген кейуана» шығармасы үшін

Самал Шаймерденова 1-орынды иеленіп, 800 мың теңгенің сертификатын еншіледі. Ал Жадыра Шамұратова «Мылқаудың сыбыры» шығармасы үшін 2-орын, Қанат Әбілқайыр «Алтын бала» повесті үшін 3-орын, Нұрбек Нұржанұлы «Нүкебайдың жұмбақ кітабы» туындысы үшін 3-орын иегері атанды.  

Әлихан Жақсылық «Туранде сарқырамасына келген соңғы жолаушы» шығармасы үшін Кемел Тоқаев атындағы, Зиядабек Нұрасыл «Әйкеннің балтасы» шығармасы үшін Шәкен Күмісбайұлы атындағы, Айзат Рақыш «Көз байланғанда» шығармасы үшін Сәкен Иманасов атындағы, Асхат Өмірбаев «Әблақат» шығармасы үшін «Respublica» партиясы тағайындаған Жұматай Жақыпбаев атындағы, Жанель Бура «Бұлыңғыр» шығармасы үшін Қайрат Әлімбек атындағы, Ақлима Сапарова «Мақтақыз» шығармасы үшін Заман Төлеуов атындағы арнайы жүлделердің иегері атанды. 

Марапаттау салтанатынан кейін сөз алған «Janr» әдеби клубының президенті, жазушы Есболат Айдабосын мұндай шара әлі жалғасын табатынын тілге тиек етіп, қазақ руханияты ғажайып шығармалармен толыға беруіне тілекші екенін жеткізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ