«Жетісу жұлдыздары – 2023» байқауының гала-концерті өтті

Уақыты: 04.06.2023
Оқылды: 1181
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жастар» мәдениет және демалыс саябағында облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін XХІ «Жетісу жұлдыздары – 2023» байқауының гала-концерті өтті.  Рухани байқауда жүлде салған жас өнерпаздар қала қонақтарын өнерімен сүйсінтті. 

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы халық шығармашылық орталығымен бірлесіп ұйымдастырған байқауға қатысуға 300-ге жуық өрен талап білдірген. Байқау 3 топ (кіші топ 5-8 жас,  орта топ 9-11 жас, үлкен топ 12-15 жас аралығында), 4 номинация – эстрадалық ән, дәстүрлі ән, би, жеке аспапта ойнау бойынша өткізілді. 

Аталмыш додада жүлдеге ілінген бүлдіршіндер мерекеде сахна сәніне айналып, өнерін көрсетсе, екінші жағынан, салтанатты түрде марапатталды. 

Атап айтсақ, «Этрадалық ән» аталымында (3 топ бойынша) сарқандық Айша Қажықұмар, ақсулық Нұрбек Мұхатай, қараталдық Айзере Жексенбек бас жүлдені иеленіп, 100 мың теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал «Дәстүрлі ән» аталымында қараталдық Жасмина Тәуекелова, текелілік Ерболсын Бақытжан, ақсулық Қуаныш Көбегенұлы жарыс жеңімпазы атанды. «Би» аталымында бас жүлдеге ақсулық «Назбике», күреңбелдік «Дарина», жаркенттік «Еркеназ» би ансамбльдері ие болды. Жеке аспапта ойнау бағыты бойынша кербұлақтық Айдос Әрімбек, талдықорғандық Амир Болат жарыс жеңімпазы атанды.

Мерекелік шара барысында І, ІІ, ІІІ орын алғандар мен ынталандыруға ие болғандар да марапатталды.

АРДА БИ
Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ