Бекзат өнер иесі

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1410
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жарық дүниеге келген екенсің, өмірді, тіршілікті қыран қанатындағы өнер биігіне көтерген ләзім», – депті немістің ұлы ақыны Гете. Өмір өткен күнмен өлшенбейді. Өмір өлшемі – мына беймаза дүниеде жасаған ізгілікті ісің мен артыңда қалған көрнекі ізіңмен бағаланса керек. Дана халқымызда «Көп жасап күміс болғанша, аз жасап алтын болған артық» – деген ұлағатты мақал бар. Бұл әл-Фарабидің алғашқы мүсінін жасаған, содан атағы кеңінен тарап, мүсіндеме өнерінің майталманы болған Есім Едігебаевқа арнап айтылғандай. Әттең, айтып келмейтін ажал небәрі   45 жасында арамыздан алып кетті. 

Есімнің әкесі Төлеген біздің ауылдың тумасы, заң қызметкері болған. Алакөл, Қапал аудандарында, Талдықорған қаласында сот, адвокатура және әділет саласында еңбек еткен. Анасы – Тамара еңбек ардагері. Есім тоғыз баланың ішінде мінезі өте ерекше болатын. Өте байсалды, қарапайым, бауырмашыл, алғырт, әрқашан ой үстінде жүретін. Өзі жастайынан жиі ауыратын болғандықтан ата-анасы жазғы демалыста ауылдағы туыстарының үйіне апарып тастайтын. Омыртқа немесе қабырға сүйектерінің кемістігінен бе деп ойлаймын, кеудесіне карсет (белді қысып тұратын созылмалы белдік) киіп жүретін. Ол әкесінің бауыры Адамсары Еденбаев ағаның және біздің үйде жиі болатын. Жаздай Жарлыөзек өзеніне суға түсетінбіз. Есім болса саз балшықтан ауыл балаларына әртүрлі мүсіндер жасап беретін. Ап-арық саусақтарының шеберлігіне таңғалушы едік. 
Баласының бойындағы осы ерекше дарыны мен қабілетін байқаған әкесі, сонау Мәскеу қаласындағы көркемөнер мектеп-интернатына оқуға жібереді. Бұл 1958 жылдың күзі болатын. Мәскеу қаласындағы көркемөнер мектеп- интернатында 6 жыл оқып, үздік бағамен бітіреді. Мектеп бітірерінде мүсіндеме өнерінің шебері, Кеңес одағына әйгілі мүсіншісі Михаил Федорович Батуриннің көзіне түседі. Ұлағатты ұстаз баланың бойындағы ерекше жігерлік пен дарындылықты байқап, оны Мәскеудегі Кеңес одағы суретшілер академиясына қарасты Суриков атындағы кескін, мүсін және сәулет өнері институтына оқуға түсіреді. Есім институтта оқып жүріп-ақ белгілі мүсіншілермен танысып, бос уақытын олардың шеберханаларында өткізумен болады. Аталған институтты бітіретін жылы, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің әр саладағы ғылыми еңбектері жарық көре бастайды. Ол кісі туралы Еуропа, Орта Азия және Қазақстанның ғалымдары әртүрлі ғылыми  жорамалдар жасап, Отырар қаласының тумасы екендігі жайлы жарыса жазып жатқан кез болатын. Алматының кейбір суретшілері әл-Фарабидің суретін болжамдап сала бастаған еді. Есімнің ойынан жатса да тұрса да бабамыздың бейнесі кетпей қояды. «Ер – еліне,  ел – жеріне тартады» демекші, жас өнерпаз диплом жұмысына әл-Фарабидің мүсінін жасамақшы болып, белді бекем буады. Ұстазы Батуринмен ой бөлісіп, ақылдасады. Михаил Федорович «Шәкіртім, сен қандай ауыр жүкті мойныңа алғалы тұрғаныңды білемісің. Бүкіл Орта Азия болып ғұлама ғалымға таласып жатқанда солардың ортақ ойынан шығып, тән тұлға жасауың керек. Мен сенің дарындылығыңа, қабілетіңе  сенемін», – деп келісімін береді. Есімнің есі шығып, шұғыл жұмысқа кірісіп кетеді. Денсаулығының нашарлығына қарамай күн-түнімен еңбек етуіне тура келеді. Бір күні Есімнің диплом жұмысы реттеліп, аяқталар кезде таңертеңгісін институттың шеберханасына ұстазы Батурин келіп, оның алба-жұлбасы шыққан түрін көріп «Сені жын соққан ба, бұлай жұмыс жасауға болмайды, өлесің ғой, бар демал», – деп шеберханадан қуып шыққан көрінеді. Өзі болса әлі толық аяқталмаған әл-Фарабидің Шығыс халқының стилінде жасалған ерекше мүсініне қарап, риза болып қалған екен. Диплом қорғау кезінде ерекше қызық жағдай болыпты. Мүсіннің үстіндегі ақ шымылдық ашылған сәтте, комиссия мүшелерінің назары ойланып отырған әл-Фарабидің мүсініне бірден ауады. Оның артында бір қолын көтеріп, Аллаға табынып тұрған жас баланың кішірейтілген кескіні көрінгенде барлығының естері шығып, бойларын үнсіздік жайлап тұрып қалыпты. 
Сәлден кейін қол соғып, қошеметін жеткізеді. Бұл ілтипат комиссияның Есімге берген үздік бағасы болатын. Комиссия мүшесінің бірі Есімнің жұбайына бір шоқ раушан гүлін ұсынып: «Мына азаматты көзіңнің қарашығындай сақтай біл», – деп батасын берген еді. Әл-Фарабидің осы мүсіні негізге алынып, талай суретшілер мен мүсіншілер ғұламаны содан кейін сомдай бастап еді. Институтты үздік бітірген Есім Мәскеумен жылы қоштасып, Алматыға жол тартады. Қалада бір бөлмелі пәтерді жалдап, балалары Тимур мен Алма және  жұбайы Люба төртеуі тұрды. Кейде ақшаның жоқтығы да қинайды. Институтты үздік бітірсе де, жергілікті шенеуніктерден өзінің қарапайым мінезінің арқасында қолдау таппаған кездері де болады. Әр жерде жұмыс істеуге тура келеді. Атақты мүсінші Хакімжан Наурызбаевтың шеберханасында жұмыс істеп, сол кісімен бірге Алматы және тағы басқа еліміздің қалаларына еңбек ерлері, соғыс ардагерлері, тағы басқа белгілі тұлғалардың ескерткіштерін бейнелеуге атсалысады.  «Еңбек етсең еленерсің, елге жетіп теңелерсің» демекші, ерінбей еңбек ете жүріп, ақыры көпқабатты ескі үйдің сыз тартқан жертөлесінен өзінің шеберханасын ашады. Алайда Мәскеуде жүріп, бір өкпесін алдыртқан Есімнің денсаулығы сыр бере бастайды.
Өкінішке орай, диплом жұмысында сомдаған әл-Фарабидің мүсіні елімізге жетпей қалды. Осы жайлы еліміздің өлкетанушысы Сәуле Бекқұлова 1997 жылғы 24 сәуірдегі «Ковчек» газетінде шыққан «Долг чести или мудрый дар Есима Едигебаева» деген мақаласында «Однажды он признался, что как бы ни был высок профессионализм мастеров пластики и ваяния разных стран и эпох, он отдает предпочтение духовности древних греков, античности, Микеланджело и Родену. «Надо владеть классикой, чтобы вправе рассуждать о новаторстве!» – любил повторять он. И делом доказал это. Его «аль-Фараби» не увидели ни  другие ценители подлинно высокого искусства скульптуры. Потеря для культуры, не только казахской, невосполнимая», – деген пікір білдіреді.
Есімнің Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратының алдына қойылған ескерткіші кең көлемді, маңызы зор шығарма болып табылады. Республикалық  «Кітап бейнесі» көрмесіне қойылған Желтоқсан оқиғасына арналған болашаққа қол созып тұрған жігіт пен қыздың мәнзарасы (панно) және Ғани Мұратбаевтың қола мен мыстан жасалған мүсіндері комиссия мүшелерінің бірауыздан қолдауымен жүлделі бірінші орынға ие болған еді. Комиссия төрағасы Олжас Сүлейменовтің өзі: «Есімнің болашағы алда, нағыз мүсінші екенін таныта білген дарын иесі» – деп бағалаған. Осы еңбектерінен кейін Қазақстан Суретшілер және Жазушылар одағының мүшесі Есім Едігебаев жайлы көптеген мақала жазып, естеліктерін жаңғыртып келеді. Болашақта да Есімнің есімі ел жадынан өшпейді деп сенеміз.

Бақыт ШЕҢГЕЛБАЕВ, 
Көксу ауданының Құрметті азаматы,

«Үш ұрпақ» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.