Қылқалам

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1483
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Әлия Әлімжанқызының қатысуымен «Туған жерге туыңды тік!» атты семинар өтті. 

Оған ауданымыздағы мүдделі мекемелер мен орта мектептердегі тарих, филология, сызу, сурет және технологиялық пән мұғалімдер, оқушылар, кәсіпқой және әуесқой суретшілер, жеке қолөнер шеберлері қатысты. Шараны Әбілхан Қастеев көркемсурет галереясының директоры Б. Әбілханов жүргізді.
Шара галереяның кіреберісіндегі бөлмеден орын алған айтыскер ақын Байырхан Әбдікәрімованың қолөнер туындысын тамашалаудан бастау  алды. Апамыздың еңбектері және  «Арқас алауы» әдебиет пен өнер бірлестігіне мүше болғаннан бері жеткен жетістіктері жайлы «Арқас алауы» әдебиет және өнер бірлестігінің төрағасы С. Керімбеков айтып берді.
Ерлер мен әйелдердің баскиімдері, ою-өрнекті түскиіздер мен сырмақтар, әшекейлі білезіктер, сүзбелі шашбаулар, гауһардан көз орнатқан жүзіктер  көздің жауын алады. Әсіресе, көрермендерді қазақ киіз үйінің шағын макеті және ондағы үй-ішілік жиһаздары қызықтыра түсті. Адалбақан, айнақап, оюлы төсек, көрпе-жастық, бәрі де бұрынғы көшпелі қазақ жұртының өмір-бейнесін еріксіз көз алдыңа әкеледі. Көне кезде қазақ халқының тұтынған заттары және оларды қалай пайдаланғаны жайында ақын апамыз өзі түсінік беріп отырды.
Бұдан кейін галерея қызметкері Шолпан Заманбекова аудан мектептерінен келген оқушы-жастарды жерлесіміз Әбілхан аталарының салған әртүрлі тақырыптағы көркем картиналарымен кеңінен таныстырып өтті. Ал кәсіпқой суретші Мұрат Шалғынбеков болса, әртүрлі бояуларымен, қылқаламын қолына алып, қолма-қол бірнеше сурет салып, көрермендерін тәнті етті. «Арқас алауы» әдебиет және өнер бірлестігінің мүшелері кәсіпқой суретшілер Ақан Оймаутов, Мәмет Иманбайлар сурет салудың қыр-сыры туралы өз ойларын ортаға салды. Сонымен бірге оқушылар Алаш азаматтарына арнаған өлеңдерін жатқа оқыды. Сурет салудан жарысқа түскен оншақты әуесқой суретшілердің ішінен №6 мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Айдар Дінмұхамедтің «Жайлау көрінісі», Жамбыл атындағы орта мектептің        6 «ә» сынып оқушысы Илья Давыдовтың «Жайлау» және осы аталған мектептің 4 «а» сынып оқушысы Әмина Жанатханның «Күз» атты суреттері үздік деп танылып, Мақтау қағаздарымен марапатталды.
Тағылымды семинарды Панфилов аудандық Әбілхан Қастеев көркемсурет галереясының директоры Б. Әбілханов қорытындылады.  

Нұр ҚАСЫМҰЛЫ.