Қорқыттан жеткен қоңыр үн

Уақыты: 05.01.2018
Оқылды: 1388
Бөлім: РУХАНИЯТ

Аққан жұлдыздай қас-қағым уақыт өмір сүрген қазақтың ғалым перзенті Шоқан Уәлихановтың досы, орыс зерттеушісі Григорий Потанин «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді», – депті. Даласы ән салып, қурайы күй шертіп тұратын елдің ұлттық музыкасы әріден басталады. Оның бір тармағын Қорқыт бабамыздың қобызынан тарқатып айтуға болады.

Кешегі одақ бойынша музыка әлемінде топтық өнер көрсету саласында 5-6 орындаушылардан құрылған эстрадалық ұжымдар көптеп ашылған еді. Ал ұлттық аспаптардан құрылған шағын топ бірен-саран ғана болатын. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң көне дәуір аспаптарының да қоңыр үні да біртіндеп естіліп, сахна төрінен орын ала бастады. Сол кезде құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған ұлттық аспабымыздың бірі қылқобыз еді. Бұл күнде өзінің лайықты орнын тауып, халық аспаптар оркестрінде, ансамблдерде кеңінен қолданылуда. Қылқобыз аспабының үлкен-кіші түрлері жасалынып, белгілі бір қалыпқа түсті. Соның нәтижесінде тек қыл-қобыз аспабынан ғана құрылған ансамбльдер бой көрсете бастады. Оның көшбасында 2003 жылы Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның жанынан құрылған «Қобыз сарыны» ансамблі тұр десек, асыра айтқандығым емес. Бұл ұжымды құрып, қыруар еңбек сіңірген, ғасырлар қойнауынан келе жатқан ұлттың қоңыр үнін туған халқымен еркін қауышуына аянбай тер төккен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері Мұратбек Жүнісбеков еді. Сөйтіп, сонау Қорқыт бабамыздан бергі көне сарындар қайта тіріліп, қалың тыңдарманға, көзі қарақты көрерменге жол тартты. Құлашын кеңге сермеген ансамбль ұра, барбыт, құс сайрауық қамыс сырнай, нар қобыз сынды ұмытылып кеткен көне аспаптармен қайта толықты. Оларды көзімен көріп, дауысын құлағымен тыңдағандар ғажайып үнді саз аспаптарының әуезіне аса қызығушылық білдіріп, ризашылықтарын жеткізуде. Себебі, сан ғасырлар бұрын болған халқымыздың өмірімен бірге жасасқан ұлттық мұра белгілі себептермен үзіліп қалған еді. Арада жылдар өткенде көңіл тербеткен ғажайып әуендермен «Қобыз сарыны» ансамблі арқылы халқымыз қайта қауышып отыр. «Қобыз сарыны» республикамызда тұңғыш рет құрылған ерекше өнер ұжымы екенін атап өту ләзім. Бұл күнде ансамбль республика көлемінде өтетін мәдени шараларға белсене атсалысуда. Сонымен қатар жыл сайын Талдықорған қаласындағы мектептерде ғылыми-танымдық лекция-концерттер өткізуді дәстүрге айналдырған. Қазіргі таңда бұл ансамбльді республикамызға танымал дәулескер қобызшы, республикалық және халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты Дамир Абашев басқарады.
Тараз, Өскемен, Семей, Шымкент, Түркістан қаласы мен көптеген аудан және ауылдық жерлерде өз өнерлерін көрсетіп, халықтың зор ықыласына бөленіп жүр. «Экспо–2017» халықаралық көрмесіне, «Қазақстан Барысы–2015», «Қазақстан Барысы–2017» ұлттық спорт додасына және Қазыбек би бабамыздың 350 жылдық мерейтойына, «Мәңгілік сарын» фестиваліне арнайы шақыртумен қатысты. Сол сияқты Елбасының Астана күндері мерекелерінде де үлкен өнер көрсетіп, Елорда төрінен қазақ көгіне көне сарынды қанаттандыруда. Ансамбль репертуары да біртіндеп кеңейіп келеді. Қорқыт, Ықлас күйлерімен қатар қазіргі композиторлардың да шығармаларын ансамбльге лайықтап өңдеп, көпшілік назарына ұсынуда. Ансамбльдің тағы бір ерекшелігі – мұндағы әрбір музыкант 2-3 аспапты қоса меңгерген. Қылқобыз – орындаушыдан аса үлкен шеберлікті талап ететін, кез келген адамның икеміне көне бермейтін өте күрделі аспап. Ал бірнеше қылқобыздың басын қосып, ансамбль ретінде орындау осы өнер ұжымы арқылы тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Өзінің қайталанбас әуезімен ерекшеленетін «Қобыз сарыны» ансамблі алдағы уақытта да халқымызды ықылым заманнан бері келе жатқан көне музыкалық мұралармен сусындата берері даусыз. Сөз соңында осы бірегей өнер ұжымына шығармашылық табыс, жаңа тың туындылар, үлкен ізденістер арқылы биік шыңдарға жете беріңіздер дейміз.

Ермұрат Үсенов, 
музыка зерттеуші-композитор,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.